Экономика

Әлеуметтік кәсіпкерлік: отандық жоба, шетелдік тәжірибе

Соңғы кездері бизнес саласында «әлеуметтік кәсіпкерлік» деген ұғым пайда болды. Мамандардың айтуынша, бизнестің бұл түрі экономикалық тиімділікке қол жеткізумен қатар,  әлеуметтік қызметті жүзеге асырудың тәсілі.  

Ақтөбелік Татьяна Ким — бизнестің осы саласын тізгіндеген кәсіпкер. Бүгінде ол аутизмге шалдыққан балалардың ой-өрісін дамыту үшін арнайы орталық ашып, жоспарын жүзеге асырып отыр.

Классикалық кәсіпкерліктен айырмашылығы көп 

Ел экономикасы үшін әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың тиімділігі неде? Облыста әлеуметтік кәсіпкерлік қалай дамып жатыр? Бұл бағытта қандай жұмыстардың атқарылып жатқаны туралы өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова былай дейді: «Бизнестің мақсаты табыс табу екені жалпыға белгілі. Ал әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағылар әлеуметтік түйткілдерді шеше отырып, кәсіпкерлік жаңашылдықтарды жүзеге асыруымен ерекшеленеді. Яғни бұл мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін, болмаса жалғызбасты аналар үшін арнайы жұмыс орындарын құру, олардың басындағы проблемаларды шешумен сипатталуы мүмкін. Сол сияқты, қоршаған ортаны ластау проблемаларын да шешумен де байланысты. Әрине, қоғамда мәселе жетіп артылады, ал әлеуметтік кәсіпкерліктегілер осындай проблемаларды шеше отырып, елдің экономикалық деңгейін көтеруге ықпал етеді. Классикалық кәсіпкерліктен әлеуметтік кәсіпкерліктің айырмашылығы осында.

Бүгінгі күні әлемде, соның ішінде біздің елімізде де әлеуметтік кәсіпкерлік саласының маңызы зор. Сондықтан да біз  осы салада кәсіпкерлікпен айналысатындарға міндетті түрде қолдау көрсетуіміз қажет, — деді Анар Даржанова.

«Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасы  халықаралық «Машав» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру тұрғысында белсенді ынтымақтастық жұмыстар жүргізуде. Соңғы жылдары өңірде жиырмадан  астам кәсіпкер сүт өндіру, жылыжай шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, әйелдер, жастар кәсіпкерлігі сияқты бизнестің басым бағыттары бойынша білім алды.

Биыл ақтөбелік 10 кәсіпкер Израиль елінде әлеуметтік кәсіпкерлік саласын зерделеу, танысу, ондағы озық практиканың бүгінде қандай жетістікке жетіп, мүмкіндіктерге ие болғанын өз көздерімен көріп қайтты. Олар — бизнестің әртүрлі саласында жұмыс жасайтын кәсіпкерлер.

Қазіргі таңда әлеуметтік кәсіпкерлікті, оның ішінде дамуы төмен балалар үшін жеке орталықтардың жұмысын жетілдіру — өзекті мәселе.  Бұл жерде ең басты проблема — кадр тапшылығы. Ондай топтағы балаларды персоналды оқыту керек, ол үшін алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне үңіліп,  зерттеу қажет. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан бизнеске арналған қаржы құралдарының спектрі жеткілікті, алайда, ең алдымен — тәжірибе және білім трансфері өзекті. Бұл ретте біз қол қойылған меморандумдар аясында Ресейдің шекаралас өңірі —  Орынбор облысы мен Башқұртстан, Татарстан елдерімен ынтымақтастық жүргізудеміз. Мақсат — дамуы тежеулі балалардың ата-аналары басқа елдерге барып, қыруар қаржысын жұмсамай, жергілікті жерде тиісті деңгейдегі көмекке қол жеткізуіне жағдай жасау, — деді ол.

Грант: 4 жоба әлеуметтік кәсіпкерлікке бағытталды

Қазір облыста мүгедек балалардың ой-өрісін дамытуға арналған орталықтар жұмыс жасайды. Дегенмен олардың бәрінде бірдей мүмкіндігі шектеулі балалармен жекелей жұмыс жасайтын кәсіби мамандар тапшы. «Біздегі орталықтарда мамандар мүгедек балалармен қалай жұмыс жасау керектігін білмей жатады. Осындай кезде озық практикаларды көріп, ондағы мамандардың кеңесіне, дәрісіне жүгінген абзал. Соңғы кездері елімізде өтіп жатқан форумдарда әлеуметтік кәсіпкерлік тақырыбының ауқымын кеңейтуге, зерделеуге басымдық беріледі. Облыста әлеуметтік кәсіпкерлік саласында жоба ашушыларға өз тарапымыздан қолдау көрсетіп жатырмыз. Ең бастысы — олардың әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысуына, қаржыға қол жеткізуіне, әлемдегі озық тәжірибені зерттеуіне мүмкіндік алуы үшін жұмыс жасаймыз. Жақында ғана облыс бюджетінен бұл бағытқа 60 миллион теңге көлемінде грант қаражаты бөлінді. Соның ішінде 4 жоба осы әлеуметтік кәсіпкерлік саласына бағытталды, — деді палата директоры.

Анар Даржанованың айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысушылар бірінші кезекте мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа алуға, мүгедек балалармен жұмыс жасауға, оларды оқуға, еңбекке тәрбиелеуде түрлі әлемдік тәжірибе бойынша жұмыстанып жатыр. «Елімізде осындай орталықтар көп болу керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында шағын, әсіресе микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқаратынын атап өткен болатын. Бизнестің бұл түрі өз кезегінде азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, жұмыссыздық деңгейін азайтады. Бұл бағытта мемлекет қолдау көрсетуге әзір», — деді ол.

«Жас ұрпақтың» жұмысы

Аймақта әлеуметтік кәсіпкерлік саласын жетілдіру мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасының ықпалымен Израильдің «Sulamot» компаниясының мамандары Ақтөбе қаласындағы «Жас ұрпақ» мүмкіндігі шектеулі балаларды дамыту орталығында болып, ондағы қызметкерлерге дәріс оқыды. Бұл — палатаның Израиль мемлекетінің Сыртқы істер министрлігі жанындағы Халықаралық ынтымақтастықты дамыту агенттігімен орнатқан тығыз байланысының нәтижесі.

— Бүгінгі таңда елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға, оның ішінде дамуы тежелген балаларға арналған жеке орталықтардың жұмысын жандандыруға ерекше басымдық берілуде. Ақтөбедегі «Жас ұрпақ» — осындай жеке орталықтардың бірі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, біз мұндай орталықтарға қолдау көрсетуге тиіспіз. Жақында бұл орталықтың иесі  1 миллион теңге көлеміндегі грантқа қол жеткізіп, сол қаражатқа сенсорлық кабинетті жабдықтамақ. Бұл жердегі ең бірінші мәселе — кадр. Кадр даярлау ісінде өз тарапымыздан қол ұшымызды беруде аянып қалмаймыз. Бүгінгі күні жүргізіліп жатқан жұмыстың бірі  — мамандарды оқыту. Израильдің ««Sulamot» компаниясынан келген өкілдер «Жас ұрпақ» орталығының мамандарымен осы бағытта жұмыс жасады, — деді А.Даржанова.

Аталған компания өкілдерінің Ақтөбеге бұл бірінші рет келуі емес. Осыдан төрт жыл бұрын ««Sulamot» компаниясының өкілдері облысқа шақырылған болатын.  Сол кезде 200-ге жуық маман дәріс алған.

Мамандардың айтуынша, жастардың шетелдік тәжірибені үйренуге деген құштарлығы зор. Қазір бұл орталықта еңбек етіп жатқандардың барлығы — жастар. Себебі жастар жаңа технологияларды, тың идеялар мен жоспарларды іске асыруға, қабылдауға дайын тұрады.

«Urpaq Inclusive» қоғамдық қоры «Жас ұрпақ» орталығының директоры Татьяна Кимнің алты жасар баласы аутизм дертіне шалдыққан. Баласының бойындағы ауруды білгеннен кейін ол жан-жақты зерттеу жүргізіп, осындай орталық ашуға бел байлайды.  Қазір Татьяна иелік ететін орталықта баласын оқытуға кезекте 60 ата-ана тұр.

Бүгінгі күні орталық мамандары 50 баламен жеке жұмыс жүргізеді. Біздің орталыққа Ақтөбеден ғана емес, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары, сол сияқты Өзбекстан елінен де келушілер бар. Олардың барлығын бір мезгілде оқыту мүмкін емес, сондықтан балалар кезекпен оқытылады, — деді орталық директоры.

Татьяна Кимнің айтуынша, бұл орталық биыл мамырда ашылған. «Біз бұл істі кәсіпкерлік палатасымен бірге атқарамыз. Биыл палатаның ықпалымен «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қайтарымсыз бір миллион теңге грантқа қол жеткіздік. Қазіргі күні орталықта 25 қызметкер бар. Біз балаларды көптеп қабылдай алмаймыз, себебі ғимарат тарлық етеді», — деген Татьяна биыл балалар бақшасын ашуды да жоспарлап отырғанын айтты.

Тәжірибемізді ТМД елдеріне экспорттаймыз…

Израильдің «Sulamot» компаниясының мамандары ата-аналарға аутизм дертіне шалдыққан балаларымен қарым-қатынас жасауға көмектеседі.

Біздің компанияның құрылғанына он жыл болды. Іс жүзінде біз не істейміз деген сауалға жауап беретін болсам, яғни  біз израильдік тәжірибені ТМД елдеріне экспорттаймыз. Біздің міндет  ерекше балаларға арналған орталықтар жұмысының аяқтан тез  тұруына, ондағы қызметкерлердің жұмысына көмектесуге, тиімділікті арттыруға негізделген. Міне, осындай оймен Ақтөбеге де  келдік. Бұл — ерекше жоба, әрі мұндай орталықтың ашылғанына ризамыз, — деді «Sulamot»  компаниясының жетекшісі Марина Слепян.

Осы сапарларында «Sulamot»  компаниясы мен Ақтөбедегі «Urpaq Inclusive» қоғамдық қоры арасында берік ынтымақтастық орнату мақсатында меморандумға қол қойылды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button