Пікір

Жалған ақпаратқа сеніп қалмайық!

Жұмағазы ЖИЕНАЛИН,

Қобда аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі:

— Президентіміз жуырда Қазақстан халқына жолдаған Үндеуінде бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды.

Елдегі қазіргі жағдайды өзіміз де көріп отырмыз. Мемлекеттік комиссияның шешімімен республика аумағында екі апталық карантин шаралары енгізілуі өте маңызды, әрі ұлт болашағы үшін уақтылы қабылданған дұрыс шешім деп білеміз.

Ел Президенті өз Үндеуінде 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Пандемия кезінде құрбан болған азаматтар мен ұлт болашағы үшін қызмет бабында індет жұқтырып, о дүниелік болып кеткен ақ халаттылар халқының мәңгі жадында.

Президент: «Бұл індетті адамзат жуық арада жеңе қоймас. Алайда уайым мен қайғыға батып, түрлі қауесеттерге сеніп, еңсемізді түсіруге тағы да болмайды. Салмақты, сабырлы болайық!» — деп халықты сабырлы болуға шақырды. Расында да, сабырдың түбі — сары алтын. Біз бұл індетті сабырлы, аузымыз бір болған жағдайда ғана жеңе аламыз. Сонымен қатар талап пен тәртіпке де бағынуымыз қажет. Елдің әрбір тұрғыны алдымен өзін-өзі шектеуі қажет.

Мемлекет басшысы өз сөзінде азаматтарға БАҚ арқылы нақты, бірізді мәлімет берілуі тиістігін атап өтті. Иә, ақпарат толқыны тасыған заманда қай ақпарат ресми, қай ақпарат бейресми екенін кез келген адам ажырата алмайды. Соның салдарынан еміне шипа іздеген тұрғындардың арандатушылар мен бүлікшілердің тұзағына түсіп қалуы да әбден мүмкін. Жалған ақпарат таратқандарға шара қолданылуы қажет. Себебі сын сағатта халықтың көңіл күйімен ойнауға болмайды. Бір қарағанда қарапайым ақпарат болуы мүмкін, бірақ оның елдің бірлігі мен тыныштығына кесірі тиіп кету қаупі тағы бар. Сондықтан әлеуметтік желілерде ақпарат таратқанда да абай болған жөн. Індетпен күресіп жүріп, арандатушылардың күресінен тізе бүгіп қалмайық! Бірлік керек. Жақындарымызға жанашыр болайық!

Басқа жаңалықтар

Back to top button