Денсаулық

Аурудың жаппай таралуының алдын алу — өз қолымызда

Жақыныңа жанашыр бол!

Мамандардың айтуынша, коронавирус індетін кәдуілгі тұмаумен мүлде салыстыруға болмайды. Мұның қауіптілігі, мысалы, тұмауға шалдыққан бір адам оны 56 адамға жұқтырғанға дейінгі уақыт аралығында COVID-19 дертіне шалдыққан адам бұл вирусты 2047 адамға (демек, 36,5 есе артық жылдамдықпен)  таратып үлгереді екен.

Тұмауға шалдыққандар арасында өлім-жітім көрсеткіші 0,1% болса, коронавируспен ауырғандар арасында 2,5-3% болады, ал бүгінгі деректер бойынша тіпті 5%-ға жетті.

Бүкіл қоғам бір кісідей жұмылмаған күнде, бұл қауіпті індеттің алдын алу өте қиынға соғатынын мамандар айтудай-ақ айтып келеді.

Соңғы кездері коронавирусқа шалдыққандар қатарының күрт өсуі көпшілікті алаңдатып отыр. Осыған байланысты бірнеше адамның пікірін білген едік:

Жәрдемғали ШҮКІРОВ, физика-математика ғылымдарының кандидаты,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті:

— Қазір әлеуметтік желілер арқылы коронавирус пандемиясының бар екенін жоққа шығаратын түрлі өтірік ақпараттар таралып, біздің отандастарымыздың бірқатары сол ақпараттар жетегінде, қауіпті вирустың бар екеніне әлі де күмәнмен қарап жүр. Мұның қауіптілігі — вирусты жоққа шығарған жан одан сақтану шараларын да елемейді, сөйтіп өзіне, жақындарына және айналасындағы басқа адамдарға зиянын тигізеді.

Мұндай бейқамдықтың тек біздің еліміз емес, бүкіл әлемде коронавирустың одан әрі таралуын ауыздықтауға кедергі келтіріп отырғанын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус те айтты.

Жалпы, медицина саласының мамандарына құлақ түрсек, әлем 1918 жылғы «испан тұмауынан» кейін бірінші рет осындай үлкен қауіппен бетпе-бет келіп отыр. Бұл пікірді мәліметтер де растайды: ДДСҰ-ның деректерінде көрсетілгендей, тек бір күн ішінде ғана әлемде 137 мың адам осы дертті жұқтырып, 5 мыңнан астам адам көз жұмған екен. Осындай жағдайда, түрлі жалған ақпаратты желеу етіп, біріміз әрі, біріміз бері тартар болсақ, бұл көзге көрінбейтін титтей ғана вирустың одан әрі үлкен күш алуына, адамзат үшін үлкен қатерге айналуына жол ашпақ. Әрине, бетін әрмен қылсын…

Қазіргі таңда қайдан шығып, кімнің таратып жатқаны белгісіз ақпараттарды, әркімнің оң-солын айырмай айта салған пікірін алға ұстамай, мамандардың ақыл-кеңесіне ғана құлақ түру әрқайсымыздың амандығымыз үшін өте маңызды. «Сақтықта қорлық жоқ» екенін ұмытпайық. Сақтық шараларына мұқият болу — түптеп келгенде, сіздің өз жақындарыңыз алдындағы жауапкершілік борышыңыз.

Гүлнар Сейталина, облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері:

— Қазіргі жағдайда коронавирустың бар-жоқтығына күмәнмен қарайтын адамдардың өз пікірлерін басқаларға да таратуы дұрыс емес. Өйткені кей адамдардың соған сеніп, сақтық шараларына мән бермеуі, сөйтіп расымен де COVID-19 дертіне шалдығуы, қауіпті вирустың одан әрі таралуына себепкер болуы мүмкін. Меніңше, өз ортасына, еліне, халқына жаны ашитын әр адам соңы өкінішке ұласуы мүмкін ондай пікірді таратудан аулақ болады.

Әлемде 200-ден астам мемлекет бар. Сол мемлекеттердің дәрігерлері, яғни әлемнің түкпір-түкпіріндегі осы саланың мамандары вирустың бар екенін, оны жұқтырғандардың күн сайын тіркеліп отырғанын айтып, бірауыздан дабыл қағып, көпшілігі үй бетін көрместен, COVID-19 дертіне шалдыққандарды емдеу мекемелерінде айлап жұмыс істеп жүр. Біз қауесет сөздерден гөрі, мамандарға сенуіміз, солардың ақыл-кеңесіне жүгінуіміз керек.

Соңғы кезде коронавирусты жұқтырғандар қатарының күрт көбеюі халықтың басым бөлігінің сақтық шараларын әлсіретіп алғанын көрсетеді. Мен, әсіресе, үйінде қарт ата-анасы, жас балалары бар адамдардың мүмкіндігінше оқшаулану режимін ұстанып, сақтық шараларына барынша мән бергені жөн деп ойлаймын. Өз иммунитетің мықты болғанымен, қасыңдағы жақындарыңды естен шығаруға болмайды ғой? Айналамызда дерт белгісі білінбейтін науқастар болса, олар емін-еркін жүріп, вирустың көбірек таралуына әсер етуі де мүмкін. Сондықтан әзірге босаңсуға мүлде болмайды.

Айман Дайра, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі аяқталған 11 мамыр күні елімізде бұл науқаспен тіркелгендер саны 5 мыңнан енді асқан, ал біздің өңірде 172 адам болған еді. Енді 19 маусымдағы дерекке қарасақ, әлі ауру белгісі жоқ науқастарды айтпағанның өзінде елімізде бұл дертке шалдыққандар 16350 болса, біздің облыста олардың саны 3,4 есеге көбейген. Егер індет қарқыны осылай кете берер болса, не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты…

Бүгінгі күні бұл дертті ауыздықтау медицинасының деңгейі, экономикасы жағынан әлемнің ең алдыңғы қатарындағы дамыған елдер үшін де оңай болып отырған жоқ, оны баршамыз күнделікті ақпараттардан көріп отырмыз. Дегенмен, ресми ақпараттарға, мамандардың жанайқайына қарамай, керісінше, дақпырт сөздерге еріп,  «Бейқамнан Тәңір безеді» деген халқымыздың даналығын да ұмытып, әлі де қамсыз жүргендер, өкінішке қарай, арамызда бар.

Біз өз денсаулығымыз, жақындарымыздың амандығы үшін, өзімізге қатаң талаптар қойып, аса бір мұқтаж жағдайлардан басқа уақытта үйден шықпауымыз, сондай-ақ дәрігерлер кеңесін бұлжытпай орындап, сақтық шараларына мұқият болуымыз керек. Індеттің жаппай таралуының алдын алу — өз қолымыздағы іс.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button