Абай — 175

Кішкентай Айарудың жеңісі

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Ақтөбе қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Абай — дара, Абай — дана қазақта» атты онлайн жас ақындар мүшәйрасы өтті. 

Мүшәйраға Ақтөбе қаласынан және аудандардан белсенді жастар мен мектеп оқушылары қатысты.

Жыр сайысында барлық қатысушылар ақынға арнаған өлеңдерін бейнероликке түсіру арқылы ұйымдастырушыларға жолдады.

Сайыстың қорытындысы бойынша бастауыш сынып оқушылары арасында І орынды Шалқар қаласындағы №8 орта мектептің оқушысы Айару Шарападин жеңіп алса,

ІІ және ІІІ орынды Ақтөбе қаласындағы №45 орта мектептің оқушылары Диана Құбатаева мен Адиля Сағидолла иеленді.

Сондай-ақ сайыста 5-9 сынып оқушылары арасында Ақтөбе қаласындағы №53 орта мектептің оқушысы Нұрсәуле Мәулен, ал жастар арасында жас талапкер Азамат Әбілқайырдың өлеңдері үздік деп танылды.

Барлық жеңімпаздар Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің директоры М.Дәрібаевтың атынан арнайы дипломмен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Айта кету керек, бұл мүшәйрада кішкентай талапкерлер арасында өз қабілетімен танылған шалқарлық жас өрен Айару Шарападин Абайдың оннан астам өлеңін жатқа біледі. Оқуда озат, өнерлі Айару бұған дейін ауданда өткен байқауларда бас жүлдені иеленіп жүр. Сайыста әлеуметтік желі қолданушыларының қолдауына ие болған Айарудың ендігі арманы — «Абай оқулары» байқауына қатысу.

 Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button