Рухани жаңғыру

Киелі мекен — Шитүбек

Темір ауданындағы қасиетті жер саналатын Шитүбек Шұбарқұдықтан он үш шақырымдай қашықтықта. Досжан хазірет мешітіне тағзым еткен соң бір кездері осы ауданда шаруашылық басшысы болған Оразбай Далмағамбетовпен Шитүбекке баруды ойластырдық. Өйткені бұл жер Ербөлек Дәуітұлының мәңгілік мекені. Қырдан асып түскендегі шағын ауыл бір кездері «Кеңесту» совхозының бөлімшесі болған екен. Жанына шипа іздегендер көп болғандықтан, тілеухананы 1993 жылы салдырғанын білдірді Оразбек Нәбиұлы. Мұнда әйгілі батыр Барақтың әкесі Сатыбалдының жатқанынан да хабардармыз. Бұрын талай кездескен тілеухана шырақшысы Шошан апаны сұрастырғанымызда, оның Шұбарқұдыққа көшіп кеткенін білдік. Бір шақырымдай жердегі тілеухана мен Ербөлек бейіті менмұңдалап тұр. Келушілерге арналған шағын тілеухана сыртында екі қазан-ошақ құрылған. Үй жанындағы бейіт басына барып, ата аруағына арнап Құран бағыштадық.

—  Мен совхоз директоры болып тұрғанда мұнда шаруамен жиі келетінмін. Және батырға міндетті түрде тағзым ететінмін — деп әңгімесін бастады Оразбек. — Сол бір жылдары мұнда келушілер көп болатын. Бірі ем іздесе, бірі шаруасы жүрмесе, ата басына келіп, тілек тілейтін. Талай адам осында келіп, жанына шипа тапты. Бұл — киелі жер. Тілеуханадан соң келушілер сыртқа шығатын орын керек болар деп, орын салдырғанмын. Бірақ, жел жоқ, дауыл жоқ, қараптан-қарап құлап қала берді.  Содан атаның риза болмай жатқандығын сездім, — деп әңгімесін жалғастырды.

Ербөлек — тегін адам емес, өз заманының тұлғасы. Тілеухана салынған жер тұзды, сор болғанымен, ата құдығының суы тұп-тұщы. Мұнда да бір тылсым құпия бар. Көпшілік оның емдік қасиетін ерекше бағалайды. Пір Бекет замандасы Барақпен аруақ сынасқанда сенің аруағың үшінші ұрпағына дейін жетеді екен меңзеуі Ербөлекке тіреледі. Олар — Асау, Дәуіт және Ербөлек. Үшеуі — аты шулы батырлар. Темір ауданының энциклопедиясында Ербөлек батырдың туған, қайтқан жылдары жайлы қате деректер берілгендігін ортаға салдық. Онда Ербөлек 1700 жылы туған, 1730 жылдары дүниеден озған деп көрсетілген. Арғы атасы Барақтың өмірге келгені 1743 жыл. Бұл — тарихи шындық. «Ербөлек батырдың туған жылы жайлы нақты дерек жоқ. Бірақ 1958 жылы Арал теңізінің маңында қалмақтарды қуып бара жатқанда қаза тапқан. Сол жаққа жерленген», — дейді атаның жиені Жұмабек Қоқанов. «1928 жылы Арал теңізі суы қатты көтеріліп, кейін батырдың сүйегін Көнекбаев Әзірғали деген ұрпағы осы Шитүбекке әкеліп жерлейді. Мен бұл әңгімені шешем Ақтолқыннан естігенмін», — дейді ол.

«Киелі мекенде бүгінде он бес шақты үй қалған. Көбі көшіп кеткен. Ауыл іргесіндегі «МаескОйл» компаниясы 1997 жылдан бастап мұнай өндіруде. Көгілдір газ күні-түні жанып тұр. Оның қызығын ауыл тұрғындары көре алмауда», — деп өкінішін білдірді жолыққан қандасымыздың бірі. «Газ келсе шұрайлы жерге көшіп келушілер көп болар еді, әттең», — деген әңгімесі құлағымыздан кетпеді. Шитүбек — киелі мекен. Жай ғана толқындап аққан өзен жағасы қалың ши мен жасыл құраққа толы. Ауылдан өтіп бара жатып, Шилі өзенінің бойында Сатыбалды, Досжан хазіреттердің мәңгілік мекені болуында бір мән бар екенін еске алдық. «Шилі өзен қамыс-ай» деп аталатын ән әуені де осы маңда туды ма екен деген ой мазалап, көкейімізде тұрып алды.

Жақсылық АЙЖАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button