Спорт

Біздің дзюдошылар жартылай финалға шықты

Конфедерация кубогы-2019

Жекпе-жек спорт кешенінде Конфедерация кубогының А тобындағы іріктеу кезеңі өтіп, жартылай финалға жолдама алған құрамалар анықталды. Шараның ашылу салтанатына ҚР Дзюдо Федерациясының атқарушы директоры Самат Жылқыбаев, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров және спорт ардагерлері қатысты.

Ақтөбеден басқа, Ақмола, Павлодар, Атырау облыстарынан және Алматы қаласынан келген 138 спортшы грек-рим күресі, еркін күрес, дзюдо, таэквондо, карате-додан командалық жүйе бойынша сынға түсті. Халықаралық дәрежедегі төрешілер алқасы қазылық еткен жарыста халықаралық ережеге сәйкес бекітілген салмақ дәрежелері бойынша мықтылар анықталды. Бұл турнир спортшылардың дайындығын пысықтап, халықаралық жарыстарда бақ сынауға мүмкіндік береді. Ақтөбелік спортшылар аталған бес спорттың ішінен дзюдодан ғана жартылай финалдың жолдамасын жеңіп алды. Жерлестеріміз алғашқы айналымда Павлодар облысының дзюдошыларын 4:0 есебімен жеңіп, келесі кезеңде атыраулық командадан басым түсті — 4:3. Жартылай финалға қатысу мүмкіндігін беретін тартысқа толы белдесулерде облыс спортшылары Алматыдан келген дзюдошыларды жартылай финалдың жолдамасынан айырды. Бұл тұста Жанболат Бағытбергеновтің шеберлігін айта кеткен жөн, ол шешуші кездесуде өз қарсыласын уақытынан бұрын таза ұтты.

Қалған төрт спорт түрінен Алматы қаласының құрамасына тең келер қарсылас табылмады.

Айта кететін жайт, жартылай финалдық және финалдық кезеңдер желтоқсан айында Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. Конфедерация кубогы турнирінде жеңімпаз атанған құрамаларға 25 миллион теңге жүлде қоры тағайындалады. Жарыстың жалпы жүлде қоры 125 миллион теңгені құрайды. Аталмыш жарыс 2016 жылдан бері республика бойынша төртінші рет ұйымдастырылып отыр.

                                                                                                          Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button