Мәдениет

Биыл мерекелік  мәдени шаралар қалай өтеді?

Тікелей эфир

Сәрсенбі күні жергілікті «Aqtòbe» телеарнасының «Індет пен міндет» бағдарламасында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаев пен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаева тікелей эфирде облыс тұрғындарының сауалдарына жауап берді.

Бағдарламада алдымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаев карантин кезінде облыстағы өнер ұжымдарының жүзеге асырып жатқан жобаларына тоқталып өтті.

Қазіргі карантин жағдайында облыстағы өнер ұжымдары мен әншілер әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде өнер көрсетіп, онлайн режимінде жұмыс жасап жатыр. Төтенше жағдайда үйден шықпай, түрлі жобаларды да қолға алды. Мәселен, осыған дейін жерлестер болып ән салып, әр салада жүрген азаматтарға, сондай-ақ  әріптестерімізге арнап ән жазсақ, қазір әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде түрлі сұхбаттар өткізіліп жатыр. Атап айтсақ, «Жұлдызды жерлестер» атты жоба аясында өңірден шыққан әр саланың «жұлдызы» болып жүрген азаматтармен сұхбат ұйымдастырудамыз. Осы орайда алдағы уақытта әскери генерал Болат Жанасаев, белгілі нейрохирург-дәрігер Серік Ақшолақовпен сұхбат жүргізетін боламыз, — деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ ол биыл ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шаралар төтенше жағдайға байланысты тамыз, қыркүйек және қазан айларында өткізілетінін жеткізді.

Биыл тамыз айында облыс орталығында Абай Құнанбаевқа арнап ескерткіш қойылады. Одан кейін Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония мен Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры ұжымдарының бірлескен жобасы — «Абай» музыкалық спектаклі ақтөбеліктердің назарына ұсынылады.

Сондай-ақ Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында Абай заманы мен қазіргі заман шындығын салыстыратын «Абайды білмек керек ойлы жасқа» атты пьеса қойылады. Онда Абай рөлін белгілі актер Болат Әбділманов ойнайды. Пьесаның режиссері — Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының театр өнері факультетінің деканы Елік Нұрсұлтан.

Бағдарлама барысында Нұрхан Кәдірбаев Ырғыз ауданында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Аймақты әнмен тербетіп» байқауы биыл Абайдың шығармашылығына арналатынын, оған көрші облыстар мен аудандардан өнерпаздар қатысатынын атап өтті.

Бұдан кейін бағдарламада 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күніне орай өңірімізде қандай іс-шаралар өткізілетінін облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаева айтып берді.

Төтенше жағдайға байланысты биыл Қазақстан халқының бірлігі күніне жоспарланған шаралардың барлығы онлайн түрде өткізіледі. Атап айтсақ, әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарға әртүрлі челлендждер, бейнероликтер, құттықтаулар жолданып, облыстық білім және жастар мәселелері басқармалары ұйымдастыратын шаралар мен этномәдени бірлестіктердің мерекелік бағдарламалары тікелей эфирде жүргізілетін болады. Сондай-ақ 1 мамыр мерекесіне байланысты өзге ұлт өкілдерінің қатысуыменжергілікті телеарналарда «Бірлік ауылының тұрғындары» атты театрландырылған бағдарлама, «Біз біргеміз» онлайн тележобасы, жастарға арналған әртүрлі жобалар жүзеге асырылатын болады.

Қазіргі таңда өзге ұлт өкілдері арасында Абайдың 175 жылдығына орай «Өлең — сөздің патшасы» атты облыстық байқау онлайн режимде ұйымдастырылып жатыр. Бүгінге дейін оған жүзден астам адам қатысты. Байқаудың қорытындысы төтенше жағдайдан кейін жарияланып, үздіктер марапатталады, — деді М.Қорғанбаева.

Тікелей эфирде тұрғындардан әл-Фараби мен Абайдың мерейтойына, ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған іс-шаралар, қала көшелеріне соғыс ардагерлерінің портреттерін ілу, әлеуметтік желілер арқылы айтыс ұйымдастыру, еріктілердің көмегі, т.б. мәселелер бойынша сұрақтар келіп түсті.

Облыстық  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы бұл сұрақтарға жан-жақты, тұшымды жауап берді.

Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған шараларды жоғарыда атап өттім. Ал ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай биыл облыс көлемінде «Қайырымды өңір» атты акция өткізіледі. Сондай-ақ «Бақыттың кілті» атты әлеуметтік желілердегі үздік постқа байқау жариялап отырмыз. Бас жүлдеге бағалы сыйлықтар беріледі, — деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда облыстағы өнер ұжымдары Отан қорғаушылар күніне арнап бейнебаян әзірлеп жатса, Жеңістің 75 жылдығына орай басқарма мен «Aqtòbe»телеарнасы бірлесіп «Күткен күн» атты жоба дайындауда.

— Бүгінгі күні облыста 30-ға жуық Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Мереке қарсаңында олардың портреттері қала көшелеріндегі лед-экрандарға ілінетін болады. Сондай-ақ облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени орталықтардың өнерпаздары әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде соғыс тақырыбына арналған әндерденпопурриорындайды.

Айта кету керек, қазіргі карантин жағдайында Ассамблея жанындағы барлық аналар кеңесі аудандарда қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп жатыр. Осындай қиын кезеңдеөзге ұлт өкілдері бір-біріне ыстық ықыласын, қамқорлығын білдіріп, бірлесіп жұмыс жасауда, — деді М.Қорғанбаева.

                                                                                                     Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button