Жеңіс

Шталагтағы жеті жауынгердің дерегі

Жеңіс-75

«Ақтөбе» газетінің өткен сандарының бірінде  жарияланған «Шталагтағы ақтөбелік тұтқындар немесе Харьков операциясының құрбандары» атты мақалада  Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс-фашистердің қолына түсіп, Германия, Польша, Румыниядағы әскери тұтқындар лагерінде  қайтыс болған 26 ақтөбелік жауынгердің дерегін жариялағанбыз.

Жоғалған жауынгерлер туралы мәліметтерді Батыс Қазақстан облысының өлкетанушысы Ахмедияр Батырханов жіберген еді. Газетке шыққаннан кейін Гитлердің әскери тұтқындар лагерінде қайтыс болған 26 атамыздың туыстары табылар деген үмітте болдық. Әлеуметтік желілерге де тұтқындар картотекасын салдық. Іле-шала Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағанбетов хабарласып,ДауылбайҚұмаров (1918-1942) пен ҚасымІзденовтің (1902-20.01.1945) жақындары табылғанын қуанышпен жеткізді. Темір ауданынан қоңырау шалған Дауылбай Құмаровтың немересі үлкен әжесінен атасының соғыста хабарсыз кеткенін естігенін айтты. Үйлерінде ешбір суреті де қалмағандықтан, атасының  лагерь анкетасындағы суретін жариялауды өтінді. Аудан әкімі дерегі табылған екінші жауынгер ҚасымІзденовтенұрпақ қалмағанын, тек Темір ауданында   немере туыстары тұрып жатқанын айтқан еді.

Сондай-ақ Шалқар ауданының бұрынғы «Сарбұлақ» кеңшарының Алағозы деген жерінен әскерге шақырылған ҚажығалиБисеновтің (1902-1943) немересі, дәрігер Қабдолла Қажығалиев қоңырау шалды. Соғыста хабарсыз кеткен атасының тағдырының Германияда аяқталғанына көңілі қатты қобалжығанын жеткізді.

Ырғыз ауданынан әскерге шақырылған МырқиясКөбеновтің шөбересі Эльмира Қалиқызы хабарласты. Оның айтуынша, МырқиясКөбеновтің ұрпақтары қазіргі Ырғыз ауданы Аманкөл ауылдық округіне қарасты Тельман елді мекенінде тұрады. М.Көбенов 1942 жылы Басқұдық ауылынан әскерге кеткен. Сұлуқопа деген жерде тұрған. Сол жылдары кейінгі Комсомол (қазіргі Әйтеке би) ауданының көп елдімекендері Ырғыз ауданының аумағына кіргендіктен, соғысқа осы ауданның әскери комиссариаты арқылы шақырылған.

Ырғыз, Темір, Шалқар аудандарынан хабарласқан төрт жауынгердің немере-шөберелері аталарының суреттерін көргісі келетіндерін айтып, атаусыз қалған жауынгерлер деректерін жариялағанымызға зор ризашылықтарын жеткізді.

Мұрағат деректерімен жұмыс істей отырып, Ақтөбе облысынан шақырылған бұл жауынгерлер 1942 жылдың жазында Харьков түбіндегі қырғында топ-тобымен қолға түскен кеңес жауынгерлері екендігіне көз жеткіздік. Өйткені шталаг анкеталарында қай жерде, қай күні тұтқындалғаны туралы мәлімет мұқият жазылған.

Екінші дүниежүзілік соғыс тарихынан белгілі, сәтсіз жоспарланған Харьков түбіндегі әскери операция кезінде Кеңес Одағының 4-армиясының әскері   Гитлердің 6-құрлықтық және 1-танк армиясының қоршауына түсті. Кеңес армиясының 5 мың жауынгері өліп, 170 мыңнан астамы қолға түскен. Сол кезде Германия жағы «Харьков түбінде Кеңес армиясының 240 мың адамын тірілей қолға түсірдік» деп жер жүзіне хабарлаған. Мамырдың соңы мен шілденің ортасына дейін қолға түскендерді Гитлердің SD зондеркомандасы тұтқындап, тексеріп, Польша, Румыния мен Германиядағы әскери тұтқындар лагеріне жөнелткен.

Әскери тұтқындар лагеріне түскен кеңес жауынгерлерінің барлығында да «Тұтқын анкетасы» деген анықтамаға елдегі туыстарының, әкесі не анасының, әйелдерінің аты-жөндері жазылған. Бір қызығы, төрт жауынгердің туыстары аталарын неміс тілінде жазылған тұтқын анкетасы арқылы таныды. Біз алдағы уақытта да мүмкіндігімізше Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің мұрағатына түсіп жатқан ақпараттарды жариялай береміз. Бұл —Германия үкіметі нацистік режимде қаза тапқан жауынгерлердің мұрағат деректерін Ресей Федерациясына беріп жатқан уақыттан бері ғана мүмкін болды.

Германия, Польша, Румыниядағы әскери тұтқындар лагерьлеріне жөнелтілген кеңестік жауынгерлер аштық пен суықтан, сүзектен қырылып жатты. Өйткені Кеңес Одағы әскери тұтқындарды қорғау туралы конвенцияға қол қоймағандықтан, кеңес жауынгерлерінің тұтқындар лагерінде ешқандай құқықтары болмады. Қызыл Крест мамандары кіріп, азық-түлік тарата алмады. Оның үстіне жаз кезінде тұтқынға түскен біздің жауынгерлердің қысқы киімдері де болмады, орман ішінде ашық алаңқайда жатып, Еуропаның қара суығында қысты өткізді, сүзек ауруы кең тарады. Жөнді ас берілген жоқ. Үсіген қырыққабат пен шіріген картоппен қоректенді.

Біз төменде деректерін жариялап отырған марқұм аталарымыз жаяу әскерде, атқыштар полкі құрамында соғысқан қатардағы жауынгерлер еді. Бұлар — Гитлердің СС арнайы қызметінің қатаң сүзгісінен өтіп, лагерьге жіберілгендер. Әдетте Кеңес армиясының саяси жетекшілері, командирлері көп жағдайда  концлагерьге жіберіліп, атылған. Сол сияқты тағдырдың жазуымен тұтқындар лагеріне тап болған қарапайым жауынгер аталарымыздың да өмірі қайғылы аяқталды. Қайтыс болған тұтқын анкетасының оң жақ жоғары тұсына лагерь лазареті қызыл крест түрінде белгі соғатын болған.

Төменде Ақтөбе облысынан әскерге шақырылған жеті жауынгердің дерегін  жариялап отырмыз. Өткен нөмірімізде жариялаған 26 жауынгердің 22-нің  туыстары табылар деген де үміттеміз.

Алмағамбетов Рахмет. 1912 жылы Ақтөбе облысы Степной ауданында туған (қазіргі Мәртөк ауданы). Әскери шені — сержант. 1942 жылдың 30 маусымында Харьков түбінде тұтқынға түскен. Шталаг ҮІІ  Бельцы. 1943 жылдың 31 мамырында лагерьде қайтыс болды. Тұтқын анкетасында тұрған жері Степной ауданының «Дальний» совхозы деп жазылған. Елдегі туысы: Алмағамбет Айхан. Жерленген орны: Румыния, Илфов уезі.

Алпысбаев Бадан Елдіұлы(1919-19.03.1942). Жұрын ауданынан әскерге шақырылған. 1941 жылдың 10 қыркүйегінде Чернигов түбінде тұтқынға түскен. Шталаг ІҮВ. Лагерьдегі нөмірі: 133196. Әкесі: Алпысбай Елді, Жұрын ауданы Егіндібұлақ ауылы деп көрсетілген. 1942 жылдың 19 наурызында қайтыс болған. Жерленген орны: Цайтхайн ІІ. 409-бөлік, 1-блок 1, 7-қатар.

Аймұхамбетов  Уәлихан. 1900 жылы туған. Пролетар ауданынан әскерге шақырылған.1942 жылдың 21 мамырында Харьков түбінде тұтқындалған. Тұтқын нөмірі: 6706. Елдегі туыстары: Қазихан, Үрбибі деп көрсетілген.

Айтмағамбетов Жұмаш Айтмағамбетұлы. 1901 жылы туған. Шалқар ауданынан әскерге шақырылған. 1055-атқыштар полкінің қатардағы жауынгері. 1942 жылдың 13 шілдесінде Воронеж түбінде тұтқынға түскен. Шталаг ІХ В. Лагерьдегі нөмірі: 9583. Туысы: Айтмағамбетова Бида, Шалқар.

Байдәулетов Әбіш. 05.03.1906 жылы туған. Соғысқа Жұрын ауданынан шақырылған. Шталаг ҮІ С. 1943 жылы 3 қаңтарда тұтқында қайтыс болған. Берген-Бельзенде жерленген.

Бекетов Құрманғали. 1901 жылы туған. Туған жері Ақтөбе облысының Тұмабұлақ ауылы деп көрсетілген (Бұрынғы Жұрын ауданы болуы мүмкін). Ол 1942 жылдың 8 мамырында Харьков түбінде тұтқындалған. Лагерь: шталаг ҮІ К(326). Әйелі Бенеуова Ағындық деп жазылған.

Сапарқозов (Сапарқұлов та болуы  мүмкін) Боққара. 1900 жылы туған. Шталаг анкетасында туған жері Құмсай деп көрсетілген. 1942 жылдың 30 маусымында Харьков түбінде тұтқындалған.

Бұл жерде кеңес тұтқындары көп жіберілген Германиядағы Берген-Бельзен  аймағындағы шталагтар (әскери тұтқындар лагері) туралы интернет мәліметтерімен толықтыра кетелік.1942 жылдың көктемінде Германияның ХІ әскери округі — Берген-Бельзен шталагтарында 13 500 әскери тұтқын қайтыс болды. Оларды бір шақырым жердегі Херстендегі бауырластар зиратына жерлеген.

Төменгі Саксон ұлттық орталығы (Германия) әкімшілігінің  мәліметіне қарағанда, 1941 жылдың қарашасы мен 1942 жылдың ақпаны аралығында аштық, сүзек пен  суықтан Берген-Бельзендегі №311 (XI C) шталагта 18 000-ға  жуық әскери тұтқын қайтыс болды. Ал 1945 жылдың 1 қаңтарында XI әскери округтің ортақ лазаретіне  айналған лагерь аурулары жататын орында 6 мың тұтқын қайтыс болған. 1945 жылдың басында Берген-Бельзен Гитлердің СС қызметінің концлагеріне айналды. 1945 жылдың мамырында Берген-Бельзен шталагтары Ұлыбритания әскерінің қолына өтті. Тұтқындар босатылған бойы бөртпе сүзегінің таралу қаупіне байланысты барактар өртелді. Бұл жерде қазір шағын ғана лагерь музейі тұр. Тұтқындар көмілген орын да тегістеліп кеткен. Соғыстан кейін VІ С шталагы музейге айналып, 1947 жылы Кеңес өкіметі барактардың орнына мемориал тұрғызып, «Бұл жерде неміс-фашист тұтқынында өлгенше азапталған 50 000 кеңес әскери тұтқыны жатыр» деген орыс, неміс, ағылшын тілдерінде жазуы бар белгі қойды.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бері 75 жыл уақыт өтсе де, Кеңес армиясының құрамында соғысқан жауынгерлердің деректері әлі де түгенделіп біткен жоқ. Германия мемлекетінің мұрағаттарынан табылып жатқан әр тұтқынның анкетасының артында әр отбасының тағдыры тұр.

 Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button