Мәдениет

Құралай салған ән қандай! 

Ақтөбелік өнерпаздардың «Жайнай бер, өнер, жаңаша!» атты онлайн-концерті күн сайын жалғасып жатыр. Облыстық халық шығармашылығы орталығының әнші-термешісі Құралай Әленованың домбыраның сүйемелдеуімен өткен концерті көпшіліктің көңілінен шықты. 

Тікелей эфирді Нұртуғанның «Құлақ салып, сөз тыңда» термесімен ашқан әнші ең алдымен көпшілікке ізгі тілегін айтып, жұртшылықты қауіпті індет кезінде бірлікке, сабырға және үйде отыруға шақырды.

Құралай @Аqtobe_madeniet және @Аktobe_ocnt инстаграм парақшалары арқылы терме, халық әндерін шырқап, лирикалық туындыларға да кезек берді.

Осы орайда жезтаңдай әнші-термеші Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Ай, көңілім, шалқи берме беталды», Кенен Әзірбаевтың «Ой, жайлау» атты термелерін орындап,  көрермендердің құлақ құрышын қандырды. Сондай-ақ ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жырларына жазылған «Сенің көзің…», «Есіңе мені алғайсың» әндерін шырқаған Құралай Әленова жерлес композиторлардың шығармашылығын да назарсыз қалдырмады.

 Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Музыка» бөлімін бітірдім. Бүгінде құтты мекен Ақтөбедегі қара шаңырақ облыстық халық шығармашылығы орталығында еңбек етемін. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, өнердегі ұстазымның бірі Демеу Жолымбетов, — деп ұстазын атап өтті ол онлайн-концерті барысында.

Әншінің баласы Мағжан гитара аспабында ойнап,  сүйемелдеп, анасына қолдау көрсетті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button