Білім

454 мектеп, 117 мың оқушы жаңа оқу жылымен қауышады

Жаңа оқу жылында облыстағы 454 мектепте 117 мыңнан аса оқушы білім алады. 10 200 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Конституция күні мерекесіне орай, еліміздің барлық мектептерінде «Елбасы мұраты — ел бақыты, Гүлденген Қазақстан» тақырыбында тәрбие сағаты өтеді.

Биылғы оқу жылының өз жаңалықтары бар.

2002 жылы бекітілген «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің мемлекеттік  жалпыға міндетті  стандартына» өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, сыныптарда өте көп баладан оқымайды. Ауылдық жерлерде оқушы саны 20-дан, қалада 25-тен асса, екі топқа бөлінеді.

Сондай-ақ  дене тәрбиесі пәні мен өзге ұлт мектептеріндегі қазақ тілі пәнінің сағаты көбеймек: апта сайын 3 сағаттан оқытылады.

Жаңа оқу жылының тағы бір ерекшелігі, биылдан бастап барлық сыныптарға «Өзін-өзі тану» пәні арнайы сабақ ретінде енгізіледі. Адами құндылықтарды бала санасына сіңіру мақсатында қолға алынатын бұл істің нәтижелі болатынына ұстаздар бек сенімді. 8 жылдан бері облыста сынақ ретінде 17 білім беру мекемесінде (балабақша, мектеп) жүргізіліп келген бұл пәннен дәріс беруге біздің өңір толық дайын. Мамандар жеткілікті. Оқулықтарға да тапсырыс беріліп қойылған. Облыстық білім басқармасы мамандарының сөзіне сенсек, 117 мыңнан аса баланың бәрі де «Өзін-өзі тану» оқулығымен тегін қамтылады.

Облыста жастарды ауылдық жерлерге тарту, тұрақтандыру мақсатындағы «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы да қарқын алды.

«Жол картасы» бағдарламасы аясында 32 білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жүргізіліп  жатыр. Мамандар жұмыстың қыркүйектің 1-іне дейін аяқталатынына сенімді. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен 36 білім шаңырағына күрделі жөндеу жасалуда. Мұны аз десеңіз, 17 білім беру мекемесі салынып жатыр. Оқушыларды оқулықпен қамту, мектептерге отын тасымалдау да бірыңғайланған.

Біз облыстық білім басқармасы мамандарымен мектептердің жаңа оқу жылына әзірлігі туралы тілдескен едік. Сонымен…

«ДИПЛОММЕН — АУЫЛҒА»

Шамшат ШАЛАБАЕВА, облыстық білім басқармасының әкімшілік  жұмыстар бөлімнің бастығы:

Жаңа оқу жылында облыс мектептеріне 498 маман қажет болған еді. Қазір біраз білім шаңырақтары жас мамандармен қамтылды. Әсіресе, Алға, Қарғалы, Әйтеке би, Мұғалжар аудандарында мұғалім жеткілікті.  «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы Мұғалжар ауданында қарқынды жүргізілді. Бұл ауданға 66 маман керек болатын. Сонша маманның барлығы шақырылып, оларға жағдай да жасалды. Басқа облыстың жастарын да өздеріне тарта білді. Бұл — аудан әкімі Серік Шаңғұтовтың еңбегі. Сонымен қатар Қарғалы ауданы да мақтауға тұрарлық. Аталған аудандағы мамандар мамыр айында-ақ студенттермен келісім-шартқа отырып, жосапарды күні бұрын орындады.

Дегенмен, мектептерге әлі де 155 маман жетіспейді. Әсіресе, Ырғыз, Хромтау, Қобда  аудандарына мұғалім керек.

Орыс тілі мен әдебиетінен, сондай-ақ орыс мектептеріндегі химия, математика, физика, тарих пәндерінен сабақ беретін мамандарға сұраныс бар. Мысалы, Ырғыз ауданына — 7, Шалқарға —  4, Ойылға — 3 орыс тілі пәнінің мұғалімі қажет. Жалпы, облыс мектептеріне 20 орыс тілінің маманы керек болып тұр. Дегенмен, оқу жылы басталғанша, мамандар табылады деген ойдамыз. Себебі, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Ғалымжан Нұрышев орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша IV курста оқып жатқан үздік студенттерді ауылдық жерлерге жіберуге келісім беріп отыр. Облыста математика пәнінің мамандарына да сұраныс көп. Мысалы, Қобдаға — 6, Хромтауға — 7  мұғалім жетіспейді, — дейді бөлім бастығы.

Ол болашақта жағдай бұдан да күрделіленуі мүмкін екендігін айтады. Әсіресе, ауыл мектептерінде химия, биология, физика мамандары тапшы болуы мүмкін.  Шамшат Оңайқызы мұның себебін былай түсіндіреді:

Жастардың көпшілігі ауылда тұрғысы келмейді. Олардың басым бөлігі қоятын ортақ сауал: «Газ бар ма екен?».

Химия, биология пәндері мамандарының көбі зертханаларда жұмысқа орналасады. Сонымен қатар бұл мамандықтарға көп талапкер құжат тапсыра бермейді. Түлектердің көпшілігі — қазақ тілі мен ағылшын тілінің мамандары.

Білім басқармасы қызметкерінің пікірінше, жастардың дұрыс шешім қабылдамауы ата-анаға да байланысты.

— Кейбір жас мамандар ауылға барғысы келеді, бірақ ата-анасы қасынан жібергісі келмей, қалада қалғанын, осындағы беделді бір мекемеде еңбек іс-тәжірибесінен өткенін қалайды. Ал ол жұмысты небары 6 ай  жасайды. Одан кейін қайтадан жұмыс іздеуге тура келеді.

Жақында бір жас маман келді. Мен оған «Ойылға ағылшын тілінің маманы керек. Жергілікті басшылық әлеуметтік жағдайыңды жасауға көмектеседі. Ертең мен сол ауданға іссапармен барамын. Қажет десең, менімен бірге жүр» десем, әлгі маман маған  біртүрлі үрке қарап, қашқақтады.

Былтыр бір қыз бала Мәртөк ауданына қарасты ауылдық жерге жұмысқа орналасты. Бастапқыда анасы жалғыз қызын жыраққа жібергісі келмеген еді. Биыл сол ата-ана рақметін айтып кетті. Қызы ауылда жағдайын жасап алыпты, анасы сонда көшіп барады екен, — дейді Шамшат Оңайқызы.

Ол мектептерді мамандармен қамту білім басқармасы немесе білім бөлімінің құзырына жатпайтындығын айтады. Сондықтан әр директор маманды өзі іздеуі қажет.

Ауылдық жерлерге жас мамандарды тарту Елбасы тапсырмасы негізінде қолға алынып отыр. Әйтпесе, «Білім туралы» заң бойынша біз мектептерді мамандармен қамтуға міндетті емеспіз. Егер мектепке маман жетіспесе, онда бұған кінәлі — директор. Мектеп басшысы мұғалімдердің мониторингін жасап, кімдер зейнеткерлікке шығады, болашақта қандай пәндердің маманы қажет болуы мүмкін, осының бәрін реттеп отыруға міндетті. Өз оқушыларын, түлектерін бейіміне қарай қажет болатын мамандықтарда оқуға кеңес беріп, дайындау керек. Бұрын осындай болатын. Жұмысты өзіміз оқыған мектептен бастаған едік. Қазір сол байланыс үзіліп қалды. Осы дәстүр жалғасса, «Біздің мектепке сауатсыз мұғалім келді» деген қаңқу сөз де болмас еді. Расында, ол маман білімсіз емес болар, жаңа ортаға үйренісе алмай жүруі мүмкін.

Бұрын ауылдық жерлердегі мектеп директорлары беделді болатын. Сол ауылдың жоқ-барын түгендеп, жүгіріп жүретін. Қазір де сол қасиет мектеп басшыларының бойынан табылса, халықтың тұрақтанып қалуына ықпал етсе, ауылдың қаймағы бұзылмас еді, — дейді Шамшат Оңайқызы.

ЖАҢА ПӘН — «ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ»

Гүлжан ҚҰЛЫБЕКОВА, облыстық білім басқармасының бас маманы:

— Жаңа оқу жылының басты жаңалығы — «Өзін-өзі тану» пәні енгізіледі. 2002 жылы аталған пән облыстағы 17 мектеп пен балабақшада сынақ ретінде өткізілген болатын. Барлық сыныптарда аптасына 1 сағаттан өткізілетін бұл пәннен негізінен психологтар сабақ береді. Психологтар жетіспеген жағдайда сабақ беруге  педагогикалық мамандығы бар маманның құқығы бар. «Өзін-өзі тану» пәні бұған дейін 8 жыл бойы сынақ ретінде өткізілгенде облыстағы білім беру ұйымдарындағы бірнеше педагог курстан өткізілді. Яғни мамандар арнайы даярлықтан өтті. Жалпы, облыс мектептері бұл пәнді өткізуге толық дайын. «Өзін-өзі тану» пәнінің оқулықтарын сатып алу үшін тапсырыс берілді (76 млн. теңге). Бұл оқулықпен облыстағы барлық оқушы тегін қамтылатын болады. Оқулықпен қатар арнайы дәптерлер де шығарылды. Ал кабинеттерді жабдықтау келесі жылдан бастап қолға алынады деп жоспарланып отыр.

Айта кету керек, бұл пән балабақшалардағы ересектер тобында және мектеп алды топтарында да өткізіледі.

ОҚУЛЫҚ. ОТЫН. ҚҰРЫЛЫС

Бақытжан ӘБЕНОВ, облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары:

— 2010-2011 оқу жылдарында аз қамтылған отбасы балаларын оқулықтармен қамтамасыз ету үшін 116 млн. теңге бөлінді. Кітаптарды тасумен әр ауданның білім бөлімі айналысады. Қазір кітапханаларға оқулықтар әкелініп жатыр. Қыркүйекке дейін толық жеткізіліп болады.

Біз Ақтөбе қаласындағы кітап дүкендерінің басшыларына жаңа оқу жылында облыс мектептеріне қандай оқулықтар, қанша оқулық керектігі жөнінде ақпараттарды бердік. Кәсіпкерлер шамаларына қарай аталған оқулықтарды жеткізеді деп ойлаймыз.

Отын алу үшін 1 млрд. 67 млн. теңге бөлінді. Қазір отынның 60 пайызы жеткізілді. Қыркүйектің  1-іне дейін мектептердің 85 пайызы қамтылады. Білім шаңырақтары жылу маусымына толықтай әзір болады.

«Жол картасы» бағдарламасы бойынша 32 нысанға күрделі жөндеу жүргізілуі керек болатын. Қазір жұмыстардың бірқатары аяқталды. Әр мектептің жағдайы әртүрлі. Мысалы, бірінің жылу құбыры ескірсе, екіншісінің кәріз жүйесінің тозығы жеткен. Сондықтан бөлінген ақшаға әр мектепте түрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Ал толықтай күрделі жөндеу жүргізілетін білім шаңырақтары — облыстық физика-математика мектеп-интернаты мен М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты.

Жергілікті (қала, аудан) бюджеттер есебінен 36 білім беру мекемесіне де күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Оның 10-ы — балабақша. Қалғаны — мектеп.

Қазір жалпы құны 3 млрд. 330 млн. теңге болатын 17 білім мекемесі салынуда. Мысалы, Хромтау ауданындағы Көктау ауылында «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында 600 орындық 3 қабатты мектеп салынып жатыр. Оның құрылысы 2011 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

«ЖОЛ КАРТАСЫ» ЖӘНЕ МЕКТЕП

Біз толықтай күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан екі мектептің бірі — облыстық физика-математика мектеп-интернатына барған  едік. Атқарылып жатқан  жұмыстар туралы мектеп-интернат директоры Қарагөз ТІЛЕУМАҒАНБЕТОВА былай дейді:

— Балалар жаңа оқу жылында жаңа мектепте білім алады десем, артық  айтқандық емес. Себебі, жөндеу жұмыстарының арқасында мектебіміз мүлде жаңа кейіпте болады.

Біздің мектепке 22 жылдан бері күрделі жөндеу жасалмаған. Сондықтан мектепке толықтай күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатта бюджеттен 67 млн. теңге бөлінді. Жұмыс маусымның 21-і күні басталды. Қазір жұмыстың 90 пайызы жасалды. Білім күніне дейін толық аяқталатынына сенімдімін. Мектепті де,  интернатты да жаңа жиһаздармен жабдықтап жатырмыз. Мысалы, ер балалар жататын бөлмелерге 20 шкаф сатып алдық. Мектепке жұмсақ, былғары жиһаздар алынды. Бұрын биология кабинеті жоқ болатын. Биыл биология кабинетінің жабдықтары толық әкелінді. Бормен жазылатын тақтаның бәрі маркермен жазылатын тақтамен жаңартылды. 4 сынып орындық, партамен жабдықталды.

Кереуеттен балалар түскенде аяқтарының астында төсеніш болмағаны үшін қиналатын едім. Кілемдердің көлемін өлшеп, түсіне дейін таңдап, тапсырыс беріп қойдым.

Бұрын қыз балалар мен ер балалардың жуынатын жері ортақ еді. Интернаттың төменгі қабатында болатын. Қазір қыз балаларға бөлмелеріне жақын жерден жуынатын бөлме жабдықталды.

Балалар 6 мезгіл тамақтанады. Тамақтары өте құнарлы, дәрумендерге бай.

Біздің мектепте 228 бала білім алады. Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуде екі түлегіміз 125 балдан жинағаннан кейін ата-аналардың көбісі балаларын біздің мектепке беруге ынталы.

Жоғары оқу орындарына барғанда біздің түлектер І, ІІ курстың бағдарламасын оқып барып отырады екен. Мұны айтып оқушыларымыз мәз болады.

Осы мүмкіндікті пайдаланып, біздің мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын сапалы әрі тиянақты жасап жатқан «Союз сервис» компаниясының басшысы Марат Тышқанбаевқа ризашылығымды білдіремін.

Ата-аналар:

«ОҚУЛЫҚ ІЗДЕП ЖҮРМІЗ»

Сергей:

— Ұлым 5-сыныпта оқиды. Соған қажетті оқулықтарды іздеп жүрмін. «Атамұра» кітап дүкенінен бар болғаны 3 оқулықты таптым. Мұндағы сатушылар оқулықтар айдың аяғында толық жеткізілетіндігін айтады. Сабақтың басталуына небары бір апта уақыт қалды. Сондықтан уақыт созбай қалған оқулықтарды басқа сауда орталықтарынан іздегенді жөн көріп отырмын.

Былтыр да кітап іздеп біраз әуреге түскен едік. Биыл да солай. Бір күнде қажетті оқулықтардың бәрін табу мүмкін емес. Бірнеше күн жүруге тура келеді.

Кітаптардың арзан, қымбатына қарап жатқан жоқпын. Табылғанына мәз болып алып жатырмын.

Фарида:

— Қызым №32-мектеп-гимназияда 3-сыныпта оқиды. Соған қажетті оқулықтарды іздеп шығып едім. Дегенмен, «Атамұра» кітап дүкенінен «Атамұра» баспасынан 2010 жылы шығарылған 3-сыныптың ешбір оқулығын таба алмадым. Мұнда болмаған соң, басқа жерлерде де жоқ шығар деп ойлаймын. Себебі, қалада осы дүкен ғана «Атамұра» баспасымен тікелей жұмыс жасайды.

Жаңа оқу жылына санаулы күн қалды, сондықтан енді уақыт өткізуге болмайды. Кітап түсірілгенін бақылап қарап тұрып, дер кезінде келмесең, оқулық жетіспей қалуы әбден мүмкін. Оның үстіне, 1 қыркүйекке таман бұл кітап дүкенінде кезек өте көп болады. Жұрт дүкеннің ішіне сыймай, далада да кезекке тұрады.

***

МЕН МЕКТЕПКЕ БАРАМЫН!

Ғазиза Хамидоллаева — 7 жаста. №15 «Жидек» балабақшасын аяқтап, биыл № 2 мамандандырылған мектепке барады. Жаңа оқу жылы жақындаған сайын Ғазизаның қуанышында шек жоқ. Тіпті, тәрбиеші Мая апайы үйреткен тақпақты қайта-қайта пысықтап, әзірленіп жүр. Балабақшада  «Қолшатыр», «Гүл» билерін тәуір меңгеріп алыпты. Өзінің айтуынша ертең барлық өнері мен тақпағын жаңа апайына айтып бермек.

Қоңырауды соғамын,

Мен мектепке барамын,

Ата-анамды қуантып,

Жақсы оқушы боламын. Осы тақпақты ертең мектепке барғанда айтамын. «А»-дан басталатын 42 әріптің барлығын жатқа білемін. Балабақшада апайымыз санауды да үйретті. Анам Бақытгүл мектепке киетін әдемі киімдер алып берді. Әдемі туфли, сөмкем бар. Сөмкеме бояу, қарындаштарымды салып қойдым, — дейді.

Ең қуаныштысы — Ғазиза мектепке баратын күні Астанадан Ұрқия әжесі келмек. Ғазиза әжесіне мектебін көрсететінін айтады.

***

ҮШ «АЛТЫН БЕЛГІСІ» БАР ОТБАСЫ

Еркін Мусин — облыстық мемлекеттік мұрағаттың аудандағы филиалының  директоры. Зибагүл жеңгей екеуі өмірге екі қыз, бір ұл әкеліп, оларға саналы тәрбие беріп, өсірді.

Атам Муса Дайрабаев Ырғыз өңірінде ұстаздық еткен, ішкі істер бөлімінде жауапты қызметтер атқарған. Өкінішке орай, сол кездегі солақай саясаттың кесірінен, 1937 жылы «Халық жауы» ретінде ұсталып, ату жазасына кесілген. Ал бертінде, 1977 жылы дүниеден озған  Шынасыл әжеміз балаға ешқашан «тәйт» демейтін, адамды алаламайтын жан еді. Біз әжеміздің «айналайынын» естіп есейдік. Орман әкеміз бен  Әсия анамыз да осы өңірге белгілі ұстаздар болды. Шешем Әсия Бекбергенова — Шалқар ауданындағы әйелдер арасынан шыққан алғашқы  мектеп директоры,  1952 жылы қаладағы №1 қазақ мектебіне директор болып тағайындалған. Әкем Орман — Ұлы Отан соғысының ардагері, ол да осы мектепте табан аудармастан отыз жыл еңбек еткен. Ата-анамның екеуі де  «Қазақ ССР оқу ісінің үздігі» төс белгісінің иелері. Біз — кіндіктен 5 баламыз. Ағамыз Серік пен апамыз Бекзаданың тегі Дайрабаев болып жазылған, соңғы үшеуіміз — Мусиндерміз.

Негізінен тәрбие отбасынан, ошақ қасынан басталады.  Ал  мектепте берілетін  тәрбие — екінші орында. Бізді әке-шешеміз ешкімнен де кем қылмай өсірді. Тәлімді-тәрбие де бере білді.  Балаларын өз шәкірттерімен тең көрді. Біз одан жаман болған жоқпыз, — дейді Еркін Мусин.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің».  Еркін де баларына ерекше көңіл бөледі.

— Біздің Лариса, Гауһар есімді екі қызымыз, Нұркен атты ұлымыз бар. Зайыбым Зибагүл мына Аққайтым ауылының тумасы, тәрбиелі отбасынан  шыққан қыз. Үй шаруасында болғандықтан, балалардың сабағына, тәртібіне көбіне назар салатын да сол. Қыз бала анасы арқылы өмірді таниды. Сондықтан қыз бала  анасының ақыл-кеңесіне көп құлақ асқаны жөн. Ал ер бала әкесінің салмақты сөзін естіп, сабырлы ісін көріп өсуі керек деп ойлаймын. Біздің отбасының бала тәрбиесіндегі басты бағыты осындай, — дейді ол.

Өнегелі отбасындағы балалардың барлығы да мектепті «Алтын белгімен» аяқтапты. Тұңғышы Лариса 2005 жылы Ақтөбе қаласындағы М.Құсайынов атындағы дарынды балалар мектебін бітірген.  ҰБТ нәтижесінде 105 баллға қол жеткізіп, «Алтын белгіге» ие болыпты. Мемлекеттік білім гранты негізінде Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне оқуға түсіп, оны да қызыл дипломмен тәмамдаған. Қазір Лариса Елордада жауапты қызмет атқарады. Ортаншы баласы Нұркен 2006 жылы №2 мектеп-гимназиясын бітіріп, ҰБТ қорытындысында 110 балл жинаған. Ол да грант арқылы Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетіне оқуға түсіп, оқу орнын биыл тәмамдапты. Ал кенже қызы Гауһар білім ордасын биыл бітірді.  ҰБТ-дан 122 балл жинаған ол мемлекеттік грант негізінде апасы Лариса білім алған ордаға халықаралық құқық мамандығы бойынша оқуға түсті. Жоғары оқу орнына түскен талапкерлердің тізімі жарияланған  «Егемен Қазақстан» газетінен қызының аты-жөнін көргенде  Еркін ағаның қуанышында шек болмапты.

Кіші қызымыздың да іргелі оқу орнында білім алатынын көріп, қатты қуандық. Жалпы, өзім де, бауырларым да мектепті жақсы үлгеріммен бітіргенбіз. Бекзада апам орта мектепті сол кездегі «Алтын медальмен» тәмамдады. Балаларымыздың жетістіктерге жетуінің негізі —  алтын ұя мектебі мен ұстаздарының еселі еңбегі және  үнемі біліммен бәсекелесуге құштар балаларымыздың ізденісінің жемісі деп ойлаймыз. Ал ата-ананың балаларын қадағалауы — өзгермес заңдылық, бала алдындағы асыл борышы, — дейді отағасы.

Еркін Мусин қолы қалт етсе спортпен шұғылданады. Үйі мен жұмыс орнының арасы екі шақырымдай болса да жаяу жүреді. Спортты сүйетін азамат 2007 жылдан бастап екі жыл қатарынан аудандағы мемлекеттік қызметкерлер арасында  Президентіміздің салауатты өмір салтын қалыптастыру бағдарламасын жүзеге асыру бағытында өткізілетін «Президенттік қашықтық—денсаулыққа апарар жол» сайысында  жүгіруден бірінші орынға ие болыпты. Футбол, шахмат ойындарын жақсы көреді екен. Осы спорт түрлерінен бірнеше рет облыстық, аудандық сайыстарға қатысып, жеңімпаз атаныпты. Тіпті, тоқсаныншы жылдардың басында үш жыл қатарынан каратэмен шұғылданған. «Әр  адам бос уақытын спортқа арнаса, салауатты өмір салтын ұстау дегеніміз осы емес пе»,— дейді кейіпкеріміз.

Мұхтар   МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Айқара бетті әзірлеген Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button