Экономика

Тігінші Айгүл

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант алып, ауылда кәсіп ашып отырған көпбалалы аналар бар. Олар көпке үлгі болып отыр.

Қарғалы ауданы

Тігінші Айгүл

«Еңбек» бағдарламасы арқылы берілетін қайтарымсыз грант Қарғалы ауданының тұрғындарына да үлкен көмек болды. Әсіресе, үйде жұмыссыз отырған көпбалалы аналар мемлекеттен ақша алып, өз кәсібін бастап жатыр.
Аудан тұрғыны, көпбалалы ана Айгүл Асханбаева — солардың бірі. Айгүлдің негізгі мамандығы — тәрбиеші. Бірақ жұмыссыз қалғаннан кейін тігіншілікті үйреніп алады.
— Төрт балам бар. Үлкенім — Ақтөбеде, студент. Күйеуім ауруханада жұмыс жасайды. Бірақ азғантай қаржы бала-шағаны асырауға жетпейді. Содан бос отырмай, іс бастамақ болдым. Аудандық жұмыспен қамту бөлімі арқылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бір ай оқыдым. Жеке шаруашылық ашудың қыр-сырын үйрендім. Сөйтіп, мемлекеттен 505 мың теңге қайтарымсыз грант алдым, — дейді Айгүл.
Бала кезінен іске икемі бар Айгүл тігін ісін ашуды құп көреді. Сөйтіп, қаржыға іс машинасын, үтік және өзге де қажетті құралдарды сатып алады. Аудан орталығындағы бір ғимараттың бөлмесін өзі қатарлы келіншекпен бірлесіп, жалға алады. Қазір аудан тұрғындары Айгүлді жақсы біледі. Бірі көйлек тіктірсе, бірі көрпе-жастыққа тапсырыс береді. Мектептер мен балабақшалардан да тапсырыстар жиі түседі.

Темір ауданы

ЖАННАНЫҢ КӘСІБІ

Еріккен ешкі бақпайды. Мал баққан халқымыз ешкіні төрт түліктің қатарына қоспаса да қадірін жақсы білген. Себебі ешкі ерекше күй талғамайды әрі қойға қарағанда тез көбейеді. Сүті де, еті де шипалы қасиетке ие.
Шұбарқұдық тұрғыны, 25 жастағы көпбалалы ана Жанна Абдулла мемлекеттен 409 мың теңге грант алып, асылтұқымды ешкі өсіріп отыр. Жанна былтыр үйде жұмыссыз отырған соң, «Жан-Нұр» жеке кәсіпкерлігін ашып, мемлекеттен алған қайтарымсыз қаржыға заанин тұқымды бес ешкі сатып алады.
— Асылтұқымды ешкінің бағасы қымбат. Біреуін 80 мың теңгеге сатып алдық. Жем-шөбі де аз қаржы тұрмады. Жалпы Шұбарқұдықта ешкі шаруашылығымен айналысатындар жоқтың қасы. Үйдегі екі-үш ешкінің сүтін сұраушылар көп. Сондықтан ойлана келе, осы шаруашылықты қолға алуды жөн санадық. Күйеуім қолдау білдірді. Қазір ешкі сүтін көпшілік емдік мақсатқа қолданады, балаға береді. Бес ешкінің алды төлдеді. Осылайша бір-екі жылда саны да көбейеді. Шаруашылықты кеңейтуге болады, — дейді Жанна.
Сондай-ақ Жанна «Казпошта» АҚ-мен бірлесіп, яғни франчайзин арқылы мультикасса қызметін ашып отыр. Мультикасса Темір аудандық кірістер басқармасының ғимаратында орналасқан. Аудан тұрғындары осы касса арқылы төлемді өтейді. Жаннаның төрт баласы бар. Ата-енесімен бірге тұрады. Шаруашылықты отбасымен бірге жүргізіп отыр.

Шалқар ауданы

ЕРМЕКТІҢ СИЫРЛАРЫ

Шалқар ауданында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы грант алып, кәсіп ашып отырған аналар көп. Соның бірі — Ермек Есболаева. Ермек жолдасы екеуі жұмыссыз қалған соң, аудандық жұмыспен қамту орталығына барады.
— Бұған дейін жеке мекемелерде жұмыс жасадық. Бірақ тұрақты жұмыс болмады. Ойлана келе, «Еңбек» бағдарламасы арқылы грантқа өтініш бердік. Кәсіп бастау үшін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алдық. Нәтижесінде 505 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткіздік. Аудан орталығынан екі сиыр сатып алдық, — дейді Ермек.
Шалқар — мал ұстауға қолайлы өңір. Ермек болашақта ірі қараның санын көбейткісі келеді. Екі сиыр бұзауласа, сауып, сүтін сату да ойда бар.

Ойыл ауданы

НАУБАЙХАНАШЫ МАРАЛ

Ойыл ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Марал Самарханова аудан орталығынан наубайхана ашып отыр. Марал «Еңбек» бағдарламасы арқылы 252 мың теңге алыпты.
— Тұрақты жұмысым, баспанам жоқ. Туыс апамның үйінде тұрып жатырмыз. Күйеуім де әр жерде жұмыс жасайды. Бірақ табысымыз балаларымыздың ішетін асы мен киіміне әрең жетеді. Ойлана келе, осындай шешімге келдім. Аудандық жұмыспен қамту бөлімі «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бір ай оқуға жіберді. Келген соң грант берді. Қаржы қолға тигеннен кейін наубайханаға қажетті заттарды сатып алдым. Жетпесіне қосымша несие алып, жараттым. Қазір жұмыс жүріп тұр. Тұрақты тапсырыс беретіндер бар, — дейді Марал.
Марал бұрын «Ойыл нан» наубайханасында жұмыс жасапты. Тәжірибесі мол. Тек қана нан емес, бөлке, өзге де тәттілерді пісіріп сатады. Кәсібін әрі қарай кеңейткісі келеді.
— Үйдің жанында шағын жер бар. Ілгеріде сатып алғанмын. Бірақ құжаттары дұрыс болмай, заңдастыра алмай отырмын. Егер әкімдік осы жерді заңдастырып берсе, ешкімнен көмек күтпей, кәсібімді кеңейтер едім, — дейді Марал.
Іскер ана әкімдік демеп жіберсе, тұрмысының түзеліп кететінін айтады. Себебі ауылда сұраныс бар. Адал еңбек етіп, сапалы қызмет көрсетсең, тұрақты тұтынушы көбейеді. Қазірдің өзінде ойылдықтар Фаризаның пісірген өнімдерін талап алады. Себебі сапасының жоғары екеніне сенеді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button