Білім

Балдырған

Біліп жүр

Дойбы үлкен бе, шахмат үлкен бе?

Әдетте «дойбы деген шахматтың інісі» деген түсінік бар. Расымен солай ма? Осының тарихына бойлап көрелік.

Ғылымда ұзақ уақыт бойы «шахмат бұрын пайда болды» деген пікір болғаны рас. Шынында шахмат туралы алғашқы деректер көне парсының 590-628 жылдары хатқа түскен Қарнамақ атты қолжазба еңбектерінде бар. Шах — парсыша хан, ел билеуші деген сөз. Осы сөзді негізге алып парсылар «бұл ойында ойлап тапқан біздер» десе, Үндістан ғалымдары біздің заманымызға дейінгі Ганга жағалауын жайлаған елдерде кең тараған Чатуранга (4 жасақ) атты ойынды көлденең тартады.

Сондықтан шахматтың алғаш қай жерде пайда болғаны туралы кесіп пікір айту қиын.

Ал шахмат бойынша тұңғыш әлем чемпионы кім болды деген сауалға жауап дайын. Бұл жарыс 1886 жылдан бастап өткізілді. Әлем чемпионы деген атақты ең ұзақ ұстаған (26 жыл 337 күн) Эммануил Ласкер (1868-1944) деген неміс.

Ал дойбы туралы айтсақ, ол әлбетте шахматтан көп бұрын пайда болған. Біздің заманымызға дейінгі ІІ мыңыншы жылдықта Египет жерінде бұл ойын кең тараған. Бүгінгі жүйеге түсіріп, ойын тәртібін ойластырған испандық Антонио Торквемада (1547) деген кісі.

Бір қарағанда дойбы — өте қарапайым ойын. Бірақ оның да ұзаққа созылатын кездері бар. Мысалы, 1977 жылы М.Тинсли деген американдық пен Д.Олдэбери деген ағылшын бір партияны 7 сағат 32 минут ойнаған. Ал мұның есесіне 1977 жылы Алан Бекерсон өз қарсыласын 3 минутта жеңіп, ойынды тәмамдаған.

Тіл

Аман жеткен мұра

Қазақ тілі біздің туған тіліміз. Туған тілде сөйлеу — әр қазақтың парызы.

Біз өз тіліміз арқылы тәлім-тәрбие, білім аламыз. Адамгершілікке, инабаттылыққа, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге үйренеміз.

Қазақ тілі әлемдегі ең бай, көркем тілдердің бірі.

Біздің туған тіліміз біздің арғы ата-бабаларымыздан қалған мұра. Осы күнге дейін аман жетті. Енді қорлауға, төмендетуге жол жоқ. Алладан да, аруақтан да, басқалардан да ұят. Туған тілді бүлдірмеу, сақауландырмау, қоспаламау әр қазаққа сын. Мейлі, басшы болсын, мейлі, бала болсын, қазақ тілін құрметтемесе, «қазақпын» демей-ақ қойсын. Анасын сүйетін, қадірлейтін әрбір адам ана тілін ардақтауы тиіс. Себебі, ана тілі біздің бойымызға ақ сүтімен дарыды.

Ана тілімізді аялай білейік, достар!

Жадыра ӘНЕТОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Жануарлар әлемі

Он дерек

  • Кірпінің жүрегі сағатына 300 рет соғады.
  • Егеуқұйрық бес қабатты үйдің төбесінен құласа да аман қалады екен.
  • Түйеге қарағанда керік шөлге шыдамды келеді.
  • Көртышқан бір түннің ішінде 100 метрлік жерді қаза алады.
  • Акула — бір мезгіде екі көзін бірдей жұма алатын жалғыз балық. Ол сондай-ақ судың 100 миллион бөлігіндегі қанның иісін сезе біледі екен.
  • Ит онға жуық, мысық жүзден астам дыбыс түрін шығара алады.
  • Дельфиндер бір көзін ашып ұйықтайды.
  • Әтеш алдымен мойнын созбай шақыра алмайды екен.
  • Коала аюы тәулігіне 18-22 сағат ұйықтайды және тамаша жүзе біледі екен.

Кептердің аналығы жалғыз жатып жұмыртқа туа алмайтын көрінеді. Олар тек аталық кептер қасында болғанда ғана жұмыртқалайды екен.

Оқушының өлеңі

Ұстазым

Ақ ұлпа таза тілекпен,

Жүректе сізге гүл еккем.

Жақын тартқан адамға

Туады өлең ниеттен.

Көңілдің көгін шарлаған

Адалдық сізді таңдаған.

Жүзіңізге ызғарсыз

Қараймын да таң қалам.

Әдемі БАҚЫТҚАЛИ,

№38 қазақ орта мектебінің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Қазақ тілі

Қазақ тілі — жүрегімнің қалауы,

Сөнбейді оның маздап жанған алауы.

Сөзстанның орын алар төрінен,

Менің тілім — елдігімнің жалауы.

Тас төбемде жарқыраған күнімдей,

Тұрар дәйім маған қарап күлімдей.

Көшбасшы боп өмір-тағдыр жолында,

Ана тілім, жүре берші сүрінбей.

Мәншүк МАПУТОВА,

І.Үргенішбаев атындағы орта мектептің оқушысы.

Шалқар қаласы.

Мен салған сурет

Жайлауда

Күздің екінші айы басталды. Бірақ жаздың қызықты шақтары естен кетпейді. Темір ауданындағы Шұбарши орта мектебінің 2-сынып оқушысы Тәңірберген Нұрбектің «Жайлауда» деп аталатын суреті сол шақты бейнелейді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button