Спорт

Ақтөбеліктер Азия чемпионатынан жеңіспен оралды

Қытайдың Тайбэй қаласында олимпиадалық бағдарламаға енетін күрес түрлері бойынша жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды.  Құрлықтық жарыста 15 жасқа дейінгі жас балуандар (U15) жүлделер жиынтығын сарапқа салды.

Қазақстан ұлттық құрамасының сапынан бір ай бұрын қазақтың даңқты балуаны Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесіне арналған республикалық турнирде жеңімпаз атанған ақтөбелік классиктер Дамир Ибрашов пен Алтынбек Жадырасынов біріншілікте ел намысын абыроймен қорғады.

Жарыстың алғашқы күнінде финалдық белдесуде тәжікстандық қарсыласына есе жіберген Алтынбек Жадырасынов күміс жүлдеге иелік етті. Келесі жарыс күні құрама қоржыны алтын медальмен толықты. Жерлесіміз Дамир Ибрашов боз кілемдегі барлық белдесулерін жеңіспен аяқтап жеңімпаз атанды.

Ақтөбелік қос өреннің де есімі облысымыздың күрес тарихында ерекше есте қалмақ. Алтынбек грек-рим күресі тарихында 15 жасқа дейінгі Азия біріншілігінің алғашқы жүлдегері, ал Дамир олимпиадалық бағдарламадағы спорттық күрестен (грек-рим күресі, еркін күрес, әйелдер күресі) облыс бойынша алтын медаль жеңіп алған тұңғыш спортшы. Ақтөбе өңірінің жас спортшылары бүгінде Есет батыр атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында білім алып, шеберліктерін шыңдап жүр.

Айта кететін жайт, Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы грек-рим күресінен жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.

Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button