Пікір

Асығыстық танытуға болмайды

Гүлайым ТӨЛЕБАЕВА,

облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы:

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында латын графикасына көшу мәселесі де талқыланды. Президент өзінің сөзінде бұл мәселеде асығыстық жасауға болмайтынын атап өтті.

«Латын графикасындағы әліпбиге көшу мәселесінде асығыстық танытуға болмайды. Тыңғылықты түрде, әбден зерттеп-зерделеп, жан-жақты саралап, жаңа әліпбиді енгізу мәселесінің барлық қырларын пысықтау қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ бұған дейін ұсынылған үш нұсқаның да түрлі олқылықтары бар екені айтылды, яғни әлі де жетілдірілген нұсқа керек. Өйткені көзделген мақсат — кирилл әрпінен латын әрпіне өте салу емес, қазақ тілін реформалау, оны жаңғырту. Латын әліпбиіне көшу, ең алдымен, тіліміздің өміршеңдігі үшін, оның өзіне тән заңдылықтарын сақтап қалу үшін керектігін ғалымдарымыз әрдайым айтып жүр. Президенттің бұл мәселеге қатысты ұстанымы да нақ осы тілекпен ұштасып жатыр.

Жалпы, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру ісін 2025 жылға дейін үш кезеңмен жүзеге асыру жоспарланғаны белгілі. Соның ішінде 2018 жылдан басталған алғашқы кезеңге бізге дейін латын әліпбиіне көшкен елдердің тәжірибелерін саралау, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бағытындағы іс-шаралар жоспарланды. Әліпбидің түрлі нұсқаларының ұсынылуы, талқыға түсуі, оларды тексерістен өткізу — мұның бәрі осы алғашқы кезеңге тән, қалыпты жұмыстар. Бүгінгі күні бұрынғы нұсқалардағы олқылықтарды түзетіп, жаңа әліпбиді жетілдіру бағытындағы істер жүргізіліп жатыр және олар жалғаса да береді.

Латын графикасын бұрынырақ енгізген елдердің тәжірибесіне қарасақ, расында, асығыстық салдарынан кеткен қателіктер бар. Мысалы, төл әріптерінің бірін жоғалтып, кейін әліпбиді қайта түзетуге тура келген жағдайларды білеміз. Біздің лингвист ғалымдарымыз жаңа әліпбиді әзірлеуде осындай жайттарды қаперге алатын болады.

Тіл — халықтың жаны. Латын қарпіне негізделген әліпбиге өту — тілімізді жаңғырту жолындағы аса маңызды қадамдардың бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, бұл іс жеңіл-желпі қарауды, науқаншылдықты көтермейді, асқан тиянақтылықты қажет етеді. Әрине, бұл мәселеде соңғы шешімді ғалымдар қабылдайды. 2025 жылға дейін уақыт бар, кезең-кезеңге жоспарланған жұмыстар өз ретімен жүргізіле береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button