Басты жаңалықтар

Қала әкімі экосағатқа қатысты

Бейсенбі күні Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин экологиялық сағат және ағаш егу бойынша республикалық акция аясында №32 мектеп-гимназияға барып, жеміс ағаштарын екті.

Алдымен қала әкімі 1,8-9 сыныптарда өткізілген экологиялық сағаттарға қатысып, оқушылардың экологиялық мәселелер туралы ой-пікірлерін тыңдады. Ұстаздармен тілдесіп, мектеп мұражайын аралады.

Бұдан кейін қала әкімі бастаған педагогтер мен оқушылар мектеп ауласына 50 түп жеміс ағашын екті. Олардың арасында алма, шие, алмұрт, т.б. жеміс ағаштары бар.

Жалпы мектеп ауласында жеміс ағаштары көп болуы керек. Бүгінгі егілген ағаш ертең жеміс береді. Ал кішкентай оқушылар тал еккен сәтін есінде сақтап, болашақта осы бастаманы жалғастырады. Бүгінгі күніміз ертеңгі тарих беттерінде сақталады. Сондықтан жаңа еккен жеміс ағаштарыңыз мектеп оқушылары үзіп жейтіндей жемісті болсын. Оқушыларыңыз оқуда озат болып, сапалы білім, саналы тәрбие беруде атқарып жатқан қызметтеріңіз табысты болсын! — деп тілегін білдірді М.Абдуллин.

Бұдан кейін мектептің 1-сынып оқушылары табиғат туралы өлең оқып, өз тілектерін білдіріп, қала әкімімен естелік суретке түсті.

Бүгін республикалық акция аясында №32 мектеп-гимназияға келіп, экологиялық сағаттарға қатысып, оқушылардың ой-пікірлерін білдік. Бүгінгі күннің талабына сәйкес оқушылар өз ой-пікірлерін ашық әрі еркін білдіріп жатыр. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен еліміз бойынша білім беру мекемелерінде экосағаттар өткізіліп, балалар жаңа бастаманы қолдап жатыр. Оқушыларды табиғатты қорғауға, жасыл желекті күтіп ұстауға үйрету, баулу мектептен басталады. Сондықтан мұндай бастамаларды мектептерден бастау — өте құптарлық іс, — дейді қала әкімі.

Айта кету керек, бүгінгі күні №32 мектеп-гимназияда 1349 оқушы білім алуда. Оқушылар екі ауысымда оқиды. 1991 жылы ашылған білім ордасы бүгінге дейін жыл сайынғы үрдіс бойынша күз-көктем айларында өз ауласына ағаш егеді. Бүгінгі күні мектеп ауласында 520 ағаш бар.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры және экологиялық ұйымдар қауымдастығының бірлескен бастамасы аясында қолға алынған іс-шара Ақтөбе қаласындағы 83 мектепте өткізілуде.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button