Мәдениет

«Арайлы Ақтөбе» салған ән қандай!

Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығы ғимаратында «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблінің «Арнау» атты концерті өтті.  Ұлттық музыкалық аспаптардың сүйемелдеуінде әуелеген әдемі ән кешіне ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Айгүл Қосанова арнайы қонақ ретінде қатысты. Бұл — Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның 75 жылдығына арналған мерекелік шара.

Өткен жұма күні ұйымдастырылған концертте халық әндері мен күйлері, Абай, Н.Тілендиев, К.Әзірбаев, А.Жұбанов, т.б. туындылары орындалды. Шоқтығы биік шығармаларды Әділет Күзембаев, Нұртас Омаров, Әлібек Ынтағали, Мәншүк Мұқанова сынды ақтөбелік өнерпаздар нәшіне келтіріп ұсынды. Арасында «Аққу» ансамблінің қыздары биімен әрлеп отырды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі —  Серік Закария.

Басты қонақ — ұлттық ән өнерінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан Айгүл Қосанова Т.Базарбаевтың «Қаздар қайтқанда», Н.Жүсіповтің «Ағайынды Жұбановтар» әндерін, сондай-ақ жеке домбырамен халық әндерін құйқылжытты. Көрермен қауымның қошеметі ерекше болды.

— Ақтөбе өңіріне әрдайым үлкен қуанышпен келемін. Өйткені мұнда ұлттық музыканы қадірлейтіндер, әнді «менше сүйетіндер» көп. Халықтың ықыласының өзі неге тұрады? Біз, өнер адамдары осындай концерттен шалқар шабыт алып, мәз-мейрам боламыз. Көрермендердің көптігі, олардың жасының әр алуандығы да бейжай қалдырмады. Лайым, осындай әдемі кештерде кездесе беруді жазсын! — деп лебізін білдірді Айгүл Қосанова.

Айта кетейік, «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі 2008 жылы құрылған. Әр жылдары өткен халықаралық «Шабыт», «Жұбанов көктемі – 2010», «Интерфолк»,  «Еуропа – Азия», «Turk Vision»,  «Ғасырлар сазы» фестивальдерінің лауреаты. Ұжымның репертуарында шетел және халық композиторларының шығармаларымен қатар, жерлес сазгерлердің шығармалары бар.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button