Ауыл

Меже — 212 мың тонна шөп дайындау

Науқан

Құнары бойында тұрған шөптің мерзімінде шабылып, мал баздарына жеткізілуі басты шарт. Осыған байланысты Әйтеке би ауданында жұмыстар өз деңгейінде жүргізілуде.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметке көз жүгіртсек, алдағы мал қыстату кезеңіне қажетті 212 мың тонна мал азығын дайындау тапсырмасы берілген. Бұл биылғы қысқа түсетін 50 мыңның үстіндегі мүйізді ірі қара мал мен 90 мыңға тарта қой-ешкі және қолға ұстайтын жылқыға есептелініп ауылдық округтер кесіндісінде бекітілді.

Маусым айының басынан шабындыққа шалғы түсіп, бүгінгі күні пішен шабу науқанына 263 трактор, 431 шөпорғыш, 110 шөптайлағыш, 431 тырма және 351 тіркеме тартылып, жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда биыл шабындық қалың, құнарлы және түсімі мол.

Белгіленген тапсырманың үштен бірі орындалып, мал қыстақтары мен жеке тұрғындар аулаларына тасылуда.

Шөптің бағасы аудан әкімдігінің бақылауында. Осы тұрғыда алғашқы болып Аралтоғай ауылдық округінің әкімдігі ауыл тұрғындары мен пішен шабатын шаруашылық басшыларымен бірлескен тұрғындар жиналысында ауылдың кейбір ерекшілігі ескеріліп, тек ауылдық округтің мал ұстайтын адамдарына 1 тең шөптің бағасын 250 теңгеден асырмау жөнінде ортақ шешімге келген. Осылайша басқа да ауылдық округ әкімдіктері жұмыс жүргізуде, — дейді  аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мейрамбек Сәтімов.

Әрине, барлық істің ілгері басуына қажетті мамандардың болуы оң ықпал етеді. Ал мал азығын дайындаудың да өзіндік қиындықтары бар, яғни механизаторлар жетіспеушілігі болып тұрады.

Мал азығын дайындау науқанына шаруашылықтар тарапынан әзірлік жылдан-жылға жақсаруда, яғни техника паркін жаңартып келеді. Жыл басынан 12 «Беларус» тракторымен қатар, 13 шөп шауып-буатын заманауи техника сатып алынды.

Қазіргі уақытта «Құмқұдық», «Еңбек AGRO» серіктестіктері мен «Малика», «Саламат», «Тұрман», «Тұрсын Аман», «Фарида», «Мақсат» секілді шаруа қожалықтары қарқынды еңбек етуде.

Егенберлі ӘБДІРАЕВ,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button