Жастар

Кадрлар резерві қалай іріктеледі?

Семинар

Биыл елімізде 1 қыркүйектен бастап Президенттік жастар кадрлық резервіне құжаттар қабылдау басталғаны белгілі. Осыған орай «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ қызметкерлерімен «Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу» тақырыбында семинар өтті.

Шарада Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Мадина Сабирова ақпарат берді.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында Президенттік жастар кадрлық резервін құру бойынша ұсынысын жасап, 27 тамызда №141 Жарлықпен бекіткен болатын.

Бұл жоба барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашады деп көзделіп отыр.

Жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар болған жағдайда, Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған тұлғалардың кандидатуралары қаралатын болады.

Жастар кадрлық резервіне кімдер қатыса алады? Ең басты талап — үміткердің жасы 35-тен аспауы, жоғары білімі және 5 жылдық жалпы жұмыс тәжірибесі болуы шарт. Сондай-ақ «Болашақ»  бағдарламасымен оқып жатқан жастар да қатыса алады, — дейді Мадина Сабирова.  

Оның айтуынша, негізінен Президенттік жастар кадрлық резерві 3 деңгейлік топтан  тұрады. Алғашқысы — лауазымдардың салалық тобы. Оған министрлер және министрлердің орынбасарлары, облыста республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерінің орынбасарлары және орталық атқарушы орган комитеттерінің төрағалары, т.б. жатады. Екіншісі — басқарушылық лауазымдар тобы. Оған орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары, Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың аппарат басшылары кіреді. Өңірлік лауазымдар тобына қала және аудан әкімдері жатады.

Резервте тұру уақыты — 5 жыл. Резервте тұрған азаматтар міндетті түрде басқарушы лауазымға тағайындалады деген сөз емес. Алайда олар Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясынан қысқа мерзімді оқыту курстарынан өтеді.

Құжаттарды pkrezerv.kz онлайн платформасы арқылы жолдауға мүмкіндік бар. Іріктеуге қатысу үшін аталған сайтқа тіркеліп, жеке кабинетті толығымен толтырып, жеке куәліктің көшірмесі, жоғары білім туралы дипломдардың көшірмесі, еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі және ұсыным хаттар жүктеледі.

Бүгінгі таңда 800-ден астам адам тіркеуден өткен. Құжаттарды қабылдау қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button