Рухани жаңғыру

Өнерді өрістеткен өрендер  

Ақтөбе қаласының 150 жылдығы мен Жастар жылына орай «Өрісте, өрле — ұлы өнер» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Облыстық халық шығармашылығы орталығының мұрындық болуымен өткен шара «Руxани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында қолға алынды.

Думанды шара «Фрески» үлгілі би ансамблінің орындауында «Дала сазы» биімен басталып, халық әндері «Қымыз құйғыш», «Беу, айдай» және белгілі композиторлардың туындалырымен жалғасын тапты. Халық шығармашылығын насихаттап, абыройын асқақтатуды мақсат еткен мәдени-көпшілік шарада «Шашу» халықтық отбасылық ансамблі, «Інжу» халықтық вокалдық тобы сынды түрлі өнер ұжымдары ортаға шығып, көрермендерге ән-күйін тарту етті. Ал дәстүрлi ән орындаушыларынан құралған «Әдеп» халықтық тобының ұлттық аспабымыз —домбырамен құйқылжытқан әндері кештің сәнін аша түсті.

Сондай-ақ, мерекелік кеште халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Бағдат Балмағамбетова Е.Әбдіхалықованың «Есіңе мені алғайсың», «Шағала», «Өркен» үлгілі балалар вокалдық тобы Ж.Төлебаевтың «Қазақтың ұлымын», «Asul.life» триосы және Ойыл, Хромтау Қарғалы аудандарынан арнайы келген Ақторқа мен Айбике, «Жастар» тобы, Нұрдәулет Қуандықұлы Ш.Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең», С.Айтжановтың «Ақтөбе таңы» және басқа да әндерді орындап, жиналған қауымның ықыласына бөленді.

— Өздеріңізге белгілі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған Жастар жылы аяқталуға жақын. Осы атаулы жыл аясында облыстық халық шығармашылығы орталығы қаңтар айынан бері жігіттер мен қыздардың қатысуымен түрлі шараларды өткізіп келеді. Соның бірі — бүгінгі мерекелік концерт. Бұл жолы кіл «сен тұр, мен атайын» деген талантты жастар өздерінің репертуарындағы ең үздік, туған жерге арналған әндерін шырқады. Сол арқылы олардың елге, Ақтөбеге деген сүйіспеншілігін арттырып, одан әрі шыңдалуына сеп болсақ дейміз. Бір қуантатыны, көрерменнің қабылдауы өте жақсы. Халық көп жиналды. Жыл соңына дейін осындай бағыттағы концертті тағы да ұйымдастыру жоспарда бар, — дейді облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері Гүлнар Сейталина.

Әсем ән мен тәтті күй қалықтап, арасында билер де орындалған «Өрісте, өрле —  ұлы өнер» концерті облыстық драма театр ғимаратында өтті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button