Экономика

Кәсіпкерлер салық төлеуден босатылады

Брифинг

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Руслан Хамбаров пен Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Отызбай Адаев инстаграм әлеуметтік желісінің тікелей эфирі арқылы сұхбат берді.

Руслан Хамбаров облыстың экономикалық жағдайы және коронавирусқа қарсы іс-шараларға бөлінген қаржы көлемі турасында былай деді:

Бүгінгі күні облыстың жергілікті атқарушы органдарының резерві —

2 миллиард 445 миллион теңге. Бұл қаражат қала мен аудандарды дезинфекциялауға, әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаны ұстап тұру үшін, азық-түлік тұрақтандыру қорын толықтыруға, қажетті медициналық препараттар мен бұйымдарды сатып алуға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал тобын қолдауға пайдаланылатын болады.

Ол сонымен қатар Президент тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлер мен елде төтенше жағдайды енгізу теріс әсерін тигізген барлық азаматтар үшін ең алдымен салықтарға қатысты жеңілдіктер мен қолдау шараларының тұтас пакеті қарастырлғанын да атап өтті.

Тікелей эфир барысында Отызбай Адаев салықтық қолдаудың барлық шаралары турасында түсіндіріп өтті.

Елімізде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті бизнес субъектілеріне қолдау көрсетуге байланысты шаралар қабылдады. Атап айтқанда, салықтық декларацияларды табыс ету мерзімі отыз күнге ұзартылды. Сол сияқты азаматтар  мынадай салықтарды төлеуден босатылады. Яғни, заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер ірі сауда объектілері, сауда, ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар және денешынықтыру-сауықтыру, спорттық ғимараттар мен көрмелердің мүлік салығы бойынша салық төлеуден босатылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер салығын төлеуден босатылады. Салық салудың жалпыға бірдей тәртібімен  жұмыс жасайтын жеке кәсіпкерлер жеке табыс салығынан босатылады. Яғни осы кәсіпкерлер өздерінің табысынан салықты төлемейтін болады, — деді Отызбай Адаев.

Сондай-ақ ол салық төлеушінің мүлкіндегі билік етуді шектеу және касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы айтты оның ішінде дебиторлар арасында өзара есеп айырысуларды айқындау жөніндегі тағайындалатын тақырыптық тексерулер де тоқтатылмақ.

Мемлекеттік кірістер органдары банкрот деп тану туралы шешімді қабылдау үшін сотқа талап-арыз беру мәселесі де тоқтатылатын болады. Сонымен қатар камералық бақылау нәтижелері бойынша заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, хабарламаларды жіберу де тоқтатылады. Төтенше жағдай мерзімі аяқталғанға дейін хабарламалардың орындалу уақыты ұзартылады. Кедендік шекараларда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерге жасыл дәліз белгіленеді. Салықтық және кедендік тексерулер тоқтатылады, — деп атап өтті О.Адаев.

Өз сөзінде Руслан Хамбаров Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айырылған тұлғаларға ай сайын ең төменгі жалақы мөлшерінде 42500 теңге жәрдемақы тағайындалатынын тағы бір мәрте айтып кетті. Ол үшін азаматтар құзырлы органдарға арыз жазуы тиіс. Бұл арыз комиссияда қаралатын болады.

Р.Хамбаров өз сөзінде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес халықтың әлеуметтік осал тобына дәл осы күндері қолдау көрсету үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлу мәселесі қарастырылып жатқанын тілге тиек етті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button