Рухани жаңғыру

Халқына қалтқысыз қызмет еткен сұлтан

Қалың қазақ арасында «Тұңғыш заңгер», «Қазақ халқының адвокаты» деген атпен белгілі болған Бақытжан сұлтан Қаратаев — өз ел-жұртының қамын жеген біртуар нар тұлға. Келесі жылы оның туғанына 160 жыл толғалы отыр.

Бақытжан Қаратаевтың студент кезіндегі суреті (1886-1890 жылдар аралығы).

Бақытжан Бисалыұлы Қаратаев 1860 жылы 10 мамырда дүниеге келген. Ол Қаратай сұлтан әулетінің өкілі — Дәулетжан сұлтанның ұлы болғанмен, ежелгі дәстүр бойынша атасы Бисалы бауырына басып, сол себепті ресми құжаттарда Бақытжан Бисалыұлы боп жазылған. Қазіргі деректерде Бақытжан сұлтанның туған ауылы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданына қарасты Ақбақай ауылы екені көрсетіліп жүр. Ол — Әбілқайыр ханның Нұралыдан тарайтын тікелей ұрпағы.

Жас сұлтан әуелі ауыл молдасынан сауат ашып, кейін Орынбор гимназиясын үздік бітірген (тарихшы В.Григорьев 1886 жылы бітірді деп көрсетеді.) Сол 1886 жылы Санкт-Петербургтегі Императорлық университеттің заң факультетіне түсіп, оны 1890 жылы тәмамдады. Университетті үздік бітіріп, бетіне: «ИСПУ. 1890. Каратаев» деп аты жазылған алтын медальға ие болған.

Бақытжан Қаратаевтың 65 жасында халықтық әділет комиссариатының анкетасына өз қолымен толтырған мәліметтері мынадай: Орал губерниясы, Жамбейіт уезі, Жақсыбай болысының №3 ауылында дүниеге келген, мамандығы — заңгер, 1878-1886 жылдары Орынбор гимназиясын, 1890 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген, 1905-1914 жылдары — кадет, 1914-1917 жылдары — РСДРП, 1917 жылдың мамырынан большевиктер партиясына мүше (билет №512441), 1907 жылы Мемлекеттік ІІ Думаға депутат болған, ал 1918 жылдың 15 сәуірінен 1919 жылдың 24 қаңтарына дейін Орал әскери казак үкіметінің бұйрығымен Орал түрмесінде отырған.

Осы деректерде көрсетілгендей, студент кезінен саясатқа араласқан. Империя астанасында оқып жүрген кезінде демократиялық бағыт ұстанған студенттердің түрлі толқуларына қатысады, сол үшін оқу орнында бірнеше рет ескерту де алған. Университетте өзімен тұстас оқыған жетісулық Барлыбек Сыртанов, көкшетаулық Мәмбетәлі Сердалин, бөкейлік Бақтыгерей Құлманов, ақтөбелік Абдолла Теміровтермен бірге «Жерлестер» ұйымын құрады.

1891 жылы «Дала уәлаяты» газетінің 10-санында: «Бақытжан Қаратаев юстиция министрлігінің қарауына кіргізіліп, департаменттік басқару сенатының екінші мекемесіне қызметке қалдырылды», — деп жарияланған. Әйтсе де бұратана елдің мүддесін қорғайтын білікті маман империялық өкіметке қажет болмаған секілді. Бақытжан Қаратаевтың өз елі — қазақ жерінде жергілікті ұлт өкілдері арасынан шыққан жоғары білімді маман заңгердің жоқтығына қарамай, патша үкіметі оны Кавказға, Грузияның Кутаиси қаласына тергеушілік қызметке тағайындаған. Осыған байланысты Гурьев уезінен 18 отбасы Кутаиси губерниясы Нева-Сеноки уезіне көшіп барады. Мұндағы мақсат — жат жерге азаматын жалғыз жібермеу, сұлтанға демеу, пана болу болса керек. Өзге тіл, жат орта әуелгі кезде оңай болмағанымен білімі мол, жан-жақты дарынды, білікті заңгер-тергеуші Бақытжан Қаратаевты гүржі елі мойындап, өз дәстүрлеріне сай құрмет көрсеткен.

37 жасында туған өлкесіне оралған сұлтан Қаратаев әуелі Орынборда тергеуші, 1897 жылдан бастап Оралда, Жымпитыда қорғаушы қызметінде болады. Сондай-ақ, қызметінен тыс уақытта да қазақ жұртын патша шенеуніктерінің зорлық-зомбылығынан қорғау үшін тыным таппай еңбек еткен. 1905 жылы жазда қазақ зиялыларымен бірігіп орталық билік органдарына Торғай және Орал қазақтарының петициясын жолдаған. Құжаттағы жер-су мәселесіне байланысты қойылатын талаптардың тиянақты әзірленуіне Бақытжан Қаратаев тікелей араласқан. Бақытжан Қаратаев бастаған қазақ делегациясы петицияны тиісті орындарға тапсырып қана қоймай, Санкт-Петербургте ІІ Николай патшаның қабылдауында да болып, үкіметтің «переселен» (қоныс аударту) саясаты арқылы жүргізіп жатқан реформасының қазақтарға үлкен қасірет екенін ауызша жеткізеді. Ал патшаның қабылдауын ұйымдастыруға Әбілқайыр ханның тағы бір ұрпағы — генерал Ғұбайдолла Жәңгіровтің көмегі тиген. Дегенмен 1905 жылғы шілдедегі патша қабылдауынан оң нәтиже шықпады. Сондықтан қазақ тобы сол уақытта империяда күшейе бастаған солшыл қозғалыстарға бой ұсынады. 1905 жылы Орал қаласында Қазақстанның бес облысының өкілдері қатысқан съезд өтті. Съезге Ә.Бөкейханов, Ж.Сейдалин, М.Дулатов, Б.Қаратаев, Б.Сыртанов, т.б. қатысқан. Жиында «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» құру мәселесі қаралып, жыл соңында Оралдағы құрылтайда қабылданған партия бағдарламасын заңгер Бақытжан Қаратаев дайындаған. Отаршыл үкіметтің озбырлық саясаты қазақ халқын әбден титықтатқан тұста, қазақтың саяси элитасының оппозициялық күшке айналуы заңдылық еді. Қазақ кадеттерінің бағдарламасында қазақ жерін халықтың меншігі деп жарияланатын заң қабылдауға қол жеткізу, ішкі Ресейден көшіп келушілер легін тежеу, қазақтың шұрайлы жер-суын тартып алуды тоқтату, қазақ жұмысшыларының мүддесін қорғайтын заңдар шығару, қазақ балалары үшін мектеп, медресе, университеттер ашу т.б. талап-тілектер болды. Елдегі ахуалды көргеннен кейін, Бақытжан Қаратаев қазақтың зар-мұңын баспасөз бетіне жариялап, мемлекет органдарының, көпшіліктің  назарын аудартуды көздейді. 1907-1916 жылдар аралығында «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналын шығаруға көмектеседі. Сондай-ақ, тілеулестерімен бірге Санкт-Петербургте қазақ тілінде «Алаш» газетін шығаруға кіріскендерімен, газеттің жарық көруіне жол берілмеді. 1908 жылы Бақытжан Қаратаев Елжан Оразов және Серәлі Лапинмен бірге қазақтарды жерге орналастыру туралы заң жобасын жасады. Бұнда әуелі қазақтарды мал және егін шаруашылығына қолайлы жерге орналастырып, содан артып қалған жер болса ғана көшіп келушілерді орналастыру және жерге орналастыру жұмысын жүзеге асыратын облыстық, уездік комиссия құрамына қазақ халқының өкілдерін кіргізу көзделген. Жүргізіліп отырған реформалар астарында қазақ халқын өз жері, мал-мүлкінен айырып, өз елінде азшылыққа айналдыру саясаты жатқанын жақсы түсінген ұлт зиялылары өз бастарына төнген қауіп-қатерді елемей, соңына дейін күресуге бел буған. 1905 жылдың желтоқсанында патшаның екі манифесінің негізінде құрылған І Мемлекеттік Думаға үлкен айтыс-тартыспен «бұратана халықтан» депутат сайлауға мүмкіндік алған қазақ зиялылары ішінен кейін 1907 жылы қаңтар-ақпан айларында ІІ Мемлекеттік Думаға Орал облысынан Бақытжан Қаратаев, Ақмола облысынан Шәймерден Қосшығұлов, Торғай облысынан Ахмет Бірімжанов, Семей облысынан Темірғали Нұрекенов, Сырдария облысынан Тілеулі Алдабергенов, Астрахань губерниясынан Бақтыгерей Құлманов — мұсылмандар фракциясына, Жетісу облысынан Мұхамеджан Тынышпаев кадет фракциясына тіркеліп, депутат боп сайланады. Олар патша үкіметінің отаршыл және аграрлы саясатының өктемдігін Дума мінбесінен әшкереледі. 1907 жылғы «Айқап» журналының 11-санында «Қазақ жері хақында» деген мақала жарияланып, онда сол жылдың наурыз айында ІІ Мемлекеттік Думаның депутаттары Қаратаев, Бірімжанов, Қосшығұлов һәм Нұрекенов бас министр Столыпин мен жер министрі дәрежесіндегі кінәз Васильчиковқа жолығып, жерге байланысты қазақтардың мұң-мұқтажын жеткізгені айтылған. Соның ішінде депутат Қаратаев орыс шаруаларының қоныс аударуын тоқтату керектігін, Азия құрлығына қарасты облыстардағы қазақ жерлерін өлшеп, жарамдысы мен жарамсызы қанша екені жөніндегі мәліметтерді анықтап, тек артық жерлер болса ғана, переселение пайдасына шығаруға болатынын, «жаман жерлерін ешкім қызғанбайтынын» айтқан. Бұған Васильчиков: «ХХ ғасырда қазақтардың (киргиздардың) көшпелі өмір салтын тоқтату керек. Сол үшін де жаңа қоныстанушылар керек-ақ» — деп, қазақ халқының  дәстүрлі шаруашылығына менсінбеушілік таныта жауап берген. Алайда депутат Бақытжан Қаратаев қазақ жері мен қазақ халқының мәселесін айтып, Дума мінберінен де үкімет саясатын қатты сынға алды. Бұған оның 1907 жылы 16 мамырда ІІ Мемлекеттік Думада (ІІ сессия, 39-отырыс) сөйлеген сөзі дәлел. (Мәтіннің  орысша нұсқасын (түпнұсқаға жақын) 1992 жылы жарық көрген республикалық «Мұрагер» журналының 2-санындағы тарихшы В.Григорьевтің мақаласынан оқуға болады.)    Қазақ халқының тұңғыш заңгері Бақытжан Қаратаевтың жазып қалдырған еңбектерін атап кетсек, олар — «Обзор материалов из истории колонизации казахского края в связи с восстанием казахов Оренбургского края в 1869 году и в начале1870-х годов», «Из истории Алаш-Орды», «К истории революционного движения в Уральской губернии», «Первый полководец казахских частей — А.Джангельдин», «Взятие города Уральска», «Гибель Чапаева», т.б.

Отбасылық жағдайына келсек, сұлтанның бірінші әйелі — Әбуханифа Күнтөреқызы Сейдалина, одан Ғаббас (1893 жылы туған), Шәміл (1899 ж туған), Мұрат деген ұлдары мен София атты қызы бар. Бәйбішесі қайтыс болғаннан кейін сұлтан екінші рет Рахила Ақшақызына үйленіп, екеуі Зейнеп деген қызы болған. Үшінші әйелі Саржан Байманқызынан балалары болмаған. Тұңғыш заңгер әрі сұлтан Бақытжан Қаратаев ұзақ дерттен соң, 1934 жылы 26 тамыз күні Ақтөбе қаласында дүниеден озды. Оның бейіті — Сүт зауыты ауданындағы ескі қазақ-орыс  қорымында. Ақтөбе облыстық атқару комитетінің 1967 жылғы 21 қаңтардағы шешімімен облыс орталығынан оның атына көше берілді.

Сондай-ақ, облыстық тарихи-өлкетану музейінде сұлтанның өзі мен ұрпақтарының өмірінен сыр шертетін біршама ескерткіш-жәдігерлер, фото және құжаттық деректер сақталған. Біз музейдің атынан осы жәдігерлердің бірқатарын облыстық газет оқырмандарының назарына ұсынғанды жөн көрген едік…

Ләззат НҮРКЕЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорларды ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button