Әлеумет

Жаңа жобалар: халықты жұмыспен қамтудың қосымша шаралары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты әлеуметтік қорғауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың сапалы жүзеге асырылуы маңызды екеніне айрықша тоқталған болатын. Әсіресе аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, жұмыссыздық деңгейін 4,5 пайыздан асырмау қажеттігін, сонымен қатар еліміздегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдаудың барлық шараларын жүргізуді тиісті министрлікке тапсырған еді. Аймақта осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін білу мақсатында біз облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусіновамен сұхбаттасқан болатынбыз.    

— Халықты әлеуметтік қорғауға әрі қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың аймақта уақтылы әрі сапалы атқарылу деңгейі қандай?

— Өңірімізде халықтың  әл-ауқатын көтеру және жұмыссыздықты азайту, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, жастарға әлеуметтік көмек көрсету және оларды қолдау — біздің басты міндетіміз. Бүгінгі таңда облыста жұмыспен қамту деңгейін арттыру мақсатында «Еңбек» бағдарламасының іске асырылуы азаматтарға оң әсерін тигізіп отыр. Бағдарламаның негізгі мақсаты — халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Өткен жылы аталған бағдарлама аясында 43132 жұмыссыз және өзін-өзі   жұмыспен қамтушы азаматтар жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 11,2 миллиард теңге жұмсалды.

Осы орайда тағы бір айта кететін жайт, былтыр жергілікті атқарушы органдардың кешенді іс-шаралары нәтижесінде,  аймағымызда 21138  жаңа  жұмыс  орны құрылды, оның ішінде 12237  азамат  тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар өткен жылы  облыс бойынша  құрамында 93155 адамы бар 19866 аз қамтылған отбасына 10 364,4 миллион теңге көлемінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік  көмек және аз қамтылған отбасылардың коммуналдық шығындарын өтеу үшін 1263 отбасыға 19,7 миллион теңге көлемінде тұрғын үй көмегі тағайындалды. Бұл орайда мүгедектердің жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес былтыр 10960 мүгедек жалпы сомасы 997,3 миллион теңгеге  гигиеналық және техникалық жабдықтармен, протезді-ортопедиялық көмекпен, сондай-ақ санаторлы-курорттық сауықтырумен қамтамасыз етілді. Арнайы әлеуметтік қызметтер 3221 адамға көрсетілді.

— Азаматтарды жұмыспен қамтудағы жаңашылдықтардың бірі — «Еңбек» бағдарламасы ұсынатын жаңа мүмкіндіктер. Осы бағдарламаның негізгі бағыттары туралы айтсаңыз.

— Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты — еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар санын арттыру, ауылда және қалада шағын несиелер беру арқылы азаматтардың өзін-өзі жұмыспен қамтуын ынталандыру. Бұл — елімізде жұмыссыздар санын азайтып, кәсіпкерлік саласының дамуына ықпал етеді.

Атап айтсақ, «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты — техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету. Бұл бағытта облыста 21 мамандық бойынша  14  колледжге техникалық және кәсіптік оқытуға 1085 адам  жолданды. Сондай-ақ облыстағы 13 колледж бен 18 оқу орталығына 31 мамандық бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 2931 адам бағытталып, оның 2626-сы оқуды сәтті аяқтады. Оқуын бітіргендердің ішінде 2218 адам жұмысқа орналасты. Осы бағдарламаның екінші бағыты «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» деп аталады. Бұл орайда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша  кәсіпкерлік негіздері курсын 3485 адам оқып, оның 1210-ы қаржыландырылды. Бұл көрсеткіш —  35 пайыз. Былтыр Жастар жылы аясында  «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 1100 жас оқытылып, нәтижесінде оның 445-і қаржыландырылды. Сол сияқты аталған бағдарлама бойынша бизнес – идеяларын іске асыру үшін 100 және 200 айлық есептік көрсеткіштер көлемінде 1035 адамға 497,3 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант беріліп, оның  346-сы  жеке қосалқы шаруашылығын нығайтып үлгерді. Ал 689 адам сол қаражатқа технологиялық жабдықтар, еңбек  құралдарын  алу арқылы  жеке кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруда.

— Бұл орайда қайтарымсыз грант қандай басымдықтарға негізделіп беріледі?

Грант берудегі басты басымдық аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, жастарға және мүгедектерге беріледі. Өткен жылы облыста 51 мүгедек қайтарымсыз грантқа қол жеткізді.

«Еңбек» бағдарламасының тағы бір бағыты — халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Былтыр облыста тұрақты  бос жұмыс орындарына 25 751 адам  орналастырылса, 818 кәсіпорындағы әлеуметтік жұмыс орындарына 1948 адам жолданды. Осындай әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыстарын аяқтаған 1623 адамның  1353-і тұрақты жұмысқа орналасқанын да айта кеткен жөн. Сонымен қатар, бағдарламаның үшінші бағыты бойынша аймақтағы 1421 кәсіпорын мен мекемеге жастар тәжірибесіне 3366 адам жолданды. Жастар тәжірибесін аяқтаған 2904 адамның 1775-і тұрақты жұмысқа орналастырылды. Бұл көрсеткіш — 61 пайыз. Бағдарламаның осы бағыты шеңберінде қоғамдық орындарға 7235 адам жұмысқа орналастырылды.

— Бұл салада мемлекеттік гранттар қандай мақсаттарға беріледі?

— Мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыру үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тағайындалған. Сол сияқты мемлекеттік гранттар қажетті инвентарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, малды, құстарды сатып алуға пайдаланылады. Бұл жерде айта кететін бір жайт, мемлекеттік грант тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй мүлкін сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдерді өндіруге және жалдау ақысы ретінде берілмейді.

— «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттан кімдер үміткер бола алады?

— «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан өткен, «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты шеңберінде оқытуды аяқтаған және бұдан бұрын басқа мемлекеттік бағдарламалар арқылы гранттар алмаған осы «Еңбек» бағдарламасына қатысушылар үміткер бола алады. Сондай-ақ аз қамтылған немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері, еңбекке қабілетті мүгедектер мен жастардың мемлекеттік грант алуына мүмкіндігі бар. Тағы бір айта кететін жайт, табысы аз немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері, еңбекке қабілетті мүгедектер және жастар гранттар алуда басым құқыққа ие.

Биыл облыста халықты жұмыспен қамтудың қосымша шараларын іске асыру аясында қандай жаңа жобалар жүзеге асырылмақшы?

— Өте орынды сұрақ. Биылдан бастап халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шараларын іске асыру жұмыстары жүзеге асырылмақшы. Бұл орайда еңбек нарығында жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оларға қажетті еңбек дағдыларын беру, алғашқы жұмыс орнына бейімдеу мақсатында халықты жұмыспен қамту орталықтары «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларды «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша  жұмысқа  орналастыруды ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Аталған жоба бойынша бастапқы уақытта 250 адамды жұмысқа орналастыру жоспарда бар.

— Сонда бұл қандай жоба?

— «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналастыруды ұйымдастыру —  алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектер, жиырма тоғыз жастан аспаған, оның ішінде жұмыс тәжірибесі жоқ жастар қатарындағы жұмыс іздеп жүрген адамдар үшін жүзеге асырылады. Бұл жоба бойынша адамдарды жұмысқа орналастыру барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады. Яғни жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жасасқан келісімшарт негізінде «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша «Еңбек» бағдарламасына қатысушыны кемі жиырма төрт ай тұрақты жұмыспен қамтуға міндетті. Бұл жерде халықты жұмыспен қамту орталығы алғашқы жылы жобаға қатысушының еңбекақысын субсидиялайды. Қаржыландыру жергілікті бюджеттердің есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамаларында тыйым салынбаған басқа да көздерден жүзеге асырылады. Субсидиялаудың бір айдағы мөлшері — жиырма айлық есептік көрсеткіш.  Яғни биыл еліміздегі бір айлық есептік көрсеткіштің мөлшері 2651 теңге болса, онда субсидиялаудың бір айдағы мөлшері 53025 теңгені құрамақ. Сол сияқты халықты жұмыспен қамтудың қосымша шаралары негізінде жүзеге асырылатын жобалардың тағы бірі — «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы. Бұл жоба —  зейнеткерлік жасқа жеткен жұмыскерлерді кейін алмастырумен жұмысқа орналастыру. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша жұмысқа орналасуға жастар, көпбалалы немесе табысы аз отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелері, еңбекке қабілетті мүгедектер басым құқыққа ие. Жоба бойынша жұмысқа орналастыру барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы негізінде азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс берушілер халықты жұмыспен қамту орталығына өтініммен қоса, бос жұмыс орындарының болуы, қосымша жұмыс орнын құру мүмкіндігі туралы мәліметтерді ұсынады. Сол сияқты жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жасасқан шарт негізінде «Еңбек» бағдарламасына қатысушыны кемі он сегіз ай  тұрақты жұмысқа орналастырмақ. Бұл ретте халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыстың алты айы үшін еңбекақы төлеуді субсидиялайды. Бұл жоба бойынша да жергілікті бюджеттен субсидиялаудың бір айдағы мөлшері — жиырма айлық есептік көрсеткішті құрамақ. Бұл жоба бойынша бастапқыда 245 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Жұмыс беруші алты ай өткеннен кейін халықты жұмыспен қамту орталығына зейнеткерлік жасқа жеткен немесе жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алатын жұмыскердің лауазымына қарай оны бос жұмыс орнына ауыстыру туралы хабардар етуі тиіс.

— Бүгінде жұмыс сұрап, іздеген адамдар жұмыспен қамту орталығының барын, ондағылардың дәл осы іспен айналысатынын біледі. Мұндай орталықтар келушіге бұдан басқа да қандай қызметтер ұсынады?

Жұмыспен қамту орталықтарынан жұмыссыздар өздеріне  лайықты жұмыс іздестіріп қана қоймай, ондағылар мұндай азаматтардың жұмысқа орналасуына жәрдемдеседі. Оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары жөнінде көрсетілетін қызметтерді ұсынады. Сондықтан жұмыссыз жүрген азаматтар қызмет болсын, қандай да бір кәсіп түрін таңдауға, өзгерту мақсатында консультациялық, ақпараттық көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жөніндегі қызметтерді ала алады. Сол сияқты еңбек нарығының біртұтас ақпараттық базасында қамтылған өзі туралы мәліметтерді тегін алуына мүмкіндігі бар. Екіншіден, егер ол міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болса, жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді алуға, Заңға сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алуға, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырылуға құқығы бар.

— Облыста қанша адам әлеуметтік қызметкердің көмегіне мұқтаж?

— Бүгінгі таңда Ақтөбе облысы бойынша 18 әлеуметтік бөлімше бар, онда 336 әлеуметтік қызметкер зейнеткерлік жасқа жеткен жалғыз басты қарттарға әлеуметтік қызмет көрсетеді. Стандартқа сәйкес, әлеуметтік қызметкерлер тұрмыстық, медициналық, экономикалық, мәдени, құқықтық, еңбек, педагогикалық және психологиялық қызметтер көрсетеді. Қазіргі күні облыс бойынша 2000-нан астам азамат әлеуметтік қызмет алуға мәжбүр.

— Елімізде жыл басынан бастап әлеуметтік қызметтер порталы енгізілгенін білеміз. Бұл жүйенің тиімділігі неде?

— Әлеуметтік қызметтер көрсету порталы — мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қызметтер мен техникалық  оңалту құралдарын дербес сатып алуға мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйе. Портал мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ыңғайлылығы мен ұсынылатын қызметтердің және техникалық оңалту құралдарының сапасын жақсарту үшін енгізілді. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап аталған портал арқылы мүгедектігі бар адамдар техникалық құралдардың 24 түрімен қамтамасыз етіледі. Ал осы жылдың 1 шілдесінен бастап техникалық құралдардың тағы 3 түрі қосылады. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап техникалық құралдар мен қызметтердің барлық 55 түрі әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсетілетін болады. Аталған портал арқылы қызмет алу үшін мүгедектердің электрондық-сандық қолтаңбасы болуы қажет, ол қызмет көрсету орталықтарында рәсімделеді.

— Қазір қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлері жұмыс жасайды. Жалғызбасты қарияларды осындай орталықтарға рәсімдеудің тәртібі қалай жүргізіледі?

— Ақтөбе облысында №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс жасайды. 310 орындық орталықта зейнеткерлік жасқа жеткен жалғызбасты  және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес бірінші, екінші топтағы мүгедектер қабылданады. Ол үшін тұрғылықты жердегі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне хабарласуы қажет.
— Бүгінгі күні облыста аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан  қандай көмектер көрсетіліп жатыр?

— Елімізде аз қамтылған отбасыларға тиісті деңгейде мемлекеттік қолдау бар. Ең бастысы — бюджет қаражаты есебінен көмек көрсетіледі. Олар  —  мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектер, тұрғын үй көмегі, жергілікті өкілетті шешімдер бойынша аз қамтылған азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қолдаулар.  Биыл облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмекке 6330 отбасының  38092 адамына барлығы 3515,8 миллион теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар 1 қаңтардан бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет тағайындалды. Биыл 8607 балаға барлығы 1699,1 миллион теңге қаражат бөлініп отыр.  Ағымдағы жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес,  отбасындағы еңбекке қабілетті азаматтарға қойылатын талаптар күшейтілді.  Соған сәйкес биыл облыста атаулы әлеуметтік көмек алушылардың арасынан 1500 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шаралары жүзеге асырылмақшы. Ол үшін облыс бойынша 161 учаскелік комиссия жұмыс  жасайды. Биылдан бастап өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру қорытындысы бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын анықтау критерийі белгіленді.  Сол үшін әр елді мекенде құрылған учаскелік комиссиялардың  құрамдары қайта қаралып, оларға заңнамалық құқықтар бекітілді. Биыл  елімізде алғаш рет  көпбалалы отбасыларға кіретін кірістерін ескермей, бала санына қарай 42500 теңгеден 74400 теңгеге дейін жәрдемақы төлеу қарастырылды. Бүгінгі күні  облыс бойынша мемлекеттік балалар жәрдемақысы 15281 отбасыға төленді. Бұл мақсатқа биыл қаңтар, ақпан айларына 1377,5 миллион теңге  қаражат жұмсалды.

— Кепілдендірілген әлеуметтік пакет жайында айттыңыз. Бұл көмекті нақты кімдер алады?

Кепілдендірілген әлеуметтік пакет әлеуметтік жағдайы төмен, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына беріледі. Яғни әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы мектеп жасына дейінгі балаларға арнайы балалар тағамдарымен қоса, гигиеналық құралдар салынған әлеуметтік пакет үлестіріледі. Мұндай азық-түлік пакеті айына бір рет шығарылады. Ондағы тауарлардың орташа көтерме бағаның негізінде есептелген құны — 4710 теңге.  Бұл орайда гигиена жиынтығының құрамын Денсаулық сақтау министрлігі анықтаған. Оған балаға арналған жеке гигиеналық заттар кіреді. Бұл — 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға тоқсанына бір рет берілетін жиынтық. Мұның құны — 1774 теңге.

Ал  тұрмысы төмен отбасылардың балаларын оқу құралдары, мектеп формасымен қамтамасыз ету облыстық білім басқармасы тарапынан ұйымдастырылады, яғни 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдеме 4 бөлімнен тұрады. Бұл — оқу орнында бір реттік тамақтану, мектеп формасы, оқу құралдарымен қамтамасыз ету және қоғамдық көлікте жол жүру ақысының 50 пайызын қайтару. Мектеп формасы жылына бір рет шығарылады, оның бағасы 17 мың теңгені құрайды, ал жиынтықтың құрамы нормаларды ескере отырып анықталады. Сол сияқты, оқу құралдарының жиынтығы да жылына бір рет шығарылады, оның құны 8 мың теңге деңгейінде анықталған. Бұл жиынтық бастауыш, орта және жоғары сынып оқушылары үшін аздап ерекшеленеді. Жинақтар Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша жасалған. Бұл орайда оқу құралдары мен мектеп формасын сатып алуға анықтама тамыз айында, яғни оқу жылы басталғанға дейін берілуге тиіс.

— Тарихи отанына оралған қандастарымызға  қолдау көрсету сіз басшылық ететін басқарманың құзыреттілігіне кіреді.  Жалпы оралмандар мәртебесі қандай жағдайда тоқтатылады?

— Біріншіден, бұл мәртебе оралмандар Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн тоқтатылады. Екіншіден, «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының  49-бабында көзделген негіздер бойынша ел аумағында тұрақты тұруға рұқсаттың күші жойылған жағдайда жүзеге асырылады. Сол сияқты оралман мәртебесін алған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін тоқтатылады.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button