Әлеумет

42500 теңге: кімдер қалай алады?

23 наурызда төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайға байланысты табысынан айрылғандарға жалақының ең төменгі мөлшеріндей — 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы төлеуді тапсырған болатын.

Бұл қаражат қиын кезеңде жыртықты жамамаса да, талғажау етуге жарап қалар еді. Алайда халық аталған жәрдемақыны қалай аларын білмей дал.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдемесінде осы төлемді алудың тетігін кеңейтуді тапсырды. Соған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемді қалай алуға болатындығы туралы primeminister.kz сайтында айтып берді.

Ал біз облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласқан едік. Біздің сұрақтарымызға басқарма басшысы Бұлбұл Елеусінова жауап берді.

Елімізде «хит» боп тұрған төлем кімдерге тиесілі?

Төтенше жағдай кезеңінде Мемлекеттік сақтандыру қорынан айына 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем еңбекақысы сақталмаған демалыстағы шағын және орта кәсіпкерліктің қызметкерлеріне, жеке кәсіпкерге, жеке практикамен айналысатын тұлғаға, бірыңғай жиынтық  төлемді төлеушілерге және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар  мен тіркелмей жұмыс істейтіндерге беріледі. Айтпақшы, әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы төтенше жағдай туындағанға дейін соңғы он екі ай ішінде 1 айдан кем емес болғанда ғана төленеді.

Төлемді алу үшін не істеу керек? Қандай құжат қажет?

Президент мәлімдемесінен соң, төлемді алу тәртібі жеңілдетілді. Бүгінде оны алу үшін ешқандай құжат тапсыру қажет емес. Тек электронды өтінім берсеңіз, жеткілікті. Өтінімде өтініш берушінің толық аты-жөні, ЖСН, карта шоты, барлық себептері көрсетіледі. Ал жұмыс беруші жұмысшыларының тізімін өзі ұсынады. Тұрғындар тарапынан да өтінім беруге қатысты сауал көп. Сайт жұмыстарына да көңілі толмай жатқандардан шағымдар түсіп жатыр. Сондықтан да біздер Еңбек министрлігінің жаңа шешімдерін қолдап, олар енгізген жеңілдетілген тетіктерді халыққа шұғыл түрде жеткізуге тырысамыз.

Электронды өтінімді қандай сайт арқылы беруге болады?

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы жұмыс берушілер немесе жеке тұлғалар «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы, Еңбек министрлігінің BTS компаниясымен бірлесіп әзірлеген 42500.enbek.kz сайты арқылы, «Telegram Bot» мессенджері, «ERG» платформасы арқылы жеке мәліметтерін көрсете отырып өтініштерін жолдайды. Электронды-цифрлы қолтаңбасы барлар, сол арқылы растайды. Ал мұндай қолтаңбасы жоқтарға sms-хабарлама арқылы телефонына код келеді, соны өтініш беруші растайды. Ал бірыңғай жиынтық төлем төлеп жүргендер мен тіркелмей жұмыс жасап жүргендер бірыңғай жиынтық төлем төлеп, электрондық порталда тіркеліп, өтінім бере алады. Әр санаттағы адамдардың қалай тіркелуі керектігі eңбек министрлігінің сайтында анық жазылған. Жауап 3 жұмыс күні ішінде egov.kz. жеке кабинетке немесе sms -хабарлама арқылы ұялы телефонға келеді. Төлем автоматты түрде төлем алушылардың банктік шоттарына аудару жолымен жүргізіледі.

Бұрын төлемегендер, ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер бірыңғай жиынтық төлемді қалай төлейді?

Оны төлеудің екі жолы бар. Біріншісі HalykBank, ForteBank, Сбербанк, JusanBank, Банк ЦентрКредит, Kaspi банктерінің  мобильді қосымшаларында төлей алады. Екінші жолы 5505 қысқа нөміріне смс жіберу арқылы төлеуге болады. Қала тұрғындары латын тілінде GORODESP деп жазып және ЖСН нөмірін енгізеді.  Құны — 2651 теңге. Ал ауылдықтар SELOESP деп жазып және ЖСН нөмірін жібереді. Құны — 1325,5 теңге. Көрсетілген сомалар балансыңыздағы ақшадан шегеріледі. Содан кейін электронды үкімет порталына тіркеліп, өтініш бересіз, сонда ғана сізге төтенше жағдай кезеңіндегі әлеуметтік төлем тағайындалады.

Біздің облыста әлеуметтік төлемді алып жатқандар бар ма?

Бүгінгі күні облыста жұмыспен қамту органдарына 42 500 теңге көлемінде  әлеуметтік төлемдер алуға 2205 өтініш  түсті, соның ішінде 2034 құжат  «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясына жолданып, 1698 адамға әлеуметтік көмек тағайындалды. Әзірге аталған төлем 1216 адамға төленді. 171 өтініш берушінің мәліметтері толық болмауы себебінен құжаттары қайта өңделуде. Әлеуметтік төлемдерді алу үшін өтінішті толтыру тәртібі бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында кең ауқымда жүргізілуде.

 

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА. 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button