Экономика

Жоба және несие

Кәсіпкерлік

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Шалқар аудандық филиалында аудандық  кәсіпкерлер кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Жиынға облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова, аудан әкімінің орынбасары Жанболат Жидеханов, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының төрағалары қатысты.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Бақытжан Анапин өткен жылы филиал бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

— Ауданда «Шалқар жайлауы» және «Елім-ай» несие серіктестіктері жұмыс істейді. Былтыр «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламалары бойынша несиелер берілді. Сондай-ақ «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша — 284, «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 75 адам оқып шықты. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 15 жоба ұсынылып, 12 кәсіпкер несие алды. Биыл 3 жоба ұсынылып отыр. Кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау көздері бойынша 720 адамға кеңес берілді, Отандық тауар өндірушілерді қолдау бағыты бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілді, — деді Б.Анапин өз сөзінде.

Жиынға қатысқан кәсіпкерлер мен қожалық төрағалары ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Өз кезегінде Анар Даржанова кәсіпкерлер тарапынан туындаған сауалдарға жауап беріп, кәсіпті бастамас бұрын оның нарық талабына сай, ертеңгі күні тоқырап қалмай, бизнес-жоспарлары мен нақты бағыты болуы керек екендігін айтты.

Кеңес жұмысын қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Жанболат Жидеханов мемлекет тарапынан кәсіпкерліктің дамуына қолдаудың зор екендігін, ауданда кәсіпкерлік саласының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Шара соңында Анар Даржанова кәсіпкерлерді жеке қабылдап, сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ бірқатар кәсіпкерлік нысандарында болып, жұмыс барысымен танысты.

  Ұ.САҒЫМОВ,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button