Басты жаңалықтарЖеңіс

Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды

Ақтөбе облысында Жеңіс күніне арналған мерекелік шаралар өтуде.

Бүгін өңір басшысы Ералы Тоғжанов аты мәшһүр 101-ші атқыштар бригадасында елін қорғап, бүгінде көзі тірі қалған жалғыз батыр – Сатылған Бекмағамбетовті мерекемен құттықтап, үйіне барды.

Ардагерге әскери оркестр құрмет көрсетті.

«Ақтөбеде жасақталған 101-ші атқыштар бригадасының ерлігі ерен, құны жоғары. Дивизия құрамына енген 5 мыңға жуық жауынгер майданға аттанса, тек 500 сарбаз қанды шайқастан аман қалды. 1945 жылы үйлеріне жеңіспен оралған сарбаздарымыздың саны одан да аз болды. Ұрыс алаңында қаза тапқан батырлар ешқашан ұмытылмайды. Есімдері – ел есінде. Бүгін деніңіз сау, қуатты екеніңізді көріп қуанып отырмын. Сіздерге бізге сыйлаған жеңістеріңіз үшін алғыс айтамыз, алғыс айта береміз», – деп атап өтті облыс әкімі.

20 жастағы Сатылған 1941 жылдың желтоқсанында Кеңес Әскері қатарына шақырылып, Мәскеу түбінде Ржев, Курск, Орел және Белгород қалаларында 101-атқыштар бригадасының құрамында соғысты.
1943 жылы ол Смоленск маңында жарақат алып, тұтқынға алынған. Жақындарына қатардағы жауынгердің жоғалып кеткені туралы хабарлама жіберіледі.
Сарбаз тұтқыннан қашып үлгеріп, өзінің 740-шы Гвардиялық полкіне оралады, ал жеңіс күнінде ол жауынгер жолдастарымен бірге Кенигсберг бекінісіне шабуыл жасап, қамалды алады.

1946 жылдың жазында туған өлкесіне оралып, Сатылған Бекмағамбетов техникумды бітіріп, Қобда ауданының Жиренқопа ауылында 30 жылдан астам зоотехник болып жұмыс істеді. Сол жерде ол зейнеткерлік демалысқа шықты.

103 жастағы Сатылған Бекмағамбетов мерекемен құттықтап келгендерге ақ батасын беріп, барлық қазақстандықтарға бейбіт өмір, ашық аспан мен бірлік тіледі.

Сондай-ақ, өңір басшысы Кеңес Одағының батырлары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың есімін, олардың ерлігін ел есінде қалдырға үлес қосқан, «Қос Шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербесті Жеңіс күнімен құттықтады.
Қоғам қайраткері саналы ғұмырын қазақтың батыр қыздарының өмірлік жолдарын зерттеуге арнады. Әлия туралы көптеген құнды құжаттар, дәлелдер, экспонаттар жинады. Жәдігерлердің барлығын өзі негізін қалаған мұражайға топтастырды. Әлия Молдағұлованың 70 жылдығына орай жарық көрген оның «Подвиг длиною в жизнь» кітабы ағылшын тіліне аударылды. Ғалымжан Байдербес Мәншүк Мәметованың құрметіне көше атауын, сондай-ақ 2017 жылы Ақтөбе қаласының медицина колледжіне Әлия Молдағұлованың есімін беруге көп еңбек сіңірді.

Ералы Тоғжанов зерттеушіні Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, тарихи деректерді қалпына келтірудегі, өскелең ұрпақты батырлар үлгісінде тәрбиелеудегі орасан зор еңбегі үшін алғыс айтты.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button