БілімБасты жаңалықтар

Грантқа әркімнің-ақ бар таласы…

Талапкер-2020

Республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін 13 шілдеден бастап онлайн режимінде өтініштер қабылданып жатыр. Құжат тапсыру уақыты созылды, 25 шілдеде аяқталады. Біз Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасындағы қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Рауан Жалтырбаевамен сөйлескен едік.

Биылғы ерекшелік, еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты құжаттар онлайн режимінде қабылданып жатыр. Талапкерлерге телеграмм әлеуметтік желісі арқылы құжат тапсыру үлгісі түсіндірілуде. Сондай-ақ техникалық хатшылар ұялы байланыс арқылы да талапкерлердің сауалдарына жауап беріп жатыр. Талапкерлердің сауалдарына жауап беру үшін 20 ұялы байланыс нөмірі әлеуметтік желілер арқылы таратылды. Бізге тек өзіміздің өңірдің ғана емес, сонымен қатар еліміздің батыс аймағындағы облыстардың және Қызылорда облысының жастары да хабарласуда. Айта кету керек, үйлерінде интернет желісі немесе компьютері жоқ талапкерлер үшін университет ғимаратынан арнайы зал жабдықтап қойдық. Онда да бірнеше кеңесші жұмыс істейді. Мұнда отырып талапкер әрі кеңес алып, әрі құжатын реттеп, тапсыра алады, — дейді Рауан Жалтырбаева.

Құжат толтыруға арналған арнайы залға талапкерлер дезинфекциялық туннель арқылы кезек-кезегімен кіргізіледі екен. Арақашықтық, барлық санитарлық талаптар қатаң сақталады.

Білім және ғылым министрлігі білім беру мекемелеріне құжаттарды медициналық анықтамаларсыз қабылдауға уақытша рұқсат беру туралы бұйрық шығарды. Яғни медициналық анықтамаларды оқу жылы басталғанға дейін өткізуге рұқсат етілді.

Соған сәйкес еgov.kz порталы арқылы құжаттарды жіберу барысында медициналық анықтамаларды кейін ұсынуға мүмкіндік беретін қызмет іске қосылады. Талапкерлер медициналық анықтамаларды оқу жылы басталғанға дейін мүмкіндік болған кезде тапсыруына болады. Қалған құжаттар талапкерлердің қолдарында бар. Жастардың көпшілігі электрондық цифрлық қолтаңба, яғни электрондық кілтті қалай алуды білмейді. Оларға электрондық кілт алуды да біздің мамандар үйретіп жатыр, — дейді қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы.

Оның айтуынша, талапкерлерден қабылданған өтінім, тапсырылған құжаттардың дұрыстығы немесе жіберілген қателіктер туралы бір күннің ішінде жауап беріледі. «Мемлекеттік қызмет көрсету талабына сәйкес біз бір күннің ішінде өтінімді қарап, талапкердің құжатты дұрыс толтырғанын тексереміз. Мысалы, бейіндік пән бойынша мамандықты дұрыс таңдады ма, басқа да талаптардың сәйкестігін қараймыз. Әрине, мұның бәрі біршама уақыт алады. Дегенмен қысқа уақытта тексеріп, жастарға құжаттардың қабылданғанын немесе құжат толтырудағы қателіктерін көрсетіп, кері жібереміз. Дұрыс толтырылған құжаттарды ұлттық тестілеу орталығына жібереміз», — дейді Рауан Жалтырбаева.

Жеңілдіктер кімге тиесілі?

Университетіміздің 85 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған «Жұбанов керуені» акциясында 85 жасқа 85 грант берілді. Олардың арасында мектепті үздік бітірген түлектер де, жетім балалар да, мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Негізінде, біздің университеттің ақылы бөлімінде оқитын студенттерге де біршама жеңілдіктер беріледі. Сабақты үздік оқып, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқан жастардың оқу ақысын төлеуде белгіленген жеңілдіктер бар. Тіпті кейбір студенттеріміз бір жылдық оқу ақысынан толықтай босатылды. 100 балл жинаған «Алтын белгі» иегері конкурс қорытындысында білім грантына ие бола алмаса, ондай талапкерлер біздің университетке құжат тапсыруларына болады. Олардың 1-курстағы оқу ақысының 100 мың теңгесі шегеріледі, — дейді қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы.

Шығармашылық емтихандар

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің шығармашылық мамандықтарына түсу үшін талапкерлерге шығармашылық емтихандар 8-13 шілдеде онлайн және офлайн форматта өткізілді. Өтініштер 20 маусымнан 7 шілдеге дейін қабылданған.

Шығармашылық емтихандарды әр оқу орнының өзі ұйымдастырады. Біздің университетте 4 мамандық бойынша — «Денешынықтыру және спорт», «Музыкалық білім», «Хореография», «Визуалды өнер, көркем еңбек, графика және жобалау», «Дизайн» бойынша шығармашылық емтихан өтті. Сынаққа қатысуға жалпы 400-ге жуық талапкер өтініш берді, — дейді Р.Жалтырбаева.

ТАЛАП ЖӘНЕ ТАЛАПКЕР

Үкіметтің қаулысына сәйкес бакалавриат және магистратура бойынша білім беру гранттарын тағайындау ережесіне өзгерістер енгізілді. Соған байланысты биылдан бастап ұлттық бірыңғай тестілеу сертификаттары электронды түрде берілді. Білім беру грантын тағайындауда да электронды құжаттар берілетін болады. Грант тағайындауда басқа қандай өзгерістер бар?

Жаңа құрам

Республикалық бюджет есебінен бөлінетін гранттарды бөлу үшін арнайы комиссия құрылады. Биылғы ерекшелік, комиссияның құрамына үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) өкілдері де кіреді. Комиссия мүшелерінің саны тақ саннан болуы тиіс. Комиссия құрамында Білім және ғылым министрлігі және басқа да мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам институттары, үкіметтік емес ұйымдар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, жоғары оқу орындары қауымдастықтары, жоғары оқу орындары ректорларының кеңесінің мүшелері болады.

Мұғалім болғысы келетіндерге талап күшейтілді

«Бакалавр» дәрежесі бойынша білім беру гранттары ұлттық бірыңғай тестілеудің немесе кешенді тестілеудің нәтижесіне қарай конкурстық негізде беріледі.

Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін — 65 балл;

басқа жоғары оқу орындарына құжат тапсыру үшін — 50 балл;

педагогикалық мамандықтарға түсу үшін талап өзгерді: 60 балдан 70 балға көтерілді;

«Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» білім беру саласындағы мамандықтарға түсу үшін – 65 балл;

«Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру саласындағы мамандықтарға түсу үшін – 60 балл.

Айта кету керек, ҰБТ-да әрбір пәннен және шығармашылық емтиханда әр турда кемінде 5 балл жинау керек.

Басымдық кімге беріледі?

Конкурс кезінде грантқа үміткерлердің ұпай саны тең болса, басымдық беру шарттары қарастырылған. Олар:

  • «Алтын белгі» иелері;
  • жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының жүлдегерлері, орындаушылардың республикалық және халықаралық конкурстарының және спорттық жарыстардың (І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңімпаздары, сондай-ақ өздері таңдаған мамандықтағы олимпиаданың, конкурстың немесе сәйкес келген жағдайда, жалпы білім беретін пәндер бойынша ағымдағы жылғы Президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталған) жүлдегерлері;
  • жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар (Қазақстан Республикасының азаматтары);
  • I және II топтағы мүгедектер, жеңілдіктері мен кепілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғалар, медициналық қорытындыға сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға қарсы айғақтары жоқ бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар және үздік білімі туралы құжаттары (куәліктері, аттестаттары, дипломдары) бар тұлғалар.

Қанша грант бөлінді?

Министр бұйрығына сәйкес биыл жоғары білімі бар кадрларды даярлауға  53 864 грант бөлінді. Сондай-ақ ғылыми-педагогикалық магистратура бағытына — 12 915, бейінді магистратураға — 710 және PhD докторларына 2355 грант бөлініп отыр.

Биыл ең көп грант (14 681 грант) инженер кадрларын даярлауға  бөлінген. Оның ішінде құрылыс мамандықтары үшін — 2500 грант, электротехника және энергетика мамандықтарына — 1800, тау-кен өндірісі — 1702 грант.

Гранттар саны бойынша екінші кезекте педагогика мамандықтарына (8243 грант) басымдық беріліп отыр. Оның ішінде 789-ы «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» бағытына бөлінген. Елімізде кей пәндер мамандары тапшы. Соған байланысты болашақ шеттілдері пәнінің мұғалімдері үшін 760 грант, химия  мамандығына 740 грант, ал физика және биология мамандықтарының әрқайсысына 730 гранттан бөлініпті. Грант көбірек келесі сала — жаратылыстану, математика және статистика салалары (4088 грант). Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар үшін бөлінген мемлекеттік тапсырыс саны — 3815 грант.  Ал денсаулық сақтау саласына 2700 грант, ауылшаруашылығымызды көркейту үшін 1565 грант бөлініп отыр. Іскерлік, басқару және заңгерлік мамандықтары да мемлекеттік тапсырыстан тыс қалмапты. Аталған салаға биыл 979 грант берілген.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button