Мәдениет

Ең құнды сыйлық…

С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы Халықаралық кітап сыйлау күніне орай бірқатар шаралар ұйымдастырды.

Осы күні кітапхананың коворкинг орталығында белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Назимат Демешова және ақтөбелік жазушы, бірнеше кітаптың авторы Мәди Райымов жас оқырмандармен кездесу өткізді.

Кездесуде Амангелді Айталы бүгінде адамзат баласы жеткен жетістіктердің бәрі, ең алдымен, білімнің, яғни кітаптың арқасы екенін атап өтіп, өзінің бала күнгі кітапқа құмарлығы, әлем кітапханалары, рухани байлыққа, білім жинауға ұмтылудың пайдасы жөнінде әңгіме өрбітті.

— Қазір біздің қоғам кітапқа салқындау қарап тұр. Жақсы кітаптар небәрі 1-2 мың данамен шығады, таралымдары аз, осы жағы бізді қынжылтады. Дегенмен бұл салқындық ұзаққа созыла бермес деп үміттенеміз. Рухани орталықтар — кітапхана, музей, театр — ешқашан бос болмауы тиіс, — деді Амангелді Айталы.

Кітапхананың коворкинг орталығының жетекшісі Талғат Тілеулесов жиналғандарға 14 ақпан — Халықаралық кітап сыйлау күнінің шығу тарихы, осы датаға орай өз ұжымы ұйымдастырған шаралар жөнінде әңгімеледі.

Кездесуге қатысушылар кітапхана қорына кітаптар сыйлады.

Сондай-ақ, бұл күні аталмыш кітапхана фойесінде «Сыйға берген кітаптар», «Қолтаңбасы бар кітаптар» атты көрмелер ұйымдастырылды. Көрмеге Фариза Оңғарсынова, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, кезінде осы кітапхананың басшысы болып қызмет атқарған Амантай Өтегенов, т.б. белгілі қаламгерлердің өз қолтаңбасымен ұсынған кітаптары қойылған.

Халықаралық кітап сыйлау күніне орай кітапхана қызметкерлері «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығына, Ақтөбе қаласындағы Ж.Тәшенов атындағы №68 орта мектепке кітаптар тарту етті.

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button