Экономика

Облыста асылтұқымды жылқының үлесі — 17,5 пайыз

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен «Өнімділік бағыттағы жылқы шаруашылығының бүгіні мен ертеңі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ақтөбе қаласының Мамыр өлкесіндегі «Мұғалжар жылқысы» ЖШС базасында ұйымдастырылған конференцияға жергілікті және Батыс Қазақстан облысынан ауыл шаруашылығы саласының ғалымдарымен қатар, өнімділік бағыттағы жылқылар республикалық палатасының өкілдері, өңірдегі жылқы шаруашылығымен, оның ішінде асылтұқымды жылқы өсірумен айналысатын кәсіпкерлер қатысты.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияға дейін облыс әкімі Оңдасын Оразалинге және қонақтарға «Мұғалжар жылқысы» серіктестігі иелігіндегі мұғалжар асылтұқымды жылқы үйірі, сондай-ақ шаруашылықтағы селекциялық жұмыстар таныстырылды.

Облыс әкімінің айтуынша, аймақта мал шаруашылығының ішінде жылқы шаруашылығының алар орны ерекше. Өткен он бес жылда өңірде жылқы шаруашылығы қарқынды даму көрсеткіштерін көрсетіп, саны екі есеге көбейген. Сонымен қатар жылқыны асылдандыру жұмыстарының көрсеткіші де жоғары.

Жыл басында республика бойынша асылтұқымды жылқы үлесі 7,5 пайызды құраса, облыста бұл көрсеткіш — 17,5 пайыз. Бүгінгі таңда Ақтөбеде асылтұқымды жылқы саны 22,5 мыңға жетті.

Конференция барысында асылтұқымды жылқы шаруашылығын жетілдіру, бұл салада кездесетін маңызды проблемалар сөз болды.

(Материалдың толық нұсқасын газетіміздің алдағы санынан оқисыздар)

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button