Экономика

Төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлер құқы қалай қорғалып жатыр?

Елімізде жарияланған төтенше жағдай режимі шағын және орта бизнес субъектілеріне де әсер етті. Облыстың бірқатар шағын және орта бизнес субъектілері жұмыстарын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Әрине, адам денсаулығы мен өмірі — мемлекеттің басты құндылығы, дегенмен осындай күрделі кезде кәсіпкерлік саласын демеп, қолдау көрсету де аса маңызды.

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары Руслан Күйшіновтің айтуынша, 15 наурыз-14 сәуір аралығында палатаға 1500-ден астам кәсіпкер төтенше жағдайға байланысты туындаған мәселелерді шешуге қолдау сұрап хабарласқан:

—  Олардың дені жүк тасымалы, көрсетілетін қызмет көлемінің азаюы, екінші деңгейлі банк, лизингтік компаниялар, қаржы институттары тарапынан берілген несиелерді кейін шегеру, келісімшарт міндеттемелерін орындамаудан туындауы мүмкін тәуекелдер, жұмысшыларды жұмыстан босату, салық жеңілдіктері, форс-мажор туралы анықтама алу, сауда саласындағы қызмет көрсетуге қатысты бизнестің өзге де мәселелеріне қатысты көмек сұрады.

Келіп түскен барлық өтінішті сарапшылар жедел түрде зерделеп, нақты шешімін табуға тырысып жатыр, — дейді ол.

Р.Күйшіновтің айтуынша, әсіресе, қала сырттарындағы блок-бекеттерден өтуге рұқсат қағазын алуға қатысты өтініштер көп.

— Мысалы, «Дубль Транс»жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің фуралары Ресейге халықтық тұтыну тауарларын жеткізу үшін шығуға  тиіс болатын. Бірақ блок-бекеттерден өту үшін рұқсат алу қиындықтарына тап болды. Палата бұл мәселені оңды шешті. «Баумастер Интернэшнл» серіктестігі көліктерінің «Сағаршың», «Жайсаң» шекара бекеттері арқылы жүк алып өтуі үшін рұқсат қағазын алуға қолдау көрсеттік. «Жаңа Әлжан диірмен комбинаты»,  «Зерде» ғылыми-өндірістік бірлестігі, «Ақтөбе Trans Logistic» серіктестігінің осы секілді мәселелері де кәсіпкерлік палатасына жүгінгеннен кейін шешімін тапты, — дейді Р.Күйшінов.

Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласының айналасындағы блок-бекеттердің барлығында кәсіпкерлер палатасының өкілдері бекітілген. Олар карантин кезінде тасымалдауға рұқсат етілген тауарларды тасумен айналысатын бизнес субъектілері көліктерінің блок-бекеттен өту заңдылығына қатысты сұрақтардың барлығына жауап беретін болады.

— Бұған дейін блок-бекеттерден өту үшін QR-cod алу керек болатын, ендігі жерде рұқсаты бар барлық көліктер «Сергек» базасына тіркелуге тиіс. Алайда QR-cod алғандар автоматты түрде «Сергек» базасына енгізіле ме, жоқ па, ол мәселе бойынша қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қазір мұндай мәселелер көршілес облыстарда да бар, сондықтан кәсіпкерлер біздің жақтан блок-бекеттен өткенімен, ол жаққа барып, кедергіге ұшырауы әбден мүмкін, сондықтан бұл мәселе толығымен реттелгенше күте тұрғандары дұрыс, — дейді ол.

Бір айдың ішінде 82 кәсіпкер палатаға өз өтініштерін жазбаша жолдаған. Олардың 48-і оңды шешімін тапқан, басқалары бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жазбаша берілген өтініштер арасында сауда орындарында, базарлар мен жеке балабақшалар орналасқан ғимараттарда, жалға берілген басқа да коммерциялық нысандарда жалға алу құнын азайту, тіпті болмаса төтенше жағдай кезінде жалға алу ақысын төлеуден толықтай босату мәселелері көтерілген.

Р.Күйшіновтің айтуынша, бұл мәселені шешу үшін кәсіпкерлер палатасы жанынан қызмет және сауда саласында мониторинг жүргізу бойынша жұмыс тобы құрылған. Оның құрамында мемлекеттік органдар өкілдері, депутаттар, кәсіпкерлер мен палатаның баспасөз қызметі бар.

— Қазіргі уақытта жұмыс тобы сауда үйлерінің, сауда орталықтары мен базарлардың басшылығымен төтенше жағдай кезінде жалға берілген үй-жайлардың жалға алу құнын 50-70 пайызға дейін төмендету немесе мүлде босату туралы келіссөздер жүргізді. Кеңеске қатысқан 19 сауда үйі, орталықтар мен базарлардың 12-сі жалға алушыларға жеңілдіктер жасайтынын айтты. Сондай-ақ қазір монополистермен арада коммуналдық төлемдерді кейінге шегеруді, оны өсімпұлсыз төлеуді реттестіру мақсатында келіссөздер жүргізу үшін жұмыстанып жатырмыз, — дейді Р.Күйшінов.

Палата өкілі кәсіпкерлерге карантин талаптарын, жұмыс істеп жатқан жерлерде дезинфекциялық-санитарлық тазалық сақтауға шақырды.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button