Абай — 175

Абайды оқы, жас өрен!

Орта ғасырлық ұстаз, ғалым Жүсіп Баласағұнның: «Көңіл аудар даналардың сөзіне, адал жанды өнеге тұт өзіңе», — деген сөзі бар. Осы орайда биылғы Абайдың 175 жылдығына облыстық «Ақтөбе» газетінде ұлы ақынның шығармаларын жатқа оқып, ұлы тұлғаны өнеге тұтқан жастар туралы мақалалар жиі жарияланып жүр. Солардың бірі — ақынның 160 өлеңі мен «Ескендір» поэмасын жатқа оқитын Жарқамыс орта мектебінің оқушысы Әйгерім Мұқаш. Мен осы өңірде көп жыл еңбек еткен ардагер ұстаз ретінде осындай өнерлі, дарынды жастарымыздың жан-жақтылығына риза болып, оқырманға өз толғанысымды жеткізгім келді.

Қазақтың көрнекті қаламгері Қадыр Мырзалиев: «Жарқамыс орта мектебінде Жазушылар одағының филиалын құруға болады», — депті. Шындығында, осы киелі өңірден менің асыл шәкірттерім, көркем сөз иелері — Сағи, Тобық, Өтежан, Сәбит, Есенбайлар түлеп ұшып, қазақ әдебиетінің тарихында қалды. Сондай-ақ Ілияс Әжіғалиев, Аймолда Шынтеміров сияқты жаңа түлеп келе жатқан ақындар да бар еді. Өкінішке қарай, көлік апатынан мерт болды.

Осылардың ішінде Абайдың қазақтың қандай болмағы, қандай болмау керектігі жайлы даналық ойларын, өсиетін, өнегесін қабылдаған, алдымен, Өтежан Нұрғалиев еді. Абайдың «Жиырма жетінші сөзі (Сократ Хакімнің сөзі)», «Отыз сегізінші сөзі» Өтежанға өнеге болды. «Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім! Сіздерге адамның мінездері туралы біраз сөз жазып, ескерткіш қалдырайын. Ықыласпен оқып, үлгі алыңыздар, оның үшін махаббат төлеуі», — деген Абайдың сөзін Өтежан құп алды. «Афина мектебі» атты классикалық еңбегін жазып қалдырды. Онда жеті өнер иесін сөйлетті. Ең бірінші, Пифагор арифметиканы (есепті) тапқан. Екінші — Эвклид — геометрия маманы. Прометей — астроном, пырғауын. Аквиант — музыка құдайы. Аристотель — философия, Цицерон — риторика (шешендік өнер), Донат — грамматика (сауат ашу).

Ал әрбір өлеңі елдің мұңы мен зары, арманы мен аңсары, жырларында адам жүрегін елжірететін нәзік мұңы бар Есенбай Дүйсенбаев Абайдың 150 жылдығына арнаған өзінің «Абайға мұң шағу» атты өлеңімен республикалық мүшәйрада бас жүлде иегері болды.

Мен өз өмірімде Абай туралы аз жазғаным жоқ. «Педагогика» атты оқу құралымда оның ағартушылық қызметі туралы, «Жантану» атты кітабымда «Абай — жантанушы» (17- тарау), «Абай» журналында «Арғы атасы қажы еді» (№7, 1995 ж.) мақалаларым жарық көрді. Ал «Дінді Абайша тану — тура жол» атты ғылыми баяндамам Абайдың 150 жылдығы аясында өткен облыстық конференцияда бірінші орынды иеленді.

Ең бастысы, өз өмірінде ұлы ағартушы Абай жастарды ғылымға, білімге, кітап оқуға шақырды. Оқудағы мақсат халыққа адал қызмет ету деп ұғындырды.

«Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық білім кітапта,

Ерінбей оқып көруге…», —

деген дана Абайдың осы өлеңін оқығанда, ел үшін, халқы үшін, қазақ мәдениеті мен өркениеті үшін бүкіл өмірін арнаған, кітаптарды «ерінбей оқып көрген» екі тұлға, үлкен эрудиттер Әбіш Кекілбаев пен Олжас Сүлейменов ойға оралады. Алайда ол — бөлек әңгіме.

Абай — кітап оқу жөнінде барлық қазаққа өнеге болған тұлға. Абай Қарқаралыдан оқудан қайтқан соң атқа мініп ел аралаған жоқ. Көктемге дейін күндіз-түні кітап оқыған.

Әрбір қалың кітап соншалықты бір қатты сағынып жолыққан қымбат дос тәрізді болыпты. Араб, парсы тілдерін бір жұмадай молда Ғабитханның тәпсіріне қарап, есіне түсіріпті. Асыл қазыналарды Әбулқасым, Фердауси, Низами, Фаули, Науаи, Бабырлар еңбектері, «Жәмшид», «Сейдбаттал Ғази», «Мың бір түн», «Табари жазған тарих», «Жүсіп-Зылиқа», «Ләйлә-Мәжнүн», «Көрұғлы» хикаяларынан «тауыпты». Сол себепті Абайдың поэмаларына, негізінен, Шығыс сарындары арқау болған.

Абай шығыс ақындарын, хиссаларын оқып тауысқаннан кейін орыс, батыс романдарын оқыған. Оның: «Осы шаһардағы ең бір қадірлі орын-ау!» — деп ойлана қарап, жақсы пейілімен кіретін ғимараты кітапхана болған. Абайды танитын жұпыны киінген қарт кітапханашы жымия күліп, қарсы алады екен. Кітапханада залдың бергі шетінде бұйра шашты, жылтыр жүзді чиновник отырыпты. Сол жігіт кітапханаға Абай кіргенде қасында отырған паң жүзді көрші әйеліне: «Бұ не ғажап! Гоголь кітапханасына қашаннан бері түйелер жіберілетін болған?» – депті. Чиновниктің сөзіне жақын отырғандар қостап, ойсыз күліпті. Сонда Абай күлкілі мысқыл жүзбен жігітке бұрылып лезде жауап қатыпты. «Чиновник мырза, түйе кірсе несі бар? Бұнда ол түгілі есек те отырыпты ғой!» — депті.

Чиновниктің үні өшіпті. Абайдың сөзін естіген оқырмандардың бәрі қатты күліпті.

Осылайша Абай осы кітапханада өзінің ұлы досы, тамаша ұстазы Евгений Петрович Михайловпен танысқан.

Абай көп жылдар тырмысып оқығанының арқасында орыс тілін үйреніп, арманы орындалған. Ақырында жаңа дүние саңылауы ашыла бастаған соң, ықыласы Пушкинге ауысқан екен. Өздігінен оқып, толық түсінгені — Пушкиннің ұзақ әңгімесі «Дубровский». Тілін берген «Дубровский» хикаясы өзегін де беріпті. Ал орыс классиктерінің шығармаларын Абай озық адамгершілік идеялардың жаршысы етіп қолданған. Өлеңдерін қызықтап, өзінің ой-сезімін, өз көңіл күйін толғаған. Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларын қазақшаға аударғанда, орысша айтылған ойды қазақша жеткізудегі асқан шеберлігімен елді таңғалдырыпты. Абайдың кітап туралы өнегелерін, оқу әдістерін, кітап іздестіру, кітаптан білім алу үлгілерін ғазиз Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында толық жазған.

Көбіміздің «Болмасақ та ұқсап баққан «бір ғалымымыз» — Мұқаң», — дейді Әбіш Кекілбаев. «Абай Құнанбаевтың өлеңдері кез келген адамға ой салады, бағыт-бағдар береді, әсіресе біз сияқты оқушыларға берер тәлім-тәрбиесі мол. Сондықтан мен өз қатарластарымды Абай шығармаларын оқуға шақырамын», — деген жас өрен Әйгерім Мұқаштың («Ақтөбе» газеті, 21 наурыз 2020 жыл) әлемдік эрудит Әбіш Кекілбаевпен ойы да осы жерде қиысып тұр-ау!

Осы орайда жас өрен білім алып жатқан Жарқамыс орта мектебінің рухани құндылықтарды насихаттауда рөлі зор деп айта аламын. Себебі өзім еңбек еткен кезеңдерде осы мектептің өз бағыт-бағдарын табу жолында аса күрделі ізденістер жасадық. Уақыт талабына сәйкес жан-жақты пайымдай білдік. Сондықтан да мұғалімдерді отандық және әлемдік педагогиканы терең білуге үндеп, сол жолда аянбай еңбектенуге жұмылдырдық. Сөйтіп, мектептің тәрбие, білім беру, ғылыми зерттеу істерін ғылыми жолмен жүргіздік. Мектептің өнімі — шәкірттер, келешектің тұтқасын ұстаушылар. Жоғарыда аталған ақын-жазушылармен қатар осы білім ордасында біз ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына үлкен үлес қосқан бірқатар тұлғаларды оқытып, тәрбиеледік.

Қорыта айтқанда, асқақ жұртымның жүрегінен мәңгілік орын тапқан ұлы Абайдың поэзиясы, ғаһлиясы — дертке дауа, қайғы-қасіретке — медет, зарыққанға — жебеу, асқанға — тосқан, ұрпаққа — ұстаз, адамзатқа — дүниетаным, опасыздыққа — имандылық.

Сондықтан елдің ұл-қыздары Абай шығармаларын жаттап, жадында сақтап, ұлы тұлғаны өнеге тұтып, оның 175 жылдық мерейтойын рухани қайта жаңғыру үстінде қарсы алады деп сенемін. Халқыма ел жаршысы — баспасөз арқылы тілерім — амандық, елдің тыныштығы мен тұрақтылығы!

Ниетжан Берікұлы,

педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор.

Басқа жаңалықтар

Back to top button