Басты жаңалықтарЭкономика

Әлеуметтік бизнеске қолдау көрсетіледі

Мемлекет басшысы әлеуметтік кәсіпкерлік өкілдерімен кездесті.

Кездесуге Green TAL әлеуметтік шеберханасының басшысы, Best for kids қоғамдық қорының вице-президенті Эмин Әскеров, «Дастархан» ЖШС директоры Елена Мащинская, «Қамқор отау» әлеуметтік жобасының директоры, «Тренинг-Кафе» әлеуметтік жобасының үйлестірушісі Бақытжан Құдияров қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кәсіпкерлер Президентке еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерліктің ахуалы мен  оны әрі қарай дамыту перспективалары жайында айтты. Сонымен қатар олар аталған саладағы өзекті проблемалар жөніндегі ойларымен бөлісіп, оның ішінде қажетті ғимараттар мен өз өнімдерін өткізу орындарының тапшылығы туралы жеткізді.

Жиынға қатысушылар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды жоғары бағалап, Қазақстан Президентіне биыл күзде әлеуметтік кәсіпкерлердің бірінші республикалық форумын өткізу жөніндегі жоспары туралы баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің қоғамға пайдалы жобаларды жүзеге асырып жатқаны үшін ризашылық білдіріп, олардың форум өткізу жайындағы идеясын қолдады. Президенттің айтуынша, мемлекет бүкіл республика аумағындағы әлеуметтік бизнеске жан-жақты қолдау көрсете береді.

***

Ақтөбе облысында да әлеуметтік кәсіпкерлік жақсы дамып келеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар «Глобал – Спецодежда» ЖШС, «Пандус-Ок» ЖШС, «Қазақ зағиптар қоғамы» ЖШС оқу-өндірістік кәсіпорны секілді кәсіпорындарда және басқа ұжымдарда жұмыс істейді.

Облыстағы мамандандырылған трикотаж киімдерін тігетін ірі фабрикалардың бірі — «Глобал – Спецодежда» серіктестігі.

Надежда Шабаева басқаратын «Глобал» компаниясы тобы арнаулы киімдер дайындау және тігумен қатар, тігін өндірісі саласында мамандар да даярлайды.

Қажетті өнімдердің дизайнын жасау үшін қазіргі заманғы құрал-жабдықтар, сапасы жоғары маталар, өндіріс жылытқыштары, тағы да басқа ұсақ-түйек заттар пайдаланылады.

Арнаулы киімдер әзірлейтін және тігетін, төсек-орын жабдықтарын, логотиптер дайындайтын желі іске қосылды.

Жобаның қуаттылығы — жылына 250 мың өнім шығару.

Базада «Надежда» оқу-өндірістік кешені жұмыс істейді, мұнда жұмыссыз азаматтар, мүгедек жандар, көпбалалы аналар әлеуметтік бағдарламалар аясында қысқа мерзімді курстан өтеді, одан кейін жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі.

Кәсіпорында 137 адам еңбек етеді, оның 30%-ы — мүмкіндігі шектеулі жандар, әлеуметтік нашар қамтылған әйелдер.

 «Қазақ зағиптар қоғамы» ЖШС Ақтөбе оқу-өндірістік қоғамы 1992 жылдан бері өз қызметін жүргізіп келеді, тігін бұйымдарын және картонажды өнімдер дайындаумен шұғылданады, былтырдан бастап экопакеттер шығарады. Кәсіби, формалық, жұмыс киімдерін, төсек-орын жабдықтарын, асхана және тұрмыстық тоқыма заттарын, төсеніш, қолғап, басқа да заттарды әзірлейді. Мұнда сондай-ақ кеңсе қағаздары, құттықтау ашық хаттары, конверттер, альбомдар шығарылады.

Кәсіпорында 35 адам жұмыс істейді, оның 22-сі — көзі көрмейтін І және ІІ топтағы мүгедек жандар. Кәсіпорын директоры Дәметкен Жолмағамбетованың өзінің де көз ақауы бар.

Шахан Жолдасбаев денсаулығына байланысты қоларбаға таңылғанымен, 2008 жылдан бері пандустар өндірісімен және құрылысымен шұғылданады. «Пандус-Ок» ЖШС — басты бағыты тұрғындардың аз қозғалатын тобы үшін нысандарды бейімдеу болып табылатын өңірдегі жалғыз лицензияға ие құрылыс компаниясы. Мұнда барлық жұмыстар еліміздің заңдарымен белгіленген мемлекеттік құрылыс нормалары мен ережелері талаптарына сәйкес орындалады. Серіктестікте 5 тұрақты жұмыс орны бар, сондай-ақ маусымдық жұмыстарға қосымша жұмысшылар қабылданады.

Сәуле ЕРТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button