Абай — 175

Әлем таныған Абай

Биыл ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай елімізде көптеген іс-шаралар өткізу жоспарланған болатын. Алайда аты жаман індеттің таралуына байланысты көпшілік-мәдени шаралар кейінге шегерілді.

Жуырда республикамызда және шетелдерде ұлы ақынды ұлықтауға арналған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылған. Соларға тоқталсақ…   

Польшада ақынға арналған пошта маркасы шығарылды

Польшада Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған пошта маркасы шығарылды.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, пошта маркасын шығару жобасын ұлы ақынның мерейтойын мерекелеу аясында Қазақстанның Варшавадағы Елшілігінің бастамасымен «Почта Польска» акционерлік қоғамы жүзеге асырған. Марканың таныстырылымы «Почта Польска» компаниясының орталық ғимаратында өтті. Қазақстанның Польшадағы Елшісі Әлім Қирабаев ұрпақты адалдық пен әділеттілік қағидаларын басшылыққа алуға, сондай-ақ өз халқына қызмет етуге және білім алуға ұмтылуға шақырған ұлы ақынның философиялық идеяларының және өлмес әдеби мұрасының өзектілігін атап өтті.

«Почта Польска» АҚ төрағасы Томаш Здзикота екі ел арасындағы филателия саласындағы жемісті және ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа тоқталып, ұлы тұлғаның бейнесі салынған пошталық марка филателистер арасында үлкен қызығушылық тудырып, бірлескен сәтті жобалардың дәлелі болатынына сенім білдірді.

Швейцарияда «Абай оқулары» өтті

Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Цюрих университетінің өкілдері, Абай шығармашылығын сүйіп оқитын швейцариялықтар, сол елде оқитын қазақстандық студенттер мен қазақ диаспорасының қатысуымен «Абай оқулары» атты open-air іс-шарасы ұйымдастырылды.

Іс-шара Люцерн маңында Альп және атақты Люцерн көлімен қоршалған ескі Мегган сарайы жанында өткен. Ұйымдастырушылар коронавирус пандемиясына байланысты мұндай формат өте қолайлы және Абай өлеңдері академиялық қабырғаларға қарағанда, табиғат аясында ерекше оқылатынын атап өткен.

Түрікменстанда «Абай» операсынан ария шырқалды

ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Ашхабад қаласындағы Мақтұмқұлы атындағы Ұлттық музыкалық-драма театрында Түрікменстан Мемлекеттік симфониялық оркестрі көркемдік жетекші Расул Клычевтың басқаруымен Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан шығармалар орындалған.

Оркестрдің сүйемелдеуімен атақты түрікмен теноры Нұры Нұрыев «Абай» операсынан Айдар ариясын, «Айттым сәлем, Қаламқасты», ал опера әншісі, сопрано Лейли Окдирова «Қарлығаш» әнін шырқаған.

Қарақалпақстанда «Шайырлар» саябағы ашылды

Қарақалпақстанның Мойнақ ауданы орталығында «Шайырлар» саябағы ашылды. Саябақта қарақалпақ, өзбек, қазақ, түрікмен және орыс халқының классик ақындары — Әжінияз, Бердақ, Күнқожа, Әлішер Науаи, Абай, Мақтымқұлы, Пушкиннің бюсті тұрғызылып, олардың жанына ақындардың таңдаулы туындыларынан үзінді жазылған. Алдағы уақытта аталған саябақта түрлі мәдени іс-шаралар мен көрмелер өткізіледі.

Жидебайда стела салынып жатыр

Шығыс Қазақстан облысында Абай мен Шәкәрім бейнеленген стела салынып жатыр. Ол хакімнің Жидебайдағы музей-үйінің кіреберісіне орнатылған. Биіктігі — 9,5 метр, ал жалпы салмағы — 3,5 тонна. Стела «Жидебай» деген жазуы бар ашылған кітап түрінде жасалған. Сондай-ақ онда Шыңғыстаудың таулары көрініс тапқан. Ең жоғарғы жағында жұлдыз тұр.

Айта кету керек, бүгінде Абай ауданы Қарауыл ауылында ұлы ақынның мерейтойына орай домбыра түріндегі саябақ салынып жатыр. Сондай-ақ Абайдың мұражай-үйінде, Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінде ғылыми-реставрациялау, Құнанбай әулетінің қорымы орналасқан Ақшоқы жерінде қорымды қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қорым жанына Құнанбай Өскенбайұлы музейі тұрғызылуда. Бұл нысан жуырда пайдалануға берілмек.

Ақтөбеде ескерткіш орнатылады

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаевтың айтуынша, тамыз айында Абай даңғылы бойында ұлы ақынға арналған ескерткіш орнатылады. Қазіргі таңда мемлекеттік комиссия ескерткіш жобасы бойынша жұмыстар жүргізуде.

— Бүгінгі күні ақынға арналған ескерткіштің 3 нұсқасы ұсынылып, талқылануда. Ескерткіш құрылысына облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда ескерткіш орнатылатын екі орын белгіленіп отыр. Әрине, өңірде індеттің таралуына байланысты ұлы ақынның мерейтойына арналған көпшілік-мәдени іс-шаралар кейінге шегеріліп отыр. Алайда облыстағы кітапханалар мен өнер ошақтарында онлайн режимінде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда, — дейді басқарма басшысы.

Р.S. Жуырда елімізде Абай күнін 10 тамызға белгілеу ұсынылды. Сонымен қатар биыл көрерменге Абайдың қарасөздеріне негізделген деректі фильм ұсынылмақ.

Жалпы, биыл ақынның мерейтойына арналған негізгі шараларды қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысында өткізу жоспарланған. Ал қазан айында Париждегі ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде Абай мерейтойының халықаралық тұсаукесері өтуге тиіс.

Интернет материалдары бойынша әзірлеген Данагүл Қазихан.

Басқа жаңалықтар

Back to top button