Экономика

Бағдарлама және бюджет

2016-2020 жылдарға арналған аумақты дамыту бағдарламасы және Nur Otan партиясының «Қазақстан — 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасы біздің өңірде қаншалықты нәтижелі жүзеге асырылып жатыр? Кеше облыс әкімі, партияның облыстық филиалы төрағасы Оңдасын Оразалиннің, Ақтөбе облыстық мәслихатындағы Nur Otan депутаттық фракциясының жетекшісі Амангелді Есіркеповтің қатысуымен өткен фракцияның кезекті отырысында осы мәселе қаралды.

Шара барысында Оңдасын Оразалин жоғарыдағы бағдарламалардың орындалу барысы жөнінде толық мағлұмат берсе, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева облыс бюджетінің 2020-2022 жылдарға арналған жобасын жария етті.  

Қазанның 22-сінде Астанада Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің, Nur Оtаn партиясы мен оның Парламент Мәжілісіндегі фракциясының мүшелері қатысқан кеңес өткен болатын. Бұл кеңесте «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы мен «100 нақты қадам» ұлт жоспары» бағдарламасы қаралған-ды. Елбасының айтуынша, елдің дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруда партияның рөлі айрықша.

— Аумақты дамыту және сайлауалды бағдарлама облыс экономикасын дамытуға, тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған. 2016 жылдан бастап өңірдің экономикасы 2-ден 2,7 триллион теңгеге дейін, яғни 30%-ға өсті. Экономиканы әртараптандырудың оң үрдісі байқалады, мұнай-газ саласына тәуелділік төмендеп келеді. Өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 10,8%-дан 13,7%-ға дейін, ал еңбек өнімділігі 43%-ға артты. Өңірге 1,3 триллион теңге инвестиция тартылды. Биыл қосымша 600 миллиард теңгеге жуық инвестиция салынатын болады.Тартылған инвестициялардың 85 пайыздан астамы — инвесторлардың меншікті қаражаты, яғни бюджеттен небәрі 15 пайыз инвестиция тартып отырмыз. Ал 30 пайызы — шетелдік инвестициялар. Алдағы уақытта да біз осы үрдісті жалғастыратын боламыз, себебі біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті өте жоғары, — деді облыс әкімі.

Өңір басшысының айтуынша, облыста шикізаттық емес  секторда жұмыс істейтін кәсіпорындардың 25 пайыздан астамы экспортқа бағытталған. Аумақты дамыту бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған уақыттан бері өңірде 72 мың жаңа жұмыс орны құрылған, оның 70 пайызы тұрақты.

Ауыл шаруашылығы саласында қарқынды даму байқалады: ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 120%-ға артқан. Былтыр облыс бойынша көкөніспен қамтамасыз ету деңгейі 92,3 пайызға жеткен. Ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру жұмыстары да жүйелі қолға алынды.

Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта жергілікті әкімдік Үкіметпен бірге

32 су қоймасын салу және қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Нәтижесінде 2025 жылға қарай суармалы жерлердің көлемі 3,3 есеге, яғни 100 мың гектарға дейін артпақ.

Өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр, облыстағы 60 мыңдай шағын орта бизнес субъектісі 144 мың адамға жұмыс тауып беріп отыр, олар 9 миллиард теңгеге жуық өнім шығарған.

— Осы жұмыстардың нәтижесінде Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» рейтингісінде 17 өңірдің арасында біз 3-орынға ие болдық. Бұл өте жақсы көрсеткіш — істеген еңбектің нәтижесі.

Облыста инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр.

2016 жылдан бастап облыста 2,9 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды, оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған тұрғын үй көлемі 1,5 есеге артты. Ағымдағы жылы 1 миллион шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз, — деді О.Оразалин.

Өңірдегі жолдарды жөндеу мәселелері де айтылды: облыста 2016-2018 жылдары 800 шақырымнан астам автожол салынған, жөнделген. Ал алдағы жылы Ақтөбе – Қандыағаш, Ақтөбе – Орск (8-16 шақырым), Оңтүстік айналма жол (21-35 шақырым), Шалқар-Бозой жол учаскелері жөнделетін болады. Ақтөбе облысы Үкіметпен бірге Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ – Ұлғайсын, Орталық – Батыс жобаларын пысықтауды қолға алды.

Өңірде газдандыру, тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Ақтөбе қаласы мен үш аудандағы 4 жобаны іске асыру нәтижесінде облыс тұрғындарының 95 пайызы таза ауызсумен қамтылатын болады. Бұл — республика бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі. Алдағы бір-екі жылда өңір тұрғындары 100 пайыз ауызсумен қамтылады. Бұл мақсатта биыл 3,6 млрд теңге бөлінген, ал келесі жылы 6,8 млрд теңге қарастырылып отыр.

Биыл облыс халқын газбен қамту деңгейі 89,4%-ға жетеді. Бұл — республика бойынша жақсы көрсеткіш.

Үкіметтің қолдауымен жақын арада газбен жабдықтауға қосымша 2,5 млрд теңге бөлінді. Елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жобалары Әйтеке би, Алға, Ырғыз, Қобда, Темір, Байғанин аудандарында іске асырылып жатыр.

— Біздің негізгі міндеттеріміздің бірі — білім беру сапасын арттыру және білім беру саласының материалдық базасын нығайту. Өңірде бүгінге дейін 40-тан астам мектеп салынды, қазіргі уақытта 11 жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр, жылдың соңына дейін 5 мектеп іске қосылады.Олар апатты және үш ауысымды мектептерді жою мәселесін шешуге бағытталған. Оған қоса, 7 денешынықтыру- сауықтыру кешені салынып жатыр, жыл соңына дейін 4 кешен пайдаланылуға беріледі. Облыста денсаулық сақтау деңгейін әлемдік стандарттарға сәйкестендіру мақсатында да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның бір тармағы —  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуі. Қазіргі кезде осы жүйені енгізу бойынша тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр, — деді О.Оразалин.

Бұдан соң экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева облыс бюджетінің 2020-2022 жылдарға арналған жобасын жария етті. Басқарма басшысының айтуынша, облыс бюджетінің кіріс бөлігі 225,0 млрд теңге болады, оның ішінде 50,5 млрд теңге — білім саласын, 10,7 млрд теңге денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға жұмсалады, әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтамасыз етуге 4,9 млрд теңге ақша жұмсалмақ. Г.Сүйінтаева әр салаға қаралатын қаражаттың нақты не үшін, қандай құрылыстар үшін жұмсалатынын жіліктеп айтып берді.

Жиынға қатысушы аудандық, қалалық, облыстық мәслихат депутаттары ауыл шаруашылығына, мектеп құрылыстарына, құрылысы тұрып қалған нысандардың құрылысын жалғастыруға, ауызсу көздерін іздеу, елді мекендерді газдандыру секілді бірқатар мәселелерге қатысты сауалдар қойды.

Жиын соңында облыс әкімі айтылған ұсыныстардың барлығы міндетті түрде қаралатынын, «сақалды» құрылыстарда жұмыс қайта жалғасатынын айтты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button