Білім

Қашықтан оқыту қалай ұйымдастырылды?

Президенттік қолдау

Мектептер төртінші тоқсанда бүтіндей қашықтан оқыту режиміне көшірілгені мәлім. Облыс аумағында қашықтан оқытуға қатысты қандай жұмыстар жасалды және жасалып жатыр? Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаевамен пікірлескен едік.

—Расын айта кету керек, ел тарихында жаппай қашықтан оқыту деген бұрын-соңды болмағандығы салдарынан бастапқыда тосылып қалғанымыз рас, дегенмен, облыстың педагог қауымы бұл сыннан да сүрінбеді, жұмылып жұдырық болды. Қашықтан оқытуға дайындық барысында облыстың әр түкпіріндегі әр баланың жағдайы жіті зерттелді: ол баланың интернетке қолжетімділігі, телеарна, соның ішінде сабақ жүргізілетін «Балапан», «Еларна» арналарына қолжетімжділігі, электронды платформада жұмыс істеу мүмкіндігі — барлығына тұтастай сараптама жасалды.

—Мұғалімдер де орта білім саласында да, арнаулы білім беру саласында да жаппай қашықтан оқыту тәжірибесі болмағандықтан, электронды платформада жұмыс істеуге толық даяр болмағаны айқын. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілді?

—Қашықтан оқыту туралы шешім қабылдағаннан кейін балалар каникулға жіберілгенде ұстаздары үйде қарап отырған жоқ, демалыс кезінде тұрақты түрде қашықтан оқытуды ұйымдастыру жолдары түсіндірілетін онлайн вебинарлар, семинарлар, басқа да жұмыстар жүргізілді, олар әлі де жүргізіліп келеді. 6 сәуірде облыстағы 402 мектептің 151 058 білім алушысы төртінші тоқсанды қашықтан оқытумен бастады. 1099 педагог қашықтан оқыту технологиясы бойынша сабақтарын жалғастырып жатыр. Қазіргі кезде қашықтан оқыту екі тетік бойынша жүргізіліп жатыр. Біріншіден, 16770 оқушы (11%) телевизиялық сабақтар арқылы оқуда. Яғни интернетке және ұялы байланысқа қол жеткізуге техникалық мүмкіндіктері жоқ 186 ауылдық елді мекенде балаларға «Еларна», «Балапан» арналары арқылы сабақ өткізіліп жатыр. Екіншіден, 134 288 оқушы (89%) қолжетімді Bilimland.kz, daryn.online.kz, kundelik.kz, School.ozin-ozi-tanu.kz  платформаларды пайдалана отырып қашықтан оқытылып жатыр. 6698 оқушыға мектептердің балансында тұрған компьютерлер уақытша пайдалануға берілді. Сондай-ақ, жалпы алғанда 809 миллион теңге қаражат қарастырылып, жергілікті бюджет есебінен 2400 ноутбук, республикалық бюджеттен 1700 компьютер алынды.

—Интернетпен қамтылмаған, жағдайы жоқ балалар бар ма? Оларға қандай көмек көрсетіліп жатыр?

— Сабақ оқымай қалып жатқан бала жоқ, барлығына да қандай жолмен болса да үй тапсырмасы беріліп, сабақ өткізіліп жатыр. Мәселен, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған 4 арнайы мектепте білім алатын 573 балаға қашықтан оқыту ұйымдастырылды. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тоғыз бала өздері білім алып жатқан интернатта қашықтан оқып жатыр. Ол балалардың қауіпсіздігі үшін барлық санитарлық-дезинфекциялық шаралар талапқа сай жүзеге асырылып отыр. Қазіргі уақытта 13966 оқушы (оқушылардың 93 пайызы) компьютермен жабдықталды, тек 11398 оқушы (7 пайызы) ғана жабдықталған жоқ. Облыстық білім басқармасы тарапынан облыс педагогтері көмегімен 0-11 сынып оқушылары үшін бейнесабақтар әзірленіп, өзіміздің ютуб арнамызға апта сайын орналастырылып жатыр. Бүгінге дейін облыс педагогтері 100-ге жуық бейнесабақ  әзірлеп, оқу-әдістемелік орталығының  YouTube арнасына орналастырды. Айта кету керек, біздің облыстың үздік мұғалімдері биология пәні бойынша «Балапан», «Еларна» арқылы өткізілетін бейнесабақтар да өткізетін болады. Біздің мұғалімдер осы арналарда өткізілетін сабақтардан тыс басқа да бейнасабақтар түсіріп жатыр. Олардың барлығы біздің әлеуметтік желідегі арналарымыздан қолжетімді болады. Бұл сабақтарды мұғалімдер мен оқушылар ресурс ретінде пайдалана алады және бұл  жұмыс одан әрі жалғасатын болады. Сонымен қатар әдістемелік көмек беру бағытында «ДОТ-ТИПО-АҚТӨБЕ» телеграм каналы іске қосылды.

—Қашықтан оқыту тек мұғалімдерді ғана емес, оқушыларды да, сонымен бірге ата-аналарды да біраз әбігерге салғаны белгілі.  Ата-аналармен қандай жұмыстар жүргізілді? 

—Облыстық, қалалық, аудандық білім бөлімдерінде 14 call-орталық іске қосылды. Бұл жерлерде 42 маманымыз уақытпен санаспай жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда 38 өтініш тіркелді. Олардың дені облыстық, қалалық білім басқармаларының call-орталықтарына түсті. Қоңырау шалушылар негізінен компьютермен қамтамасыз ету, мұғалімдердің жалақысының сақталуы, қашықтан оқыту, интернет жылдамдығы, әлеуметтік көмек алу, қалада жүру үшін рұқсатнама алу сынды мәселелермен хабарласты. Ерікті болып қызмет жасау, дүкендердің қызмет жасау уақытын білу, тіпті төтенше жағдай бойынша хабарламаның телеарнадан көрсетілетін сабаққа кедергі келтіріп жатқанын айтып, хабарласқандар да болды. Ақтөбе қаласының оқушыларының арасында ауылға кетіп қалғандар, басқа облыстан келіп, Ақтөбеден шыға алмай қалғандар да хабарласты. Мәселен, Алматы қаласының оқушысын уақытша кітаппен қамтамасыз ету қажеттігін айтып бір ата-ана хабарласты. Сондай-ақ тағы біраз ата-ана жеке мектептердің қашықтан оқытып жатқанына қарамастан, оқушының тамақтануы үшін ақша төлеуді талап ететінін айтып, телефон соқты. Барлық сұрақтарға тиісінше жауап берілді.

—Қазіргі кезде қосымша білім беру орындары да уақытша жабылғаны белгілі. Осы ретте балалардың қосымша білім алуы да тоқтатылды ма?

— Жоқ, толық тоқтатылды деуге болмайды. Қосымша білім алуға да барынша мән беріліп отыр. Қазіргі кезде 28 628 бала 800-ден астам  үйірме мен  секция жұмыстарына қашықтан қатысып, білім алып жатыр. Бұл сабақтар Zoom платформасы, Instagram, WhatsApp, YouTube, телеграм әлеуметтік желілері арқылы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру саласында да қашықтан оқыту жүйесі өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Бүгінде облыста 43 колледж қызмет жасайды. 34 білім алушысы бар бір колледж қылмыстық атқару жүйесіне жататындықтан және 8 оқушысы бар арнайы есту, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаты жабық мекеме болғандықтан оқу процесі бұрынғыдай, яғни дәстүрлі түрде жүргізіліп жатыр. Облыстағы 38 колледжде білім алып жатқан 15 899 оқушы (жалпы контингент — 18180) 16 сәуірден бастап қашықтан оқуды қолға алды. Айта кетейік, барлық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында да сall-орталық қосылды. Мұнда кез келген ата-ана, оқушылар хабарласып, өз сұрағына жауап ала алады. Кез-келген техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының педагогі облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының сайтын да пайдалана алады. Онда қашықтан оқыту айдары ашылып, әдістемелік нұсқаулықтар, бейнесабақтар орналастырылды. Мектепке дейінгі білім мен тәрбиеге қатысты айтар болсақ, елімізде төтенше жағдай жарияланған кезден бастап мектепке дейінгі мекемелер штаттық режимде жұмыс істеп, балалардың балабақшаға ата-аналардың қалауымен еркін баруы қамтамасыз етілген болатын. Ал 29 наурыздағы қаулыға сәйкес, барлық мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың жұмысы тоқтатылды. Балалардың балабақшаға бармаған уақыттары үшін ешқандай қосымша ақы алынбайды және балалардың орны сақталады.

 Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button