Абай — 175

Израильдік басылым Абай туралы жазды

Израильдің «Хааретц» газеті өзінің «The Marker» қосымшасында қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығына арнайы бет арнады. Газет өз оқырмандарына Қазақстанның Израильдегі Елшілігінің ықпалымен ақынның «Қарасөздері» тұңғыш рет иврит тіліне аударылғаны туралы мәлімдеді. Газет редакторы Йоэль Тсафрирге берген сұхбатында Елші Сатыбалды Бұршақов Қазақстанның экономикалық жағдайы мен сыртқы саясаты және екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы да әңгімелеп берген.

Елші газет оқырмандарын «Israir» компаниясының Алматы мен Тель-Авив арасында тікелей әуе қатынасын ашуға ниетті екенін хабардар етіп, израильдіктерді Қазақстанның Шарын каньоны, Іле Алатау табиғи қорығы, Алтынемел ұлттық паркі, Бурабай және т.б. көрікті жерлеріне саяхат жасауға шақырды.

Айта кету керек, «Хааретц» газеті жүз жыл бұрын құрылған, оның күнделікті жарыққа шығатын таралымы 70 мың данадан асады. Тәуелсіз зерттеулердің нәтижесі бойынша газет — елдегі ең ықпалды БАҚ басылымы. «Хааретц» иврит және ағылшын тілдерінде шығарылады.

Кентауда ескерткіш ашылды

Түркістан облысының Кентау қаласында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына еңселі ескерткіш орнатылды. Биіктігі 4,5 метр ескерткіш 3 метрлік тұғырға орнатылған. Жалпы биіктігі — 7,5 метр, салмағы — 3 тонна.

Ескерткіш қала орталығындағы Абай даңғылы бойында орналасқан. Ескерткіштің

авторы — мүсінші Бауыржан Жалын.

Ескерткіштің ашылу салтанатында кентаулық жас ақындар ұлы ақынға арнап өлең оқып, зиялы қауым өкілдері жылы лебіздерін жеткізді.

Павлодарда онлайн-марафон өтіп жатыр

Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай Павлодарда онлайн-марафон өтуде. Марафонға қатысушылар 40 күнде 175 шақырым жүгіріп өтуі тиіс.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонның басты шарты — қатысушылар 1 шілде мен 10 тамыз аралығында 175 шақырым жүгіруі керек.  Жарысқа кез келген адам қатыса алады. Тіпті ауылдық жерлердегі тұрғындардың да қатысуына мүмкіндік бар.

Марафон шартына сәйкес әрбір қатысушы қай жерде, бір күнде қанша шақырым жүгіргенін ұйымдастырушыларға хабарлап отырады.

Марафонды ұйымдастырушы мекеменің бірі «Ertis Runners» жүгіру клубы 10 тамыздан кейін жеңімпаздарды 3 номинация бойынша марапаттайды. Қатысушыларға құнды кітаптар сыйға тартылып, белсенділерге арнайы сыйлықтар беріледі.

Ақтөбеде ақпараттық сағат өтті

Ақтөбе қаласындағы С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Абай жолы — ғасырлық туынды» атты онлайн режимде ақпараттық сағат өткізді. Онда кітапхана қызметкері Назерке Жолдиева тікелей эфир арқылы оқырмандарға «Абай жолы» роман-эпопеясы жөнінде мағлұмат беріп, Мұхтар Әуезовтің алғашқыда бұл романды «Телғара» деп атамақ болғанын, оның 4 кітабы әр жылдары —1942, 1947, 1952, 1956 жылы жарыққа шыққанын атап өтті. Сондай-ақ «Абай жолы» роман-эпопеясына шетелдік қаламгерлер Луи Арагон, Н.Тихонов, Б.Матип, т.б. жоғары баға бергенін жеткізді.

Ақпараттық сағат аясында роман-эпопеяға қатысты оқырмандар өз сауалдарын қойып, пікірлерін жолдады.

Ырғыздықтар челленджі

Биыл елімізде «Бір ел — бір кітап» республикалық акциясы аясында оқырмандарға Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы жыл бойы оқуға ұсынылғалы белгілі. Осы орайда Ырғыз аудандық орталықтандырылған кітапханасы Абай өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясына арналған челлендж ұйымдастырды.

Челленджді кітапхана әдіскері Арайлым Нұрмаханова бастап, Шығыс Қазақстан облысы Ақсуат ауданында дүниеге келген, қазіргі таңда Ырғыз ауданында тұратын ардагер-ұстаз Сәуле Рахманқұловаға жолдады. Әрі қарай челленджді кітапхананың тұрақты оқырмандары — Қазақстанның құрметті журналисі Өтеміс Рахымжан, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бақыт Ботанова, ардагер-ұстаздар Қанымша Саниязова, Дәме Тұрмағанбетова, Кенжеғара Жұбайұлы, Бекболат Балдан, Т.Шонанұлы атындағы мектеп директоры Венера Машина, Нұра ауылдық округінің әкімі Жолаушыбай  Төлеубайұлы, Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының басшысы Мейірхан Дуанбековтер жалғастырып, бейнежазба арқылы роман мазмұнын баяндады.

Челлендж әлі де жалғасуда. Оған жасы 50-ден асқан кітапхана оқырмандары қатыса алады.

 

Әзірлеген Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button