Жеңіс

Батырлар жыры — ерліктің бағдары

Байқау

Жас буынның бойында патриоттық сезімді орнықтыру, Отанды сүюге баулу міндеттері бүгінгі уақыттың күн тәртібіне берік енгізіліп отырғаны мәлім. Осы ретте Ұлы Жеңістің 75 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры, даңқты жерлесіміз Әлия Молдағұлованың 95 жылдығына орай Ақтөбе қалалық білім бөлімі мен «Қос шынар» Әлия-Мәншүк атындағы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Батырлар жыры — жастардың үні» атты байқаудың өткізілуі елдік пен ерлікті насихаттаудың төте жолы іспетті көрінді.

Бұл шара Ақтөбе қаласындағы №62 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте бастау алды.

— Біздің мектебіміз алғаш рет есігін оқушыларға 2017 жылдың күзінде ашты. Жалпы аумағы 4810 шаршы метр болатын төрт қабатты ғимаратта әуелгі кезден 23 кабинет интерактивтік тақтамен жабдықталды. Сол кезде 50 мұғалім қызметке қабылданды. Қазіргі кезде оқушылар саны да көбейе түсуде. Біз үшін басты мақсат — оқушыларға сапалы білім, тағылымды тәрбие беру, — дейді мектеп директоры Бағдагүл Нұртазина. — Мектептің ауласы жақсы қоршалған, балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Оқу орны орталықта болған соң ата-аналар балаларын осы мектепте оқытқысы келеді. Біз де жұртшылық талабынан шығу үшін аянбай еңбек етудеміз.

Мектепке қазақ халқының қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының есімін беру құрметіне арналған салтанатты шараға Алматыдан келген батырдың келіні, қаламгер Зейнеп Ахметова арнайы қатысыпты.

Ол оқушылармен кездесу сәтінде Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, қазақтың көрнекті жазушысы болған дара тұлғаның саналы ғұмыры, ерлік істері мен қаламгерлік еңбегі туралы кеңінен баяндап беріпті. Шәкірттер көптеген сауалдарына жауап алып, оңтүстік астанадан келген қадірлі қонақтан кітаптарға қолтаңба жаздырып алған.

Бауыржан Момышұлы сынды батыр атындағы мектепте осындай патриоттық шараның ұйымдастырылуы бір жағынан сабақтастық әрі заңдылық іспетті.

— Мақсатымыз — ел қорғаған ерлеріміздің, яғни батыр бабаларымыздың рухы жастарымыздың бойына сәулесін түсірсе дейміз. Батырлар жырын жаттап өскен бала жалтақ болмайды, өмірге берік ұстанымын бекітеді. Біз жас буынның адал еңбек етуге, елжанды болуға тәрбиеленуін қалаймыз, — дейді шараға дем беруші «Қос шынар» Әлия-Мәншүк атындағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес.

«Батырлар жыры — жастардың үні» атты бұл байқауға қала мектептерінің 5-11 сынып оқушылары қатысты. Сайысқа қатысуға алпысқа жуық талапкерлердің тілек білдіруі — өрендердің бір жағынан ауыз әдебиетіне құштарлығын, екіншіден, ерлікке, батылдыққа ұмтылысын бағамдайтындай.

Оқушылар сайыста ел аузында жатталған «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Орақ-Мамай» жырларын ортаға салды. Сондай-ақ, Нұрпейіс Байғаниннің «Нарқыз» поэмасы да тыңдарман жұртшылық назарына ұсынылды. Бір кезекте «Сырым батыр» дастанынан үзінділер айтылды.

Сахнаға шыққан талапкерлердің көпшілігі ұлттық киімдер киінген, ер қаруын асынып алғандары да бар. Жасөспірімдердің Қобыланды батыр болып қиядан көрінгісі келетіні байқалады, Алпамыс батырдай айды аспанға бір шығарғысы келетін қиялы сезіледі. Оқушыларын сайысқа әзірлеген жетекшілері де бірге келіп, оларға қолдау білдіріп отырды.

Қазылар алқасына жүйріктерді анықтау тіпті де оңайға соққан жоқ. «Сонда да солардың бар таңдамасы» дегендей, ұзақ саралаудан кейін оқушылардың орындау шеберлігі, сахна мәдениетін сақтауы, киім үлгілері ескеріліп, жүлде иелері іріктеліп алынды.

Бас жүлдеге №21 мектеп-гимназияның оқушысы Амира Сәбитова ие болды. Ол «Қобыланды батыр» жырын нақышына келтіріп айтып, сөзіне сай жігерлі іс-қимылымен де, ұлттық киім өрнегімен де көрерменін тәнті етті. Бұл ретте оның жетекші-ұстазы Роза Баекешованың да еңбегін айтқан жөн болар.

Сондай-ақ, №28 мектептен Марта Жолдыбаева, №61 мектептен Аруназ Сапарғали, М.Арын атындағы мектептен Әлішер Арыстанбеков, №45 мектептен Инабат Әділхан, №6 мектептен Назым Зинединова, №64 мектептен Әмина Молдағалиева сайысқа жақсы дайындақтарымен келгенін көрсетті.

№62 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің оқушысы Мейрамбек Есенбай қазақтың батыр қызы Нарқыздың бейнесін тыңдарман жұртшылық жадына өзінің жігерлі сөзімен, сенімді баяндауымен ендірді.

Сайысқа №2 мектептен Даниил Григорьевтің, №25 орта мектептен София Словеснованың қатысуы өзге ұлт өкілдерінің қазақтың ауыз әдебиетіне, батырлар жырына ерекше құштарлығын байқатқандай болды.

Жарыс қорытындысында жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button