Басты жаңалықтарЖеңіс

Өшпес ерліктің куәгерлері

«Қариялар азайып бара жатыр» деп өлең жолдарында айтылғандай, жастайынан майданға аттанып, елін, жерін жаудан қорғаған соғыс ардагерлерінің қатары сиреп барады. Қазір облыста небәрі үш-ақ ардагер бар. Оның бірі 101-атқыштар бригадасының құрамында болған 102 жастағы Сатылған Бекмағамбетов болса, бірі — Днепрді азат етуге қатысқан 99 жастағы Қазтай  Тыныштықов, ал үшінші жауынгер —  І Украина, 111 Белорусь майдандарында болған 101 жастағы Василий Грецкий. Бұл үш майдангер де бүгінде ғасыр жасап, ұрпақтарының қызығын көріп отыр.

Ардагерлерге қандай құрмет көрсетіледі?

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Құрания Аймағанбетовтің айтуынша, биыл да облыстағы соғыс ардагерлері мен соғысқа қатысушыларға теңестірілген топқа жататын азаматтарға лайықты құрмет көрсетіледі. Жеңістің 78 жылдығына орай майданда болған жауынгерлерге 2 миллион теңгеден беріледі.

Қазіргі уақытта елімізде жеңіс жауынгерлеріне лайықты құрмет көрсету мәселесі жан-жақты қарастырылуда. Биыл да жылдағы дәстүрге сәйкес соғыс ардагерлеріне қаржылай қолдау көрсетіледі. Атап айтсақ, соғысқа қатысқан үш ардагеріміздің әрқайсысына 2 миллион теңгеден беріледі. Сондай-ақ соғысқа қатысушыларға теңестірілген топқа жататындардың еңбегі де ескеріледі. Бүгінде облыс бойынша олардың саны — 1886. Жеңілдік пен кепілдік бойынша соғысқа қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілгендердің есепшотына биыл 100 мың теңгеден аударылады. Облыс аумағында соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілгендердің әйелдері мен жесірлеріне 50 мың теңгеден төленеді. Бұл топқа жататындар саны — 225 адам, — дейді ол.

Сондай-ақ биыл 1941 жылдың 22 маусымы мен 1945 жылдың 9 мамыры аралығында кемінде алты ай әскери қызмет өткерген азаматтар мен тыл еңбеккерлеріне 50 мың теңгеден беріледі. Бүгінде өңірімізде жалпы саны 2816 тыл еңбеккері бар.

Құрания Аймағанбетовтің айтуынша, Жеңіс жауынгерлері түгелдей тұрғын үймен қамтылған, оларға дәрі-дәрмек уақытында беріледі, медициналық көмек жүйелі түрде көрсетіледі.

— Соғыстың аяқталғанына 78 жыл толса да, майдангерлердің көкірегінде сол кезден қалған жан жарасы әлі де жүректерін сыздатады. Сол бір зұлмат жылдардың қасіреті ешқашан ұмытылмайды. Соғыста оқ пен оттың арасында жүріп, Жеңісті жақындатуға үлес қосқан ардагерлеріміздің қатары сиресе де, олардың есімі мен ерлігі болашақ ұрпақтың есінде мәңгі қалары сөзсіз, — дейді ол.

Сатылған атаның тілегі

Сатылған Бекмағамбетов 1921 жылы Ойыл ауданының Саралжын ауылында дүниеге келген. Ол Қобда ауданындағы Жиренқопа ауылындағы мектепте оқып, зоотехник мамандығын алған.

1941 жылдың 9 желтоқсанында аудандық әскери комиссариат арқылы әскер қатарына шақырылып, соғысқа аттанған. Мәскеу түбіндегі, сондай-ақ Ржев, Смоленск жеріндегі қанды шайқастарға қатысып, аман қалған. Екі рет жараланып, тұтқынға да түскен, жолдастарымен бірге одан да қашып шыққан. Жауынгердің үйіне сол жылдарда екі рет «қара қағаз» келіпті. Майдангер 1942 жылы 101-атқыштар бригадасы құрамында болған. Тарихқа сүйенсек, 101-атқыштар бригадасы Ақтөбеде жасақталған. Оның құрамына Ақтөбе, Гурьев, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының тұрғындары шақырылған. Бастапқы кезеңде подполковник Севастьян Яковленко командир болып тағайындалып, саяси жетекшілік тізгінін Нұри Әлиев ұстайды. Бригада штабы №6 мектепте орналасқан. Бригада құрамында 3804 жауынгер мен командир, 16 жүк және 6 жеңіл автокөлік, 460-тан астам ат және тағы басқа да материалдық игіліктер болған.
Биылғы қаңтарда 102 жасқа толған Сатылған Бекмағамбетов — 101-атқыштар бригадасы құрамында болғандардан қалған көзі тірі жалғыз жауынгер. Ол Жеңісті Кенигсбергте қарсы алған.

Балаларының айтуынша, ардагердің денсаулығы жаман емес. Үйдің ішінде жүреді, сыртқа көп шықпайды. Бүгінде ғасыр жасаған майдангер 8 баласынан оннан астам немере, 20-дан астам шөбере, тіпті шөпшек те сүйіп отыр. Ал ардагердің зайыбы 85 жасында өмірден өтіпті.

— Жыл сайын облыс басшылығы біздің ерлігіміз бен еңбегімізді елеп, қолдау танытып, құрмет көрсетеді. Азаматтардың сый-құрметіне деген алғысым шексіз. Енді соғыс болмасын! Ұрпағымыз бейбіт елде бақытты ғұмыр кешсін! Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! — дейді ардагер.

Майданнан келіп мал дәрігері болған

Қазтай Тыныштықов 1924 жылы Байғанин ауданында дүниеге келген. 1940-1942 жылдары бұрынғы Ключевой ауданының Пролетар совхозында (Ақкемерде) жәрдемші шопан болған. 1942 жылы Уфа қаласына әскер қатарына алынып, әскери оқу-жаттығудан өткен.

1943 жылы Ленинград қоршауында болып, кейін «Курск доғасы» шайқасына қатысқан. 1944 жылы 2-ші Украин майданы сапында Днепрді азат ету үшін болған ұрысқа қатысқан. Бұл майданда снаряд жарқыншағы тиіп, ауыр жараланып, госпитальда емделеді. Ем алып шыққан соң комиссияның шешімімен ауылға оралады. Соғыстан келген соң Ключевой ауданының Жұрын совхозында аға шопан болып еңбек етеді.

Қазтай Тыныштықов бұрынғы Новоресей ауданында 10 айлық курстан өтіп, мал дәрігері мамандығын игерген. Ұзақ жылдар бойы мал дәрігері болып жұмыс жасап, құрметті еңбек демалысына шыққан.

Ардагер ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Еңбек ардагері», т.б. көптеген медальдармен марапатталған.

Қазір ол Ембі қаласында кіші баласы Темірбектің қолында тұрады. Отбасында зайыбы екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген.

— Атамыз қазір үлкейді. Әңгіме айтса, шаршап қалады. Дегенмен Алланың берген жасы шығар, міне, биыл 99-ға толды. Соғысқа қатысып, елді жаудан азат етуге қатысқан атамыздың ерлік жолы, соғыстан кейін елді мекендерді қалыпқа келтіруге қосқан үлесі бүгінде ел аузында. Осындай ардагердің ұрпағы болғанымызды мақтаныш етеміз. Атам мен енем — өте тату-тәтті өмір сүрген адамдар. Бес бала өсіріп, тәрбиеледі, бәрі түрлі салада қызмет етті. Қазір балаларының үлкені 72 жаста болса, ең кішісі — менің жолдасым 65-те. Енемнің өмірден өткеніне 35 жыл болды. Сол уақыттан бері атамды өзім бағып келемін. Өте сабырлы, мейірімді кісі. Бес баладан 13 немере, 20 шақты шөбере сүйіп отыр, — дейді қолындағы келіні Сағира.

Жеңісті Ельцихте қарсы алған

Василий Грецкий 1922 жылы Белоруссияның Полоцк қаласында дүниеге келген. Соғысқа дейін Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында жұмыс жасаған.

1942 жылы Алматы қаласының әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылған. Алматыда алты ай әскери даярлықтан өтіп, 1943 жылы майданға жіберілген. І Украина, 111 Белорусь майдандарының құрамында сегізінші полктың бірінші кавалериялық корпусында болған. 1945 жылы Жеңісті Берлиннен 75 шақырым жердегі Ельцих қаласында госпитальда қарсы алыпты. Бұдан соң сегізінші полк Орал қаласында дислокацияға жіберілген. 1946 жылы соғыста алған жарақаттарына байланысты әскер қатарынан босатылған.

Соғыстан оралған соң Василий Грецкий теміржол депосына жұмысқа орналасқан. Осы салада 45 жыл жұмыс істеп, 1984 жылы зейнетке шыққан. 2001 жылы ол Хромтау қаласына қоныс аударған. Қазір осы ауданда тұрып жатыр. Зайыбымен үш бала тәрбиелеп өсірген.

                                                 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button