Жастар

Президенттік кадр резерві: біліктілігімізді дәлелдейтін сәт келді

Ақтөбелік Сәбит Мұқанов — Президенттік жастар кадр резервіне енген білімді 300 жастың бірі. Күні бүгінге дейін жеке секторда қызмет етіп жүрген ол

аталған жобаның мемлекеттік қызметке қайта оралуына негіз болғанын айтады.

Еңбек жолын жеке компанияда маман болып бастаған Сәбит 2016 жылы өзін мемлекеттік қызметші ретінде байқап көргісі келеді. Сөйтіп, өзінің туған ауылы Мәртөк ауданындағы кәсіпкерлік бөліміне жетекші маман болып жұмысқа орналасады.

— Қай қызметті болмасын ең төменгі сатыдан бастаған жөн. Өйткені ең төменгі сатыда тұрған кезіңде сен халықтың тұрмыс жағдайын еш бояусыз таза қалпында көресің. Ал биік тауларды бағындырғысы келетін кез келген адам қарапайым халықтың тіршілігін танып-білуі тиіс. Әрине, өмір болған соң қиындықсыз болмайды. Ең бастысы, әр қиындықтың артында үлкен жеңіс тұрғанын ұмытпау керек.  Бұл — өмірдегі ең басты қағидам, — дейді Сәбит Мұқанов.

Ол аудандық кәсіпкерлік бөлімінде 2019 жылдың мамыр айына дейін жетекші маман лауазымында қызмет етеді. Одан жоғары лауазымдарда бағын сынап көргісі келген Сәбиттің ойлағаны дер кезінде бола қоймайды. Сөйтіп, тамыз айында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының қабылдауында болып, өз мәселесін айтады. Департамент басшысынан қыркүйек айында Президенттік жастар кадр резервін іріктеу басталатындығын естіген Сәбит ойын жинақтап, бір шешімге келеді. Дереу құжаттарын жинап, іріктеудің бірінші кезеңіне тапсырады.

Шынын айтқанда, бұл біз секілді жастарға үлкен мүмкіндік болды. Жаңа таныстар, түрлі пікірлер мен өзім секілді жастардың түрлі идеялары бір жерде тоғысты. Іріктеу кезеңдерінде біз тест тапсырудан бөлек, өз жобамызды қорғадық. Мен өңірлік лауазымдар тобын таңдадым. Ауданның, ауылдың жағдайын жақсы білгендіктен, қорғаған жобам да аудан төңірегінде туризм саласын дамыту туралы болды. Бүгінгі таңда, қызметке байланысты әр өңірлерден көптеген ұсыныстар келіп жатыр. Қазір ойлану үстіндемін. Мемлекет басшысы Президенттік кадр резервінің әрбір мүшесінен елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтетінін жеткізді.  Еліміздің қай өңіріне болмасын барып, еңбек етуге дайынмын. Әрине, реті келсе туған өлкеде қалып, өз өңіріміздің дамуына үлес қосқым келеді. Басты мақсатым — мемлекет игілігі үшін қызмет ету, — деген Сәбит — кадр резервіне тек шетелде білім алған жастар өтеді деген қате пікірдің айқын көрінісі.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button