Ауыл

Көш: дағдарыс па, даму ма?

«Адам итшілеп өмір сүрмеуі керек», — дейді кейіпкеріміз. Ол туған топырақ, өскен жер, атажұрты ауылын тастап, қаланы сағалап кеткен көп қазақтың, өкінішке қарай, бәрінің бірдей жағдайы мәз, тірлігі шат емес екенін айтады. Расында, біреудің босағасында пәтер иесінің қас-қабағына қарап, жалтақтап, тапқан-таянғанын пәтерпұл қылып, бар күш-қуатын сол пәтерақыны табу үшін сарқа жұмсап, қаншама тағдыр жүр…  «Сол себепті, күнкөріс үшін қалаға кеткен көпшілік бәрібір кіндікжұртынан артық құтты қоныс таба алмайды. Өмірді кісі есігінде өткізбей, ауылда өз шаңырағыңның уығын тіктеп, өз ошағыңның отына жылынғаннан артық бақыт жоқ. Біздің құтымыз— ауылда», — дейді ардагер ұстаз, көпті көрген ақсақал Аманғали Жалдыбек.

Ол сол бір жылдары алыстағы аз үйдің мекені болған Көптоғайын Ақтөбеге айырбастамағанын, Ақтөбе педагогикалық институтына оқу орнының ректоры Мұхтар Арынның өзі қызметке шақырып тұрғанда ауылдағы бастауыш мектебін қиып кете алмағанын айтады. Оның тағы бір үлкен себебі — отбасы алдындағы жауапкершілік еді…

Көптоғайдың тынысы

Ол өзі туып-өскен Байғанин өңірін мақтан тұтады. Он-ақ түтіні бар Көптоғайды зәулім үйлері, еңселі ғимараттары көп,сән-салтанаты асқан қаладан артық көреді. Атақоныстың табиғаты да ерекше. Ауыл іргесінде бастауын Мұғалжар тауларынан алатын Сағыз өзені ағып жатыр. Жағалауында қалың қамыс пен ши ұйыса өскен. Ойдым-ойдым құмына дейін шаруаға ыңғайлы. Атакәсіп мал өсіруге ең қолайлы жер де осы Көптоғай. Биыл қыста мал қорада бір күн де тұрмапты. Жалпы біздің облыстың қысы қатты десек те, өңір аумағын қамтыған үскірік аяздыңайбынды ызғары Көптоғайда сезілмейді екен.  Сол себепті де мұнда басқа ауылдармен салыстырғанда мал қораға 1-2 ай кейін тұрады және жайылымға бір ай ерте шығарады.

Мұндағы әр үй өз шаруаларын дөңгелентіп отыр. Шаруа қожалығын құрып, мал басын көбейтуге күш салуда. Шүкір, мал жетеді. Мал азығын да өздері дайындайды. Шөп шабатын, жинайтын, таситын арнаулы техникалар да талапқа сай. Әр үйде трактор, жеке көліктері бар. Тұрғындардың тұрмысы жақсы. Еңбектеніп баққан малы бар мәселені шешіп отыр: қаржы да, тамақ та, сусын да, мүлік те, киім де, көлік те, иен далаға көрік те. Мұндай құтты мекеннен ешқайсысының көшкісі жоқ.

Ауылда өркениет игіліктерінің бәрі болмағанмен, көбі бар. Әзірге бір ғана мәселе — газ. Дегенмен оны да ауыл халқы үлкен мәселе санамайды. Қашанда шүкірі таусылмаған жұрт ата-бабасының көгілдір отынсыз-ақ, сексеуіл мен томар жағып, тезек пен қи жағып, әлсін-әлсін күл шығарып жүрсе де, бақуатты тірлік еткенін айтады. 70 жыл бойы дәуірлеп тұрған Кеңес өкіметі кезінде де болмаған игілікті қазір қайта көп халық Тәуелсіздіктің арқасында көріп отыр. Көптоғай жұрты соны айтып сүйсінеді.

Заман талабына сай тұрмыс түзеу, жаңа технологияларды игеру —   көптоғайлықтардың да мақсаты. Соның арқасында мұндағы жұрт үй жылытудың тиімді тәсіліне көшті. Бұрынғыдай үйді жылыту үшін әр бөлмедегі ошаққа тамыздық құйып, от жағып, әуреге түспейді, қазір бірнеше бөлмелі үйді бір ғана ошаққа от жағу арқылы жылытатын болды. Ол үшін арнайы жылу батареялары тартылған. Өркениеттің ауылдағы үлгісі осындай-ақ болар.

Көптоғай  өмір жолынан — теміржолдан да қашық емес. Ақтөбе-Атырау теміржолының бойындағы Сағыз (Атырау облысы) стансасы ауылдық округтен небары 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Ал аудан орталығы Қарауылкелдіге жету үшін 100 шақырымдай жол жүруге тура келеді. Сол себепті ауыл халқына Сағыз арқылы Ақтөбе мен Атырауға қатынаған ыңғайлырақ.

Ауылда жалпы 50-ге жуық адам тұрады. Мұндағы бастауыш мектеп осыдан 2-3 жыл бұрын бала санының аздығына байланысты жабылып қалды. Бұл тек Көптоғайдың мұңы емес. Қазақтың шағын ауылдарының басым бөлігіне, тіпті бәріне тән. Қазір Байғанин ауданының аумағында бір бастауыш мектеп қана сақталып қалды. Ол — Қопа ауылдық округіне қарасты Айрық ауылындағы білім шаңырағы.

Ауылда медпункт те жоқ. Алайда олар бұл үшін де билікті кінәлап, жазғырмайды. Округ орталығындағы медицина қызметкерлері аптасына бір рет өздері келіп, тұрғындарды қабылдайды.

Кеңес өкіметі тұсында Көптоғайда 35 үй болыпты. 170-ке жуық тұрғын болған. Мал шаруашылығымен айналысқан фермада 13 мың қой, 2000 жылқы, 200-ге жуық түйе өсіріліпті.

Ал округ орталығы Ебейтідегі бұрынғы 300-ден астам түтіннен қазір 150-ге жуық үй қалған. 90-шы жылдардың басындағы қиындық халыққа ауыр тиді. Оның үстіне 1997 жылы кеңшар тарап, ондағы жұмысшылар жұмыссыз қалды. Сөйтіп, ауыл халқының облыс орталығына, қала маңындағы ауылдарға қарай көші басталды.

«Бұл көш жалпы елімізде әлі де тоқтайтын емес. Қалада жұмыс жасауға бір адамның табысы жеткіліксіз. Баспаналы болу да үлкен мәселе. Бір адам 2-3 жерде жұмыс жасауына тура келеді. Тынымсыз тірлік. Әсіресе, жас отбастарына қиын тиеді. Үй болып кету ұзақ процесс қой. Адам өмірге келген соң атына лайық өмір сүруі керек, итшілеп өмір сүрмеуі тиіс.

Ауылда да қаладағыдай тірлік кешуге болар еді. Сондықтан жастардың ауылда тұрақтанғаны жөн», — дейді ардагер ұстаз.

«Шақырған қызметке бармадым…»

Кейіпкеріміз Аманғали Жалдыбек Көптоғайда 50 жылдан бері тұрады екен. 40 жыл бойы ұстаздық еткен. Қазір зейнет демалысында.

1970 жылы бұған дейін Қопа, Айрық ауылдарындағы мектептерде жұмыс істеген жас маманды білім бөлімінің басшылары осы Көптоғай ауылына жіберіпті. Содан 35 жыл бойы үзбестен осындағы бастауыш мектепте еңбек етті.

Ол 1966 жылы қазіргі Атырау облысындағы педагогикалық институтты қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдағанмен, елге келгеннен кейін мамандығына сәйкес жұмыс болмай, еңбек жолын Қопа ауылындағы (колхоз орталығы) 8 жылдық мектепте бастауыш сыныпқа сабақ беруден бастапты. Онда екі жыл жұмыс істегеннен кейін оны көршілес Айрық ауылындағы мектепке жұмысқа ауыстырады.

«Ата-анам жасы үлкен кісілер еді. Мен отбасындағы жалғыз ұл болдым. Мамандығыма байланысты шалғайдағы ауылдар Оймауыт, Диярдағы мектептерден жұмыс табылып еді, онымен ата-анам қарсы болды. «Жасымыз ұлғайғанда бізді ел кездіріп, елді аралатпа» деді. Сол бірауыз сөзден кейін ауылдан алысқа ұзағаным жоқ. 1966 жылы Қопада 1-сыныпқа 40 бала қабылданды. Соны екіге бөліп, біріне мен сабақ бердім. Өз мамандығым емес. Бұрын бастауышқа сабақ беріп көрген жоқпын. Әдіс-тәсілін де жете білмеймін. Көрнекілік жоқ. Бәрін қолмен жасаушы едік. Бірақ сол уақыттағы тәжірибелі мұғалімдердің сабағына кіріп, көп үйрендім», — дейді Аманғали Жалдыбек.

Ол қоғамдық жұмыстарға да белсене араласыпты. Сол кездің идеологиясын ел арасында насихаттауға тартылды. Облыстағы таңдаулы насихатшылардың бірі болды. Бұл еңбегі бағаланды да. 1982 жылы оны сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Василий Ливенцов естелік медальмен марапаттаған болатын. Сол жылы Байғанин ауданынан бір өзі ғана мұндай құрметке ие болған-ды.

1974-1984 жылдары аудандық сотта халық заседателі болып, қоғамдық жұмыс атқарды. Ол аудандық партия комитетінің кадрлар резервінде де есепте тұрды. Кейіпкерімізді 1986 жылы Ақтөбедегі педагогикалық институтқа  білім шаңырағының сол кездегі ректоры Мұхтар Арын қызметке шақырыпты. Бұл туралы Аманғали Жалдыбек былай деп еске алды:

«Үлкен қателігім шығар деп ойлаймын, сол институтқа жұмыс жасауға бармадым. (Бұл кезде үлкен кісілер жоқ. Әкем мен анам 1968 жылы дүниеден озған).Бұған отбасым алдындағы жауапкершілік себеп болды. Жатақхана беріледі екен. Ал пәтер кезегі ұзаққа созылатындай көрінді. Өйткені ректор жылына институт қызметкерлеріне 4-5 үй ғана берілетінін айтты. Содан жатақханада тұрып, жұмыс істеуді қолайлы көрмедім. Отбасым қиналып қалар деп ойладым. Сөйтіп сол Көптоғайымды, ондағы бастауыш мектебімді тастап ешқайда кеткім келмеді…».

Үлгіге айналған іс-тәжірибе 

1986 жылы Шалқар ауданына қарасты Бершүгір ауылында облыстық семинар өтті. Ауқымды шараға облыстың әр аудан, ауылынан педагогтер көп жиналды. Семинарда Аманғали Жалдыбек «Шағын жинақты мектептерде екі сыныпқа қатар сабақ беру» атты іс-тәжірибесін көрсетті. Бұл еңбек білім саласындағы басшылық тарапынан, білікті, тәжірибелі ұстаздар тарапынан жоғары бағаланды. Облыстық білім жетілдіру институты оның еңбегін облыс педагогтеріне үлгі ретінде таратты. Сол жылы «Аға мұғалім», арада алты жыл өткен соң жоғары санатты педагог атанды.

…1967 жылғы қазан айының аяғындағы «лекция» жас маманға үлкен сабақ болыпты. «Қоңыраудан кейін мұғалімдер бөлмесіне кірсем, онда бейтаныс, жүзі суықтау кісі отыр. Сөйтсем, ол сол кездегі облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі екен. Мұғалімдерден оқудың жайын сұрай бастады. Бір кезде бөлмеге әріптесіміз кіріп келді. Үйлесімсіз киініп алыпты. Басшымыз оның мұғалім екенін директордан сұрап білгеннен кейін киім кию әдебі, қоғамда педагогтің өзін-өзі ұстауы туралы біраз әңгіме айтты. Сол жиыннан кейін күні бүгінге дейін галстук тастамайтын болдым. Шалбардың қырын шығарып үтіктейтін болдық. Сөйтіп, меңгеруші бір кісіні мысалға алып, бізді сондай қалыпқа салып кетті», — дейді Аманғали Жалдыбек.

Ол ата-анасының айтуымен ерте үйленіпті. Марқұм зайыбы Майра үлгілі келін атанды. Ата-енесін аялап бақты. Мәдениет саласында ұзақ жыл еңбек етті. Ауылдағы мәдениет үйінің меңгерушісі болды. Олар ұл-қыз тәрбиелеп, өсірді. Бүгінде ұлы — ұяға, қызы қияға қонды. Олардан немере, шөбере сүйіп отыр.

2018 жылы Аманғали Жалдыбектің «Ұрпаққа бар айтарым» деген атпен естеліктер, өлеңдер жинағы жарық көрді. Оны шәкірттерідемеушілік жасап, шығарып беріпті. Сондай-ақ олар ұстаздарының құрметіне ауылдатәрбиелік мәні бар шара өткізіпті.

Ұлағатты ұстаз Аманғали Жалдыбекұлы аудандағы ұйымдастырылған қоғамдық, мәдени шаралардан да тыс қалған емес. Кең көлемдегі жиындарда жалпы қоғамдағы ахуалға байланысты өзінің ой-пікірлерін ашық айтады. Ауылды көркейту, бала тәрбиесі, жастар мәселесі, атакәсіп малшаруашылығын дамыту туралы айтқан әңгімелері көпшілік көңілен шығып, баспасөз беттерінде өлеңдері, мақалалары жарияланып жүр.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button