Ауыл

Мал саны артып келеді

Ойыл ауданы — негізінен мал шаруашылығымен айналысатын аудан. Жыл сайын ауданда шаруалар мал санын арттыру, әсіресе, асылтұқымды малды көбейту, сондай-ақ уақытында малға азығын дайындау жұмыстарын қолға алады. Биылғы жылы да бұл салада атқарылған жұмыстар аз емес. 

Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сүйіндік Өскенбаевтың айтуынша, бүгінде аудан бойынша мал өсіріп, шаруасын дөңгелетіп отырған 2351 аула бар. Олардың қатарында шаруа қожалығын ашып жатқандардың да қатары көбейіп келеді. Мал санына тоқталсақ, 37356 ірі қара, 171167 ұсақ мал, 10 мың жылқы, 79 бас түйе бар. Мал саны да жыл санап артып қана қоймай, асылдандыру жұмыстарына баса назар аударылып келеді.

— Мал азығын дайындауға келсек, биыл көктің «сыйын» көп күттік. Алты ай жаз қуаңшылықпен өтті. Шөптің түсімі де көңіл көншіте қоймады. Әйтсе де көп болып көктен тамшы нәрін тіледік. Тәңірден тілегіміз қабыл болып, тамыз айында жауған жаңбыр жер-анаға біраз құт құйды. Қысқы мал азығын дайындауда нәтижелі жұмыстар жүргізілді. Биылғы жылы бір жарым жылдық мал азығын дайындауға 189 мың тонна тапсырма берілсе, жоспар толық орындалды. Биыл қысқы мал азығын даярлау науқанына 226 трактор жұмылдырылды. Оның қатары 6 жаңа трактормен толықты. Қазіргі таңда мал бағып отырған аулаларды мал азығымен қамту жұмыстары 80 пайызға жетті. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда, — дейді бөлім басшысы.

Оның айтуынша, қазіргі таңда ауданда малдың қаны алынып, әртүрлі аурулардың алдын алу мақсатында арнайы екпелер салынуда.

Ал елді мекендерде қаңғыбас ит, мысықтарды жою, малдың қора-жайларын залалсыздандыру — бүгінде мал дәрігерлерінің басты назарында.

 Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button