Денсаулық

Кене —  індет жұқтыратын кесел

Назарыңызда ұстаңыз

Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы вирусы — аса қауіпті жұқпалы дерт. Ақтөбеге көршілес Қызылорда облысында зертханалық жолмен тексерілген 5 мың кененің 3,7 %-ның денесінде дерт қоздырғыштары анықталған.

Өткен  жылы Ақтөбенің  осы облыспен  шекаралас аумақтарында обаға қарсы күрес қызметі тексеру жүргізіп, 1110 кененің 0,9 %-ы Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы дертімен зақымдалғанын анықтады. Екі облыс тұрғындарының араласуы, үй  жануарларының жайылымдары, жабайы аң-құстардың жүру жолдары (миграция) ортақ екені анық. Сондықтан Шалқар, Ырғыз аудандары аумағынан тексерілген кенелерден дерт белгілері (антиген) анықталып, санитарлық ағарту жұмыстарымен қатар, кенелерді жою жұмыстары жүргізіліп келеді.

Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы иксодты кенелер ағзасында болады және адамға далада, қорада  және мал үстінде болатын кене шағу арқылы жұғады. Вирус науқасқа күтім жасау кезінде ағза бөлінділерімен ластанған медициналық құралдар, шприц ұшындағы қан тамшысы арқылы жұғуы мүмкін.

Аурудың алғашқы белгілері: дене қызуының кенеттен 39-40° дейін көтерілуі, қатты бас ауруы, бет, мойын және дененің жоғарғы бөлігінің қан кернеуімен, ауру асқынған кезінде денеде бөртпе пайда болып мұрыннан, асқазаннан, жатырдан қан кетуі, ине енгізу орындарында қанталау белгілері байқалуымен сипатталады.

Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы жұқтырған науқасқа дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетілмесе, көп жағдайда соңы өлімге әкеліп соғады.

Аурудың алдын алу үшін  қора мен үй маңында кенелерге қарсы дезинфекция (кенені жою) жүргізу қажет. Қораға барғанда  кене жабысуынан қорғану үшін  киімдерді репеленттермен өңдеген жөн. Табиғат аясына шыққанда және  үй жануарларын бағып-күткен кезде кененің жабысқанын көру үшін ашық түсті киім кию керек. Үй жануарларын кенеден тазарту кезінде міндетті түрде резеңке қолғап киген жөн. Егер кене жабысып қалса, тез алып тастау керек. Жабысқан кенені жаншуға болмайды. Кенені алу үшін қолғап киіп,  пинцетпен болмаса жіппен кененің адам терісіне кірген инесін жеңіл қысыңыз. Кененің инесін, аяқтарын қысқаныңызға көз жеткізіңіз. Жеңіл қозғалыспен, сағат тілімен бұрау арқылы алыңыз. Кене инесінің, аяқтарының ұшы адам денесінде қалып қоймауы керек. Орнына йод тұнбасын тамызыңыз. Кенені жабысқақ қағазға немесе пробиркаға салып санитарлық-эпидемиологиялық қызметке немесе обаға қарсы күрес мекемесіне тексертуге жібергеніңіз жөн. Міндетті түрде дәрігерлік мекемеге қаралуыңыз қажет. Осындай шараларды тұрақты қолданып жүрсеңіз, өзіңізді, отбасы адамдарын аса қауіпті аурудан сақтайсыз. Осы жұқпалы дерттермен күресу мекемелері облыс халқын қорғау мақсатында Шалқар, Ырғыз аудандары әкімдіктерімен бірлескен кешенді жұмыстарды жүргізеді.

 Ш. СӘРСЕНБАЕВА,

Ақтөбе обаға қарсы күрес станциясының орталық зертхана меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button