Абай — 175Пікір

Абай мұрасы — елдігіміздің келбеті

Мұратбек Ержақып,

Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы.

Биыл ұлы ақын, ғұлама ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толды. Халқы­мыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өтуге үлес қосу әрбір азамат үшін үлкен парыз. Парыз дейтінім, Абай бабамыз бүгінгі ұрпағына қазақтың қара сөзі мен әдебиетінің қазынасын аршып беріп, күнделікті тірлікке қажетті ой орамдарын мол мұра етіп қалдырды. Білген жанға Абай мұраларының өміршеңдігі әлі күнге дейін өз құнын жойған жоқ, жоймайды да.

Абай өз шығармалары арқылы елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болып, ұйықтаған ойды түртіп, бес асыл іс пен бес дұшпанын ажырата білу идеясын барынша дәріптегенін байқаймыз. Алға жылжудың негізі терең білім мен ғылымсыз бос әуре екенін анық білеміз.

Ұлы ақын халқымыздың дамылсыз оқып-үйренгенін, тіл білгенін, кәсіп игеріп, жаңашыл болғанын, өзге ұлттармен бірге иық тірестіргенін қалады. Әр өлеңінде елді бірлікке шақырып, жастарды жалқаулықтан, ұйқышылдықтан, рушылдықтан, бір-бірін күндеуден, көре алмаушылықтан ада болуға үндеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл ұлы ақынның мерейтойын Мемлекет көлемінде және халық­аралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру арқылы өткізу жоспарланып отыр. Ұлы тұлғаға құрмет көрсету бір жылдың үлесінде қалатын іс емес.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында «Мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуы­мыз үшін өткізілмек. Бұл – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі. Ұлы ақынның шығармалары бү­гін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абай­дың ой-тұжырымдары барша­мызға қашанда рухани азық бола алады. Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз», – деп жазған болатын.

Ұлт рухын көтеретін ұлы істе кіші не үлкен деп бөлуге болмайды. Абай күткен үдеден шығу, баба рухына тағзым етіп, жалпақ жұрттың алдында мерейтойын мағыналы етіп өткізу еліміз үшін үлкен абырой, ұрпаққа мақтаныш, елдігімізге сын.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button