Мәдениет

Үйінде үш ғасыр тоғысқан…

…Алға ауданына қарасты Қарағаш ауылдық округі аудан орталығында өз күндерін өткізгенде, Тәрбия Есенова   апайдың мектеп мұражайына тапсырған, қазіргі балалар түгілі, жастары отызды алқымдап қалғандардың көбі біле бермейтін, келі-келсап, май шайқағыш, диірмен, жез поднос, былғауыш, сепаратор, тағы басқа көне заттарын көріп, елудің есігінен сығалап жүрген өзіміз де таңдайымызды қаққанбыз. Бала кезімізде көргенімізбен, көне жәдігерлерді осы кезге дейін сақтап келген жанның ұсынақтылығына таң қалғанбыз.

…Әдетте, қазақ мұндай бәйбішелерді «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпеген» деп жатады. Басындағы аймақы  шаршысына үстіне киген әдемі көйлегі мен зерлі камзолы ерекше сән беріп тұрған Тәрбия апаның жүріс-тұрысының өзінде ақсүйектерге тән маңғаздық, кербездік бар. Басын сәл шалқайтып ұстап, келініне айтарын қас-қабағымен ұқтырып отырған  қимыл- қозғалысына қарап, бұл кісі өмір бойы қолын жылы суға малып отырған болар деп ойлайсың.

…Қырық бірдің төлі. Алға ауданының Шолақтамдысында (қазіргі Бесқоспа округінің жері) дүниеге келген Тәрбияның өз әкесі соғыстан оралмаған. Өз қаны кете болғанмен, Тәрбия апай туған әкесіндей болып кеткен екінші әкесін көбірек айтады. «Руым – тама» дейтіні де содан.

Тағдырдың жазуы солай болды ма екен, жалғыз болды. 1959 жылы  табын Оңдас деген жігіттің етегінен ұстады. Ата-енесін, өз шешесін бақты. Төрт бала өсірді. Жиырма екі жылдай медицина саласында тазалықшы болып содан зейнеткерлікке шықты. Ұжымшардың барлық шаруасына  қатысты, сиыр да сауды.

Тәрбия апаның өмір дерегін суыртпақтап отырғанымызбен, көкейімізде кептелген сұрақты біз де жеделдеттік. Көне жәдігерлердің көбі ауыл мектебінің мұражайына тапсырылған екен, апайдың үйінен қол орақ, шалғы, диірмен, ағаш тостаған, кәрлен кесе табылды. Бір қызығы – бұйымдардың көбісінде дерлік шыққан жылдары жазылған. Жез самаурын 1848 жылы, жез поднос пен кәрлен кесе 1858 жылы жасалған. Бұл бұйымдар апайдың нағашы әжесінен қалған көрінеді, ұзатылғанда жасауымен бірге келген.

Май шайқайтын құрал 1955 жылы, келі-келсап 1957 жылы, қол орақ 1937 жылы жасалған. Сепаратор 1962 жылғы, Ресейде шыққан. Атасы Смағұл қарттың қолының місекері бар адам екен, келі- келсапты өзі келініне арнайы жасапты.

Қазір Тәрбия апай бұл бұйымдарды пайдаланбайды, электрмен жұмыс жасайтын келісі, сепараторы бар. Бірақ бала кезінен келе жатқан көне дүниелерді, келіншек кезінің куәсі болған қимас заттарын күресінге тастағысы жоқ. Жылт еткен жақсылықты құр жібермейтін ауыл әкімі Ақбөпе Әбдуәлиеваның қолқалауымен біраз бұйымдарын ауыл мектебіне тапсырды. Мұражайдағы қолдан сырған көрпешелер де апайдың инесінен шыққан. Оларды жинап қою үшін  кішкентай сандықшасын да мұражайға берді.

– Бір жағынан бір жерде тұрғылықты отырғанымыздың да себебі бар шығар, – дейді Тәрбия апай. – Екіншіден, әжемнің, енемнің, анамның көзі болған заттар маған ыстық. Қажет кезінде қызығын көрдім, қажет болмай қалды деп тастай салу біртүрлі тәрізді…

Тәрбия апаның көне жәдігерлерін көруге ниеттеніп барған біз оның баласы Мәлікпен де жақын танысуға мәжбүр болдық. Оған себеп – бір қабырғаны жағалай ілінген қасқыр, түлкі, қарсақтың терілері. Карабин мылтықтың қаңқасы да тұр. Қолдан өрілген әдемі қамшылар да сол жерден орын алыпты. Сөйтсек, үйдің «алтын қазық, жібек арқан» кенжесі Мәлік қолы боста тазы жүгіртіп, аңға шығады екен. Көбіне аңды тазымен алғанды  ұнатады. Мылтықты ілуде бір болмаса, көп қолданбайтынын айтады. Құмай, Сарқасқа дейтін тазылары, Ақбай, Боцман дейтін алабайлары бар екен. Өзі тазыларын ертіп Боян атты жүйрігімен аңға кеткенде, екі алабай иті шаруасын күзететінге ұқсайды. Шағын шаруа қожалығы бар жас жігіттің салмақтылығынан, сөз саптауының өзінен қазақылық есіп тұр. Өз орнын білетін, Қазақ дейтін ұлы халықтың ұлы екенін айналасына үндемей ғана ісімен дәлелдеп жүрген азамат екені  көрінеді.

***

Скептик оқырман: «Онда не тұр, бір кемпір баяғыдан бергі заттарын мусорға тастамай сақтап жүр екен, ну и что?» – деп мұрнын тыржитуы да мүмкін. Ал барлық мораль – мынада:

«…Қазақтың тілі құрып бара жатыр, әдет-ғұрыптары ұмытылды, қазақ болудан қалып бара жатырмыз» деп құр аттандағанша, ауылдық жерлерде әлі де бар осындай көнекөз жәдігерлердің амандығын халыққа жеткізу. «Мәдени мұра» деген мемлекеттік деңгейдегі бағдарлама – тек Күлтегін жазулары, «Алтын адам» ғана емес, мәдени мұраның бастысы – осындай елдің ортасында, ауылдарда ғана сақталған көнекөз нәрселер. Бүгінгі де, ертеңгі де ұрпаққа әлгі қол орақ пен қырықтықтың, жез самаурын мен кәрлен кесенің тек макетін емес, өзін көрсету үшін сақтап қалу.

Тәрбия апаймен әңгімелесіп отырып, ол кісінің тұрмысқа шыққан бір қызы қайтыс болып, кейінірек күйеу баласы тағы үйленгенін,  өз қызының орнына келген сол келіншекті  «қызым» дейтінін де білдік. Бұл да кешегі қазақтың үрдісі емес пе еді?

…Ұстап-тұтқан нәрсесінен, жүріс-тұрысы мен киім киісінің өзінен жылылық есіп тұратын бір адамдар болады. Олармен жақын танысып, сөйлессең, кеудеңе бір ақ сәуле себезгілейді. Өмірде көрген қиыншылықтарына мойымайтын, момындау болмыстарының өзімен сенің кейбір болмашы нәрсеге күйіп-піскен қылығыңа биіктен қарайтын, сөйтіп-ақ тәубеңе келтіретін сол жандар  тіршіліктің шаңырағын шайқалтпай ұстап тұрғандай көрінеді маған…

…Көзге көрінген балаларының амандығын тілеп, «тәубесі» мен «шүкірін» қатар айтып, әдемі қартайған Тәрбия ананы көргенде, бәз біреулердің: «Колхозда істеген пәлен жылым жазылмай қалыпты, зейнетақым дұрыс емес,  қарттар күнінде  пәдәркі алмадым», – деп әкімшіліктің есігін қағудан шаршамайтыны да есімізге еріксіз түсті.

…Отбасында қазақы тәрбиеге төрден орын берілген, өзінің барлық бітім-бояуымен сол қазақылықты, ұлттық өрнекті ұстанып, үйінде үш ғасырдың жәдігерлерін сақтап отырған Тәрбия аналар барда қазақ та жоғала қоймас…

Шара Елеусіз,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button