Денсаулық

Осы аптада пневмониямен ауырғандар саны 6 есеге көбейген

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Есенаманова облыстағы коронавирус инфекциясы мен пневмония ауруының қазіргі жағдайы туралы баяндады.

— Бүгінгі күні облыста коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 671-ге жетіп отыр. 389 адам симптомсыз ауру түрін жұқтырса, 357 адам ауруханалардан жазылып шықты. Облыста өсу қарқыны 7,3 пайызды құрап отыр. Атап айтсақ,
коронавирус инфекциясы бойынша Ақтөбе қаласында — 248, Әйтеке би ауданында — 11, Алғада — 16 , Байғанинде — 3, Ырғызда — 9, Қобдада — 7, Қарғалыда — 5, Мәртөкте — 24, Мұғалжарда — 21, Темірде — 23, Ойылда — 4, Хромтауда — 37, Шалқарда 48 науқас тіркеліп отыр.
Сондай-ақ 671 науқастың 10 пайызы сырттан келгендер болса, 34,2 пайызы — ауру жұқтырған науқастармен қатынаста болғандар, 48,2 пайызы — жергілікті жағдайлар және 7,6 пайызы — профилактикалық жағдайда тексеріліп, нәтижесінде инфекция табылған науқастар. Қазіргі таңда 2543 адам үй карантинінде медициналық бақылауға алынды, — деді Н.Беркімбаева.
Ал Светлана Есенаманованың айтуынша, өткен бір тәулік ішінде пневмониямен жедел жәрдем қызметіне 198 адам хабарласып, оның ішінде 88 адам ауруханаға жеткізілген. Сонымен қатар орви, температура және пневмония белгілері жоқ 204 жағдай тіркелген. Жалпы облыс бойынша бүгінге дейін пневмония бойынша 1257 жағдай тіркеліп отыр. Оның ішінде Ақтөбе қаласында 1163, аудандарда 94 адам пневмониямен ауырған. Стационарларда пневмониямен 645 адам емделіп жатса,
оның 600-і — облыстық орталықта, 28-і — реанимация бөлімінде, ал 10 науқас жасанды өкпе желдету аппаратына қосылған.
— Бүгінгі күні талдау қорытындыларына сәйкес, өңірде пневмония ауруымен науқастар 15 маусымнан бастап тіркелген. Өкінішке қарай, өткен аптамен салыстырғанда бүгінде науқастар саны 6 есеге көбейіп отыр, — деді С.Есенаманова.
Оның айтуынша, алдағы уақытта пневмониямен ауырған науқастарды емдеуге облыстағы тәжірибелі дәрігерлер жұмылдырылады. Сондай-ақ осы бейсенбіден бастап қосымша 400 адамдық провизорлық стационар жұмыс жасайды. Қазір дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button