Пікір

Бұл — абыройлы міндет

Ғалым ДӘУЛЕТАЛИН,

облыстық ішкі істер қызметі және ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы

Ел басына төнген қауіптен ешкім де сырт қала алмайды. Оған қарсы шаралар қолдану, бірігіп күресу — бәріміздің парызымыз. Коронавируспен күреске әскери міндетті қазақстандықтардың шақырылуы осы тұрғыдағы шараларды жандандыру, іс нәтижелілігін арттыру үшін жасалып отырғанын біз жақсы түсінеміз.

Бүгінгідей елде төтенше жағдай жарияланған тұста белгіленген тәртіптің қатаң сақталуы — қауіпті дертке тосқауыл қоюдың басты шарты. Оны орындау үшін қалай болғанда да күштік құрылымдардың көмегі қажет. Осы тұрғыдан жігерлі, әскери қабілетті азаматтарымыздың ортақ іске үлес қосып, абыроймен қызмет етуге мүдделілік танытуын құптаймыз.

Қазірдің өзінде біздің Ақтөбе өңірінде ішкі істер қызметі, әскери сала жауынгерлері бірігіп көптеген жұмыстар атқаруда. Оны көзімізбен көріп отырмыз. Олар блок-бекеттерде, нысандарды күзетуде, көше тәртібін сақтауда берік сапта тұр.

Сондай-ақ оларға су тасқынына қарсы шараларға қатысу, басқа да маңызды міндеттерді атқару жүктелетіні айтылды. Бұл істерді біздің жас жігіттеріміз абыроймен атқарады деп сенеміз.

Қандай қиын сәтте де ел бас көтерер азаматтарына сенеді, соларға сүйенеді. Солар жігерлі жүрсе, елдің де сенімі артады.

Арнаулы жиын кезінде оған шақырылған әскери міндетті адамдар әскери қызметкер мәртебесіне және заңға сәйкес әлеуметтік сипаттағы жеңілдіктердің бәріне ие болатыны айтылды. Демек, мемлекетіміз міндет артумен бірге қамқорлығын да көрсетуде. Әскери міндеттілердің арнаулы жиын кезінде жұмыс орны, лауазымы сақталатыны белгілі.

Ендеше Президентіміздің бұл бастамасы бәріміз үшін жасалып отырған игі қадам ретінде бағалануы тиіс. Оны біз қолдаймыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button