Экономика

Бесжылдық бағдарламаны орындауда Ақтөбе облысы алда келеді

«Индустриялық бағдарламаның дамуы бойынша ең алдыңғы шепте Ақтөбе облысы келе жатыр». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің өңірдегі іссапар қорытындысында осылай деп жоғары баға берген болатын. Расында, билік өкілдері, тиісті мекеме басшылары стратегиялық маңызы зор бұл бағдарламаны жүзеге асыруда абыройлы еңбек етіп жатыр. Жобалардың басым бөлігі біздің облыстың еншісінде. Нақтырақ айтқанда, «Индустрияландыру картасына» енгізілген жалпы құны 7,4 триллион теңгені құрайтын 240 жобаның 31-і Ақтөбеде іске қосылады. Мұның 8-і республикалық картаға енгізілген (еліміз бойынша бұл бағытта 101 ірі жоба бар). Ал қалған жобалар өңірлік карта шең­берінде жүзеге асырылады. Жалпы, биыл облыста 43 жоба қолға  алынды. 12 ірі жоба бірінші жартыжылдықта пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін тағы 12-сі іске қосылады.

Инвестициялық бағдарлама бойынша 12,8 млрд. АҚШ долларын құрайтын 617 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сөйтіп 35  мың жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен…

Алғашқы қарлығаштар

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған  еліміздің үдемелі индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасынан республикадағы ешбір облыс тыс қалған жоқ. Әсіресе, бұл ауқымды әрі мәні зор жобанының жүзеге асуына біздің өңірдің қосатын үлесі көп. Индустрияландыру картасына енгізілген 240 жоба бар. Соның 101- і (жалпы құны — 6,8 триллион теңге) республикалық картаға топтастырылған. Бұл мақсаттағы шаруаны жүзеге асыру кезінде 130 мың уақытша жұмыс орны ашылса, жоба толық іске қосылғаннан кейін 90 мың қа­зақ­стандық тұрақты жұмыс орнымен қам­тылады. Республикалық басқару орталығының мониторингінде біздің өңірдің 31 жобасы тұр. Мұның 8-і республикалық картаға кірген. Қалғаны — өңірлік картада. Еліміз бойынша өңірлік карталарға жалпы құны 580,4 миллиард теңгені құрайтын 139 жоба енгізілген. Бұл бағыттағы үлкен істі жүзеге асыру барысында 13,3 мың адам уақытша жұмыспен қам­тылады. Ал жоба жүзеге асқанда 18,5 мың адам тұрақты жұмысқа орналасады.

Биылдың өзінде республика бойынша 713,6 миллиард теңгеге бағаланған 144 индус­трия­лық жобаның құ­рылысы аяқ­талады.  Мұның 72-сі бірінші жар­тыжылдықта пайдалануға берілді, — дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, инвестиция және кәсіпкерлікті қаржымен несиелік қолдау бөлімінің бастығы Жеңісбек Ақбергенов.

Оның айтуынша, инвестициялық бағдарлама бойынша биыл облыста 10 мың жұмыс орны ашылатын 257 инвестициялық жоба (жалпы құны — 165,1 млрд. теңге) қолға алынған.

Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың бесжылдық кезеңінде, жалпы облыс бойынша, 100-ден астам нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мұның 72-сі — өңдеу өнеркәсібінің үлесінде. Нәтижесінде, 2015 жылы жалпы ішкі өнімдегі өңдеу саласы 13 пайызға, ал 2020 жылы 15 пайызға дейін өседі.

Қазірдің өзінде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 8 ет өңдеу өндірісі ашылды. Сондай-ақ, «Аққұс» ЖШС құс алаңы пайдалануға берілді.

Республикалық индустрияландыру картасына енгізілген ірі жобаның бірі —

«Айс» ЖШС-нің сүт-тауарлы фермасы (1100 ірі қараға арналған) іске қосылды.

Мәртөк ауданына қарасты Саржансай ауылында пайдалануға берілген бұл сүт фермасы облыс тұрғындарының сүт өнімдеріне деген сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймайды, экспортқа да шығарылады. 3,1 млрд. теңгеге бағаланған ферма жылына 7,2 мың тонна сүт өнімдерін шығаратын мүмкіндікке ие. «ҚазАгроҚаржы» АҚ аталған жобаға 1,9 миллиард теңге аударды. Компания бөлген қаражатқа ғимараттар салынып, еуропалық өндіріс шығарған техника мен жабдықтар сатып алынды.

Фермада 550 басқа арналған 2 сиыр қора, 1200 басқа арналған 3 бұзау қора, тәулігіне 23,6 тонна сүт сауылатын зал, 1000 тонналық екі астық қоймасы, құрама жем цехы мен өзге де көмекші нысандар бар. Сүт-тауарлы ферма пайдалануға берілген соң, жаңадан 73 жұмыс орны ашылды.

Hunland Trade Kft (Венгрия) компаниясынан 200 бас асыл тұқымды сиыр сатып алынды. Бұл — венгриялық селекциядағы голштино-фриздердің алғашқы партиясы.

«Айс» сүт фермасы, Бестамақ мал өсіру кешені (1200 ірі қараға арналған), “Іzeet Greenhouse” ЖШС жылыжайы (жылына 1500 тонна көкөніс өндіреді), «Рамазан» ЖШС құс фабрикасын қайта жаңғырту (жұмыртқа) және «Аққұс» құс фабрикасының 4 құс алаңы (құс еті) тәрізді ірі жобаларды іске қосу арқылы тұрғындарды тағамның 19 түрі бойынша қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ал бесжылдық инвестициялық бағдарламаның жобаларын жүзеге асыру есебінен, аймағымыз өзіміз өндіретін азық-түлікпен қамтамасыз етуді 90 пайызға жеткізеді екен.

«Айс» ЖШС-нің сүт-тауарлы фермасынан бөлек республикалық индустрияландыру картасына енгізілген үш жоба қазір қарқынды жұмыс жасап жатыр. Олар: Бестамақ мал өсіру кешені (1200 ірі қараға арналған), «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС, «Ақтөберентген» АҚ.

Хромтау ауданында «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС-нің мыс және мыс-мырыш кенін шығаратын №2 кен байыту фабрикасы жылына 2 млн. тонна мыс-мырыш кенін және 227,8 мың тонна мыс-мырыш тотығын өндіреді. Кенді байыту үдерісі осы сала бойынша әлемдегі көшбасшы болып саналатын «Оутокумпу» (Финляндия) компаниясының жоғары технологиялық құрылғыларын пайдалана отырып, негізгі технологиялар арқылы жүзеге асады. Өнім Қазақстанның ішкі нарығына, Ресей, Қытай және басқа да елдердің нарығына бағытталады деп жоспарланып отыр. Қазір аталған компанияда 1200 адам жұмыс істейді. Жақын аралықта бұл көрсеткіш  2500-ге жетеді. Айта кету керек, «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша Көктау-2 ауылына көшіп келетін оралмандардың біразы осы фабрикаға орналасады, — дейді Жеңісбек Ақбергенов.

Маусым 28-і күні Мемлекет басшысының қатысуымен өткен «Қуатты Қазақстанды бірігіп құрамыз!» атты жалпыұлттық телекөпірде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынған 72 ірі жобаның тұсау кесер рәсімі өтті. Соның 68-і — жаңадан ашылған зауыт-фабрикалар. Осы салтанатты шарада таныстырылған 5 аса ірі жобаның бірі — «Ақтөберентген» АҚ. Бұл кәсіпорын — еліміздегі бірден бір медициналық және өнеркәсіптік рентген аппаратын шығарушы. Мұнда рентген аппараттарының 28  түрі шығарылады, олар әлемнің 23 елінде пайдаланылуда. Тұтынушылар арасында ТМД елдерімен қатар, Түркия, Қытай секілді мемлекеттер де бар.

«Ақтөберентген» АҚ алғаш рет американдық  «Дженерал Электрик» компаниясымен бірлесіп, 16 кескінге арналған компьютерлік томография жасап шығарды. Зауыттың алғашқы өнімін (құны — 180 миллион теңге) №2 Ақтөбе қалалық емханаға пайдаланып жатыр. Биыл «Ақтөберентген» АҚ Денсаулық сақтау министрлігі үшін 3 компьютерлік томограф жасап шығаруды міндетіне алып отыр.

Жалпы, аталған аппараттың нақты диагнозды  қоюда мүмкіндігі өте зор. Бұған қоса зерттеу жұмысы уақыт алмайды, небәрі 45 минут жұмсалады.

Жоба және жоспар

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында жоғары бөліністі металлургия өнімін өндіру саласында Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе және Павлодар облыстарында 25 кәсіпорын құрылатындығы көрсетілген. Соның ішінде біздің өңір жылына 440 мың тоннаға дейін феррохром мен жыл сайын 500 мың тонна түйіршіктелген шойын өндірілетіндігі жазылған. Бұл жөнінде облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім бастығы Жеңісбек Ақбергенов былай дейді:

—  «Казхром ТҰК» АҚ жоғары көміртек феррохромын шығару бойынша инновациялық технологиялар енгізілетін жаңа №4 цехының құрылысын былтыр қыркүйек айында бастады. 110,5 млрд. теңгеге бағаланған жобаның бірінші кезеңі 2012 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Зауыттың құрылыс кезеңінде шамамен 2 мыңға жуық адам жұмысқа тартылады. Цех іске қосылғанда 550 жаңа жұмыс орны ашылады.

«SBS Steel» компаниясы қуаттылығы жылына 500 мың тонна түйіршіктелген шойын өндіретін инвестициялық жобаны жүзеге асыруға кірісіп кетті. Жоба барысында әлемдегі жаңа технологиялардың бірі — ITmk3 технологиясын қолданады. Айта кету керек, аталған технология бойынша бірінші зауыт биыл қаңтар айында АҚШ-та іске қосылған болатын. Біздің зауыт озық технологияның бұл түрін пайдаланған әлемдегі екінші кәсіпорын болады.

2013 жылы аяқталады деп жоспарланған аталған жобаның инвестиция көлемі — 457 млн. АҚШ доллары.  Бұл зауыттың құрылысы барысында да шамамен 2 мыңға жуық адам жұмысқа тартылады. Ал іске қосылғанда 400 маман тұрақты жұмыспен қамтылады.

Біздің өңірдегі жобалар негізінен тау-кен, металлургия, құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылық, тамақ өнеркәсібі, электр және көлік инфрақұрылымы салаларында іске асырылады.

Республикалық индустрияландыру картасына енгізілген тағы бір ірі жоба — Шилісай фосфорит кен орнынан күрделі минералды тыңайтқыш өндіретін химия комбинаты. Мұнда диаммоний және моноаммоний фосфат тыңайт­қыштары шығарылады. Кен орнындағы шикізат көлемі — 800 млн. тонна. Мамандардың айтуынша, кен қоры елу жылға жетеді. Комбинат екі кезекте пайдалануға беріледі. Толық қуатында жұмыс істеген­де кәсіпорын жылына 1,7 млн. тонна минералды тыңайтқыш өндіреді. Осын­да өндірілген фосфор ми­нералды  тыңайтқыштарының 60 пайызы Украинаға, Ресейге, Қытайға және Үндістанға экс­портқа шығарылады деп жоспарланып отыр.

Комбинат іске қосылғанда 2 мың жұмыс орны ашылады.

Ал еліміздегі мұнай-газ секторының дамуына «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның да қосар үлес зор. Аталған кәсіпорын үш жобаны жүзеге асыруды қолға алып отыр. Олар: мұнай дайындайтын №4 зауыт, Жаңажол кен орнындағы тазартылмаған газды айдайтын станция, Жаңажол газ өңдеу зауытына Солтүстік Трува кен орнынан газды сепарациялау және айдау станциясы. Соңғы жоба — республикалық индустрияландыру картасына  енгізілген. Жаңажол газ өңдеу зауытының үшінші кезеңі іске қосылғаннан кейін өңдеу мен өндірілген ілеспе газды пайдаға асыру және әлемдік рынокқа шығу мәселесі шешіледі. Бұл кәсіпорын облыстың өнеркәсіп өндірісі мен халқын арзан газбен қамтуды жоғары деңгейде қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, мұнай өндірілетін аймақтарда әлеуметтік және экологиялық жағдай айтарлықтай жақсарады.

Облыстың азық-түлік белдеуін құру мақсатында қолға алынған, өңірлік картаға кірген «Izeet Green House» жылыжай нысаны қараша айында пайдалануға беріледі. Өңірдегі ірі  құрылыстың бірі саналатын жылыжай кешенінде (жалпы көлемі — 3 гектар) голланд технологиясы бойынша қызанақ өсіру жоспарланып отыр. Өндірісте голландық “Dalsem” фирмасының құрал-жабдығы пайдаланылады. Жылыжай кешені іске қосылса, жылына 1500 тонна көкөніс өндіріледі. Жылыжай құрылысы “Қазагроқаржы” АҚ қолдауымен жүзеге асырылуда. Жобалық-сметалық құны — 1230,0 млн. теңге. Жобаны жүзеге асыруда “Қазагроқаржы” АҚ арқылы 994,9 млн. теңге бөлінген.

Сонымен, экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттігін арттыру арқылы орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда біздің өңірдің қарқыны жоғары. Стратегиялық мәні зор бағдарламада көрсетілген міндет — экономиканың басым секторларын дамытудың әлеуметтік тиімділігін күшейту және инвестициялық жобаларды іске асыру Ақтөбеде өз деңгейінде орындалып жатыр. Инвестициялық бағдарлама негізінде іске қосылатын 617 жоба 35 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Елбасы Жолдауында тұтас алғанда республика бойынша ішкі жалпы өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2015 жылға 12,5 пайыздан кем емес, ал 2020 жылға 13,0 пайыз болуы керектігі нақты айтылған. Жаңа жоғары технологиялық өндірісті іске қосу арқасында біздің облыста 2015 жылы жалпы ішкі өнімдегі өңдеу саласының үлесі 13 пайызға, ал 2020 жылға 15 пайызға дейін өседі.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button