Әлеумет

Көмек шын мұқтаж азаматтарға беріледі

Тікелей эфир

Ақтөбе қаласының аумағында карантин режимінің енгізілуіне байланысты дүйсенбі күні Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов пен Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова «Ақтөбе» телекомпаниясының тікелей эфирінде «Індет пен міндет» бағдарламасына қатысып, тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Бағдарлама барысында алдымен Ербол Данағұлов елімізде төтенше жағдай жарияланған кезден бастап партия тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

— Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері 20 күн өтті. Осы уақыт ішінде республика аумағында көптеген жұмыс жүргізілгені өздеріңізге мәлім. Елдегі жағдайға байланысты Елбасы — Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Үндеу тастап, бүгінгі таңда партия жанынан «Біз біргеміз» қоры құрылды. Республикалық қорға еліміздің кәсіпкерлері мен меценаттары 13 миллиард теңге көлемінде қаражат аударды. Аталған қаржының 394 миллион теңгесі Ақтөбе облысына тиесілі. Қорға жиналған ақша тұрғындарға 7 категория бойынша берілетін болады. Бүгінгі таңда тізім жасалып, кімдердің қаржылай көмекке ие болатындығы анықталды. Біз аталған көмекке облыс бойынша 17 мыңнан астам адам ұсынған болатынбыз, бірақ министрлік 7894 облыс тұрғынына қолдау білдірді. Қазіргі күні бізге тізімге ензігілген азаматтарға жуық арада қолдау жасау тапсырылды. Жұмыс жүріп жатыр. Енді жоғарыда аталған 7894 облыс тұрғынына  50 мың теңгеден қаржылай көмек берілетін болады, — деген Ербол Данағұлов бұған дейін 17 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа облыстағы мыңнан астам отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілгенін атап өтті.

Ал өз кезегінде сөз алған Сұлупан Шынтасова Ақтөбе қаласының аумағына карантин режимін енгізу туралы қаулыны тағы бір мәрте түсіндіріп берді.

Бұдан соң Ербол Данағұлов пен Сұлупан Шынтасова тұрғындар тарапынан әлеуметтік желілермен тікелей эфир арқылы қойылған сұрақтарға жауап берді.

Студияға бірінші болып хабарласқандардың бірі бала туған кезде берілетін бір реттік жәрдемақыға құжат дайындап үлгермегендігін, енді бұл мәселені қалай шешуге болатындығын сұрады.

Оған Ербол Данағұлов:

— Барлық құжаттарды дайындау қазір онлайн режимінде жүргізіліп жатыр. Бұл мәселені сіз eGov.kz порталына кіріп реттей аласыз. Әлеуметтік жәрдемақылар тоқтамайды. Құжаттарын уақытынан сәл кешіктіріп дайындап тапсырсаңыз да жәрдемақы міндетті түрде беріледі,— деді.

Бағдарлама аясында келіп түскен сауалдардың көбі төтенше жағдай кезінде берілетін 42 500 теңге жәрдемақысына қатысты болды. Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекеттік сақтандыру қорынан айына 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем еңбекақысы сақталмаған демалыстағы шағын және орта кәсіпкерліктің қызметкерлеріне, жеке кәсіпкерге, жеке практикамен айналысатын тұлғаға, бірыңғай жиынтық  төлемді төлеушілерге және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар  мен тіркелмей жұмыс істейтіндерге беріледі.   

Қазіргі таңда 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем алу үшін өтініш қабылдау eGov.kz және 42500.enbek.kz порталдары арқылы жүріп жатыр. Сондай-ақ әлеуметтік төлем алу үшін өтінім беруге арналған телеграм бот іске қосылды. Сол бот арқылы бірнеше сұраққа жауап берсеңіз, ең азы 1 сағаттың ішінде сізге жауап келеді. Егер сіз әлеуметтік төлем төленетін категорияға жатсаңыз, міндетті түрде 42 500 теңгені аласыз. Біз бүгінде барлық қаржыларды реттеу агенттіктерімен сөйлесіп жатырмыз. Сіздің есепшотыңызға түскен ақшаны несиелеріңізге ұстап қалмайды. Бұл қаражат төтенше жағдай кезінде азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алуға беріліп жатыр, — деген Ербол Данағұлов көмекке шын мұқтаж тұрғындардың назардан тыс қалмайтындығын айтты.

Ал партия тарапынан берілетін көмекке тіркелу үшін қайда хабарласау керектігін сұраған тұрғындарға:

—  Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты біз уақытша қоғамдық қабылдауларды тоқтаттық. Бірақ партияның облыстық филиалының әлеуметтік желілердегі парақшаларына немесе Call-орталыққа хабарласып тіркеле аласыз. Егер сізге қордан берілетін 50 мың теңге тиесілі болмаса, жағдайыңызбен танысып, азық-түлік ретінде көмек көрсетіледі, — деп жауап берді.

Тікелей эфир барысында Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қазір азық-түлік пакеттерін тарату жұмыстарының уақытша тоқтап тұрғандығын, азық-түлік қорын жинап, ерікті жастарға арнайы киімдер мен антисептикалық құралдар келген соң бұл жұмыс қайта жалғасатынын айтты.

Тікелей эфирге хабарласқан тұрғындардың бірі үшінші топтағы мүгедектерге неге ешқандай әлеуметтік көмек қарастырылмағанын сұрады.

Бұл сұраққа Сұлупан Шынтасова:

— Бұл бізге ең көп қойылатын сұрақ. Үшінші топ мүгедектері де 20 мың теңгеден ақшалай көмек алатын болады. Тек Ақтөбе қаласы бойынша 16 мыңнан астам адам мүгедектіктің үшінші тобына жатады. Аталған қаржы 15 сәуірден кейін түседі, — деп жауап берді.

Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар, азық-түлік өнімдерінің бағасы мен карантин кезіндегі тәртіпке байланысты сұрақтарға бір сағат бойы жауап берген Ербол Данағұлов пен Сұлупан Шынтасова облыс тұрғындарынан алдымен талап пен тәртіпті сақтауды сұрады.

—  Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деген сөзі бар. Сондықтан тұрғындардан талап пен тәртіпті сақтауды сұраймыз. Болып жатқан жағдайдың барлығы уақытша. Біздің ел бұдан да қиын замандарды бастан өткерді. Біз бірге болсақ, бұл қиындықты да жеңіп шығамыз.  Тұрғындардың өтініш-тілектері міндетті түрде қаралып, сұрақтарына жауап беріледі. Шын көмекке мұқтаж жандар қолдаусыз қалмайды, — деді Е.Данағұлов.

Айта кетейік, республикалық бюджеттен бөлек өңірлік жағдайға байланысты  облыстық жедел штабтың хаттамалық тапсырмасына сәйкес, халықтың осал тобына жататын азаматтарға төтенше жағдай кезінде 20 мың теңгеден қолдау көрсетілетін болады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 900 миллион теңгеге жуық қаржы  қарастырылған. Облыста 44 500 адам осындай қолдауға ие болмақ.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button