Денсаулық

ХХ ғасырдың басында Қазақстанда тараған жұқпалы індеттер

ХХ ғасырдың басында Қазақстанның кейбір өңірлеріне шешек, оба, сүзек, безгек сияқты жұқпалы індеттер тарады. Эпидемияға ұласқан індеттерден халық жаппай қырылды. Ал Қазақстанның батыс өңіріне ең көп тарағаны — оба індеті.

Оба тарихы, оның таралуы туралы «Қазақ» газетінде алғаш денсаулық тақырыбында қалам тербеген Жұмағали Тілеуліұлы жазды. Ол: «Оба тарих жүзінде адаммен ертеден бірге жасасып келе жатқан індет деуге болады. XIII ғасырда оба мейілінше күшейіп, 1346 жылдан 1351 жылға дейін Еуропаның өзінде ғана 25 миллион кісі өлді. Азия мен Африкада да сол шамалас жан қырылған. Обаның кетпейтін, жан-жаққа жайылып тұратын ордасы — Үндістан, Орталық Африка, Моңғолия, Солтүстік  Қытай. Үндістаннан Иран жері арқылы Астрахань, Орал, Бөкей, Адай елдерінің жерлеріне келді»  деп, жұқпалы індеттің өткен тарихта адамзат баласына тигізген зардабы жайында және оның қазақ даласына қай бағытпен келгеніне қысқаша тоқталады.

Жұмағали Тілеуліұлының пайымдауынша, ол кезде індет таралған ошақта не болып жатқаны ешкімді ойландырмаған. Ол жерде ауру адам мен сау адамдар араласып жүрген. Ал індет сыртқа таралмас үшін күзетшілер қойған. Алайда күзетшілердің арасы қашық болғандықтан кейбір адамдар ауылдан қашып шығып, ауруды өзге ауыл тұрғындарына жұқтырған.

Обадан қайтыс болған адамдарды бөлек жерлеген. Қазіргі  COVID-19 індетінен көз жұмған науқастар арнайы медициналық тәртіппен жерленсе, ол кездегі рәсімнің де осыған ұқсас тұстары бар.

Кеңес үкіметі орнаған алғашқы жылдары әр өңірде ауық-ауық оба індеті білініп тұрған. Сол кездерде ауыл адамдары сөз байласып, «кімде-кім жедел ауырғандай болса, оңаша үйде жатсын» дескен. Осы талапты орындаған аурулар бөлек үйде жатқан. Індеті асқынса, сол жерде өлген. Дені саулары оларға тамақ, сусын апарып беретін болған. Науқасты оңаша  күтетін кісі, сақтықтың не екенін білетін күтуші болуы, мүмкіндік болса,  дәрігер алғызып, медициналық бақылауда болуы туралы кеңес берген. Барлық жұмсайтын ыдыс-аяқ, төсек-орын бөлек болуы, ең алдымен қолданатын шара тазалық болуы ескертілген. Ауруды баққан адамдар ауру жатқан бөлмеге кіргенде, сыртынан бір киім киіп кіру керек. Ол киімді шығарда сол бөлмеге тастап шығу керек. Ауру жатқан бөлмеден шыққан кезде қолын, бетін сабындап жуу керек деген қағидалар қатаң сақталған. Ел өлген адамнан қалған (киім-кешек, төсек-орын сықылды) нәрселерді өртеп жіберген. Біздің халық осындай іс-тәжірибелері арқылы оба сықылды апатқа қарсы қам қыла біліп, қолдарынан келгенше сақтана білген. Бұл — тұрғындардың сақтық шараларын қолдану арқылы, өз күшімен жұқпалы індеттерден сауатты түрде сақтанып, аман қалғанының айқын дәлелі.

Бүгінгі күні COVID-19 пандемиясынан сақтану үшін жүргізіліп жатқан сақтық шаралардың бірі — үй карантині. Бұл әдісті ертеде қалай жасау керегін «Қазақ» газеті арқылы халыққа түсіндіріп отырғанын байқаймыз. Жұмағали Тілеуліұлы: «Бұлардан басқа обадан  сақтанудың жолы — сақтандыру шарасы, сау аудан мен науқасы бар ауданды қатынастырмау. Орал, Бөкей жағында жайылған обаны тоқтатуға үкімет талай рет карантин жариялаған» деп жазған.

Олай болса, бүгінде әлемдік пандемияға айналған COVID-19 індетінен сақтану үшін 15 күн карантинде ұстау шарасы, қалалар мен аудандар арасына кедергі қою — індеттің таралуына  негізгі тосқауыл. Қазақ ауылдары XX ғасырдың бірінші ширегінде-ақ оба індетінен осылай сақтанған.

Сол кездегі баспа беттеріндегі мақалалар қатаң карантин шараларының сақталуын, оқшауланудың маңызын айқындап, тұрғындардың әрбірінің саналы әрекеттерінің маңызын атап көрсеткен. Сонымен қатар бұл осы әрекеттер арқылы жұқпалы аурулардан сақтану, алдын алу, қорғану шараларын адамдар өз күштерімен жүргізгенін көрсетеді.

Ж.ҚАТАУОВА,

Ақтөбе обаға қарсы күрес станциясының паразитологі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button