Абай — 175

Абай ауылында Абай ескерткіші қалай тұрғызылды?

Мен Талдықорған облысында дүниеге келгем, бірақ Хромтау ауданының Абай ауылында 50 жылдан бері  тұрамын. 1997 жылы  белгілі ақын  Амантай Өтегеновпен таныстым. Ол кезде мен «Абай» ұжымшарының төрағасымын. Жағдай былай болды. 1997 жылы күзде Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова  Хромтау ауданына  келді. Біз осы сәтті пайдаланып, Абай ауылында тұрғындармен кездесу ұйымдастырдық. Осы кездесуге Амантай Өтегенов те Ақтөбеден арнайы келді. Бұл күн абайлықтар үшін нағыз мерекеге айналды. Амантай Өтегенов Абайдың, өз өлеңдерін оқыды. Шығармашылық кештен соң Хромтау ауданының басшылығы ауылдың еңбек озаттарын марапаттады.  Хромтау жұрты Құман Тастанбековті қазақы ою-өрнекпен өрнектелген ер-жүгені бар сәйгүлікке мінгізді. Осы жерде Абай ауылы тұрғындарының көз алдына «Қыз Жібек» фильміндегі салтанаты асқан  көрініс  тұрды.

Сыйлы қонақтар аттанып бара жатқанда, Құман Тастанбеков маған «Абай энциклопедиясын» сыйға тартты. Біз екеуіміз жерлес болып шықтық. Мен  Талдықорған облысы Қаратал ауданының «Красный Восток» колхозында тусам, ол біздің ауылға көрші Григорьевкадан екен. Қонақтар көлікке мініп жатқанда Амантай Өтегенов маған: «Бауырым, ұлы Абайдың есімімен аталатын ауылда ақын ескерткіші тұрса жақсы болар еді», — деді. Сол сөз құлағымда қалды. Көп кешікпей ауданның бас сәулетшісі Әуезхан Қаржаубаевқа барып, шаруамды айттым. Ол қуанып кетті. Аудан әкімі Анатолий Марченкоға барып, Абай ауылына Абай ескерткіші керектігін айтты. Аудандық мәслихат хатшысы Анатолий Казачок те мақұлдағанымен, Анатолий Марченко: «Бюджетте ақша жоқ. Бірақ ойланып көрелік. Ваня, өз тарапыңнан кәсіпкерлермен, компания басшыларымен сөйлесіп көр», — деді.

Әуезхан Қаржаубаев Ақтөбедегі мүсіншілермен кеңесті. Мен ескерткіш тұғырына мәрмәр тас іздеп, ауылға келген мүсіншілердің жағдайын жасадым. Қасымда  Абай ауылының әкімі жүрді. Аудан әкімі А.Н.Марченко, мәслихат хатшысы А.Ф. Казачок жиі келіп, жұмыс барысын бақылап кететін. Ескерткіш тұғырын биік етіп орнатып, Ақтөбеден темір қоршау алдырдық.

Қазір ойлап қарасам, тағдыр маған өз міндеттеріне өте жауапты басшылармен жұмыс істеуді, қазақтың ұлы тұлғасының мүсінін орнатуды бұйыртыпты. 1990 жылдары өте қиын болса да, сол уақытта «Абай» колхозының төрағасы ретінде Хромтау ауданы басшысының, мәслихат хатшысының шынайы қамқорлығын  сезінетін едік.

Қазір Абай Құнанбаевтың  өлеңдерін, даналық ғибраттарын немерелеріме оқып  беремін. 1997 жылы ауылымызда Абай ескерткішін қалай тұрғызғанымызды да жиі әңгімелеп отырамын.

Осы жерде өткен жылдың қыркүйегінен бастап ауданымызды басқарып отырған жас жігіт Нағымжан Алдияровтың іскерлігін, жұмыскерлігін айтып кеткім келеді. Ол  алдына келген тұрғындардың арызына өте жауапты қарайды. Мүмкіндігінше сол жерде шешіп тастауға тырысады, не кеңес береді. Сол сияқты ауданымыздың белді кәсіпкері Бақытжан Ержанов та Абай ауылында көп шаруа атқарып жатыр. Абай ауылының балаларына хоккей кордын, шағын футбол алаңын тұрғызып, жағдайы төмен отбасыларға үй сатып алып беріп, газ өткізуге көмектесті.

Біз тұрғызған Абай ескерткішіне де 22 жыл болды. Бүгінде оның қоршауы тозып, тұғырының мәрмәр плиталары түсіп жатыр. Қазіргі кезде оның айналасына гүл егілмейді, тал да жоқ.  Ескерткішке жақын маңнан су өтіп жатса да, суару желісі тартылмаған. Күтімсіз қалған Абай ескерткішіне жаңа қоршау  керек. Су желісі жүргізіліп, тал-терек отырғызылып, гүл егілсе, ауылдың сәнін ашар шағын саябаққа айналар еді. Бұл Абай ауылының тұрғындарының қолынан келетін шаруа. Оны іске асыруға тек ынта  жетпей тұр.

 Иван АРЖИНТ,

 Абай ауылы,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button