Абай — 175

Үздіктер республикалық байқауға жолдама алды

Республикалық «Абай оқулары» байқауының облыстық кезеңі қашықтан өткізілді. Шараны өткізуге «АқтөбеДарын» өңірлік ғылымитәжірибелік қосымша білім беру орталығы ұйытқы болды. 

Алты бағыт бойынша ұйымдастырылған сайыста аудандық, қалалық кезеңдердің жеңімпаздары атанған 53 оқушы бақ сынапты.

«Абай оқулары» алты бағыт бойынша өткізілді. Мысалы, «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» бағытына қатысқан оқушылар Абай өлеңдерін мәнерлеп оқып жарысты. «Көңілім әнді ұғады» бағыты бойынша сынға түскен балалар Абай, Шәкәрім әндерін орындады. Сондай-ақ оқушылар «Абайдың қара сөздерін» айтып та сайысты. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда», «Ұлылар әлемі», «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» бағыттары бойынша да оқушылар еңбегі бағаланды, —  дейді «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы шығармашылықты дамыту бөлімінің меңгерушісі Замира Табынбаева.

Оның айтуынша, қашықтан өткізілген байқау барысында қатысушылардың бейнематериалдары қаралып, комиссия мүшелері сынға түсушілерге қоңырау шалу және WҺаtsАрp желісінде бейнеқоңырау арқылы қосымша тапсырмалар берген.

Байқау қорытындысында үздіктер әр номинация бойынша анықталды. Нәтижесінде Әйгерім Көмекова (Мәртөк ауданы, Кеңсахара мектебі),  Ақбаян Қаниева (Мәртөк ауданы, Сарыжар мектебі),  Бауыржан Жақсылықов (М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты), Жанерке Әзімбек (Ақтөбе қаласы, №56 мектеп), Әділ Сермұхан (М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты), Зарина Исаева (Қобда ауданы, Қызылжар мектебі) І орынды иеленді.

Жеңімпаздар тамыз айында қашықтан өтетін республикалық «Абай оқулары» байқауына жолдама алды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button